Араб тіліндегі әлем сөзі – Алладан басқа барлық болмыстың ортақ атауы. Әлемдегі жаратылыс атаулы ағян (субстанция) және ағраз (акциденция) болып екі түрге бөлінеді. Ағян деп – бар болуы басқа нәрселерге тәуелсіз заттарды, ал ағраз деп – басқа бір затқа сүйену арқылы ғана өзінің бар екендігін көрсететін, сол орынға тәуелділіксіз елестету мүмкін емес нәрселерді айтамыз.
Ғайн (ағян) – муфрад (жеке) және мураккаб болып екіге бөлінеді. «Муфрадты» жауһар (атом) деп те атайды. Ол – бөлінбейтін ең кішкентай бөлшек. Ал «мураккаб» – жисім деп те аталады. Ең кішкентай дене екі жауһардан тұрады. Кейбір ислам философтары мен мұғтазилиттер осы ең кішкентай бөлшектің бар екендігін жоққа шығарады. Бұл – қате тұжырым. Өйткені, бұл өз кезегінде тарының дәнін құрайтын бөлшектер мен тауды құрайтын бөлшектердің бірдей болуын қажет етеді. Ал олардың тұжырымы бойынша, кішірейе бөлшектенудің шегі жоқ (шегі болмау – жоқтықты білдіреді). Алла барлық нәрсеге құдыретті, бөлшектерді біріктіріп, затты құраушы да – жалғыз Ол ғана. Демек, ең кішкентай бөлшекті де ары қарай бөлшектеуге Алланың құдіреті жететіндігі сөзсіз. «Оны шексіз бөлуге құдіреті жетпейді» деу Алланы қауқарсыз, шарасыз деп санағандық болады. Ал ең кішкентай бөлшекті ары қарай бөлуге Алла құдіретті деп білсеңіз, ең кішкентай бөлшектің бар екендігі айқындалады.
Кейбір риязиятшылардың ойынша жисім (физикалық дене) – ұзындығы, ені, көлемі бар үш қабаттан (үш жәуһар) тұратын нәрсе. Біздің көзқарасымыз бойынша екі жауһардың бірігуінен тұратын нәрсені жисім деп атауға болады. Өйткені ұқсас көлемдегі екі жисімнің біреуіне бір жауһар қосылса, екіншісінен көлемдірек болады.
Демек, белгілі бір көлемге ие болып, дене (жисім) деп аталуы үшін, бір жауһарға екінші бір жауһардың қосылуы қажет. Олай болса, жисім – екі немесе одан да көп жауһардан (атомнан) құралған немесе бірігуінен пайда болған зат.
Ағраз (акциденция) – тілдік тұрғыда «тұрақсыз» деген мағынаны білдіреді. Анықтамасы: Бар болуы басқа нәрсеге тәуелді, тұрақсыз нәрсе. Мұның отыз неше түрі бар. Заттың реңі, түсі, қозғалыс, тыныштық күйі, иіс, дәм, дауыс, күш-құдірет пен қалау еркі т.б. осы ағраз категориясына жатады.
Дәһрия, сәнауия және кейбір мұғтазилиттер ағраздардың заттан бөлек түсінік екендігін жоққа шығарады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Мысалы ағармаған қара шаш бір күні ағарғанда «бұл – бұрынғысындай қара шаш» деп айтуға келмейді. Ақ пен қара екі басқа нәрсе екендігі анық. Егер осы түс заттың өзіне байланысты болса, зат жоғалмайынша, қара түс те жоғалмауы керек еді. Осыған қарап, өзгеріске ұшыраудың заттың тысында жүзеге асатын құбылыс екендігін білуге болады.
Қадим деп – бар болуының бастауы жоқ, хадис деп – бұрын болмаған, кейіннен пайда болған нәрсені айтамыз. Демек ағяндардың ағраздардан бөлек болуы мүмкін емес. Ал ағраздар хадис болып есептеледі. Өйткені, жауһарлар бірлескен немесе бірбірінен бөлек күйде де кездеседі (бірігу де, бөліну де бір ағраз болып есептеледі).
Сондай-ақ, бар болған зат не қозғалыста, не тыныш (қозғалыссыздық) күйде болады. Қозғалыссыздық – екі түрлі күйдің бір орында тұруы. Ал қозғалыс – екі түрлі орында екі түрлі күйдің орын алуы. Ал қозғалыссыздықтың хадис (кейіннен жаратылған) екендігіне келсек, хадис екендігі сезім мүшелері және көру арқылы анықталады.