26
Жұма,
Сәуір

һижри

Тура жол және адастыру

Тура жол және адастыру

Ақида
Жарнама

Әһлі сүннет (Алла жар болсын): «Алла Тағаланың пендені тура жолға салуы  дегеніміз – пенденің бойында тура жолға түсуге деген ниетті жаратуы дегенді білдіреді.  Адастыру (идлал) – пендеде адасуды жарату деген мағынада», десе, мұғтазилиттер: «Тура жолға салу – Алланың тура жолды көрсетуі. Ал, адастыруы – адасқан деп атауы  немесе пенденің өзінде адасу пайда болғанда оны адасқан деп есептеуі» деген.

Бұл мәселеде де тура көзқарас – әһлі сүннеттің көзқарасы. Себебі, Алла Тағала  Пайғамбарымызға қарата былай деген:  «Шын мәнінде сен жақсы көрген адамдарыңның бәрін тура жолға сала  алмайсың». Егер тура жолға салу – тек тура жолды көрсету десек, Пайғамбарымызға бұлай айтылмас еді. Өйткені, ол жақсы көргеніне де, жақсы көрмегеніне де тура жолды  көрсетіп, тура жолдың мәнін түсіндірген-ді. Тағы бір аятта: «(Алла) қалағанын адастырады, қалағанын тура жолға салады» делінген. Егер тура жолға салуды тек тура жол көрсету деп түсінсек, аятта «қалағанын тура жолға салады» делінбес еді. Өйткені, Алланың тура жолды көрсетуі – барлық пендеге ортақ. Ал, адастыру (мұғтазилиттер айтқандай) пендені «адасқан» деп үкім беру саналса, Алланың қалауымен емес, пенденің қалауымен жүзеге асар еді. Өйткені, олардың көзқарасы бойынша, адасу пенденің мақсаты мен қалауына байланысты.

Мына мәселені де түсіндіре кетейік. Кейде тура жолға бастау пайғамбарымызға қатысты да қолданылады. Бұл оның тура жолға бағыттауға себепші болуына және тура жолға шақыруына байланысты айтылады. Өйткені, бір аятта Алла Тағала: «Шын мәнінде сен тура жолға бастаушысың» деген. Бұл жердегі «тура жолға салушы(бастаушы)» деген сөз түсіндіру, жеткізу және шақыру деген мағынаны білдіреді. «Шын мәнінде Құран тура жолға салады (бастайды)»212 деген аятта айтылғандай, «тура жолға салушы» деген атау кейде тура жолды табуға себепші болғандықтан Құран Кәрімге де қатысты қолданылады. «Адастырушы» деп – пенде адасуды таңдағанда Алла Тағаланың оны адастыруына байланысты Алла Тағалаға қатысты қолданылғаны секілді, адастыруға себепші болғаны үшін әрі соған шақырғаны үшін шайтанға да қаратыла айтылады. Мәселен бір аятта (шайтанның былай дегені баяндалады): «Оларды міндетті түрде адастыратын боламын. Оларды түрлі тұзақтарға түсіремін» делінген. Адасуға себеп болғаны үшін пұттарда «адастырушы» деп аталған. Бір аятта Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың былай дегенін айтқан: «Раббым! Олар (пұттар) көптеген адамдарды адастыруда». Қандай да бір әрекеттің тура сол мағынада әрі Аллаға, әрі жаратылысқа қатысты қолданылмайтындығы ақиқат.

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: