21
Вт,
мая

һижри

Діни білім беруді дамытуды діттейді (ФОТО)

Мешіт тынысы

Елорда имамдарының жылдық есеп беру жиынында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы талқыланды. ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев діни білім беру саласын бірізділікке бағыттайтын тұжырымдаманың мақсат-міндеттері жайында баяндап берді.

«Тұжырымдама – еліміздегі діни білім беру саласындағы бағытымызды айқындайтын басты стратегиялық құжатымыз десек болады. Бұл құжат жастардың және жалпы халыққа діни білімді бүгінгі заман талабына сәйкес сапалы беруге, сондай-ақ зайырлылықпен бірге ұлттық құндылықтарымызды қатар алып жүруге арналған бағдарлама болып табылады. Діни экстремизм мен радикалды ағымдарға тойтарыс беруде аталмыш құжаттың маңызы зор. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы атап өткендей, Тұжырымдама көп деңгейлі, алуан пішінді үздіксіз діни білім берудің үлгісін, тұтас ислами оқу кешенін қалыптастыруды көздейді. Барша ел имамдарын, дін қызметкерлерін осы құжатты басшылыққа ала отырып, бірізді жұмыс жүргізуге шақырамын» деді Бақтыбай Бейсенбаев.

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы ел тарихында тұңғыш рет қабылданған Тұжырымдама дін дамуының жаңа белесіндегі игі бастама болғанын айтты. «Биылғы жылы Діни басқарма ауқымды шараларды, форумдарды, конференцияларды ұйымдастырғаны көпшілікке мәлім. Тұңғыш рет республикалық имамдар форумы, Орта Азия ғұламаларының басқосуы, жуырда ғана «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық конференция аясында қабылданған осы Тұжырымдама бүгінгі заманның бәсекеге қабілетті маманды қажет ететінін көрсетіп отыр. Осы орайда, рухы биік, ой-өресі кең, жан-жақты, білімді жастарды тәрбиелеу ісінің бір ұшы да дін қызметкерлері мен имамдарға тиесілі. Еліміздегі медреселер колледж деңгейімен теңестіріліп, онда діни пәндермен қатар, зайырлы білім бағдарламасы бекітілді. Ендігі уақытта медресе-колледжді тәмамдаған түлектер мемлекеттік мекемелерде де толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Бұл – Діни басқарма қамтыған еселі еңбектің бір парасы ғана. Діни білім беру саласын өркендетуде әрбіріміздің үлестеріміз бен міндеттеріміз бар» деген баяндамашы имамдарға жауапты қызметке байыпты қадам жасауға үндеді.


ummet.kz-ақпарат 

Поделиться: