11
Ср,
дек

һижри

Ризық-несібенің берекесі – намаз

Ризық-несібенің берекесі – намаз

Намаз

Бірінші мысал: «...Бірнеше күнге жалғасқан сырқаты меңдей түсті. Жағдайы ауырлап, қатты қиналып, өліммен арпалысып жатты.

Ақтық демінің шығуына санаулы минуттар қалғанда: «Намазды, намазды (орындаңдар) және құлдарыңа (қамқорлық жасаңдар)» – деп, бірнеше рет қайталады...» (Бұхари).

Екінші мысал: «...Ұлы таң намазы уақытында асқан қатыгездікпен қастандық жасалып, ішінен пышақпен ұрылған әкесінің жанында... Ішінен аққан қанды тоқтату үшін өз орамалын байлады. Адамдар оны төсекке апарып жатқызды. Бәрі де шуласып сөйлесті, сұрақтарын қойды. Жауап жоқ. Ес-түссіз жатыр. Әйтеуір күн батқанда көзін ашты. Оң жағына бұрылып еді көзінен жас аққан еркектерді көрді, сол жақтан әйелдердің жылаған даусы шықты. Айналасы қанға боялып жатыр, денесі қатты ауырсынады, кеудесінен жаны шығуға жақын. Оның сонда айтқан алғашқы сөзі:

«Адамдар намаздарын оқыды ма?» болды. «Иә» деген жауапты ести сала: «Аллаға мақтау болсын!» деді. Содан кейін ұлынан су сұрады. Ол ішуге ме деп ойлап еді, әкесі дәрет алғысы келетінін білдірді: «Мен әлі таң намазын оқымадым ғой» деді де, дәрет алуға ыңғайланды...

Әңгімемізге арқау болып отырған қос тұлға кім?

Алғашқысы – Раббысының алдында аяқтары іскенше намаз оқып, сол намазын жанының рахаты, көзінің қарашығы сезіне білген адамзаттың ұлы ұстазы Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) .

Екіншісі – ең жақсы ұстаздың ең жақсы шәкірті әрі мұрагері, сөзі Құранмен қуатталған сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын).

Екеуі де ақтық демдері шығар сәтте мұсылмандардың намазы үшін қам жеп өтті. Өйткені, олар намазы дұрыс болғанның екі дүниелік ісі қайырлы болатындығын жақсы білді. Қадірлі Омар көзі тірісінде:

«Намаздан мықтап ұстаңдар, өйткені, егер сендер, оны жіберіп алсаңдар, қалған барлық нәрседен айырыласыңдар» деген сөзді жиі айтатын.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Сөзсіз, оларға дінді тек Аллаға арнап, Оған ықыласпен құлшылық ету… бұйрылды», («Бәйина» сүресі, 5-аят ) – делінген. Кешегі ата-бабаларымыз Аллаға құлшылық жасауға, намаз оқуға ерекше көп көңіл бөлген. Өйткені, оның маңызын, жалпы өмірдің мәнін дұрыс түсінген. Мысалы, Шал ақын Құлекеұлы былай деп жырлайды:


Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.
Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң….

(«Он ғасыр жырлайды», Алматы -2006 -167бет)

Мұхаммед Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Намаз – діннің тірегі», «Намаз – мүміндердің миғражы», «Намаз – жұмақтың кілті» деген хадистерін бекер айта салмаған. Басқа да Хадистерде намаздың ең мәртебелі іс екені, жер мен көктің нұры, дененің қуат көзі, ризық-несібенің берекесі, дұғалардың қабыл болуына ең үлкен себеп екені де айтылған. Қарап отырсаңыз, бұл айтылғандар не деген ұлы сүйінші хабарлар. Бұл дүниеде ең мәртебелі іс «бай болу», «патша болу» деп тұрған жоқ. Осы намазды айтып тұр. Ендеше, абыройлы адам – сол намазды оқушы деген қорытынды шығады.

Жер мен көктің нұрына малынғыңыз келе ме? Онда намаз оқуыңыз керек. Кейде біз қарадан-қарап жүріп адасамыз. Неге? Себебі көңіл көзі қараңғы. Міне, намаз сол қараңғылықты жарыққа айналдырады. Үйінен берекесі қашып, қанша ақша тапса да, қайда кетіп жатқанын түсіне алмайтынын айтып шағым жасаушылар көп. Оған да себеп өзіміз. Рызық-несібенің берекесіне, яғни намазға тиісті көңіл бөлмейді екенбіз.

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Поделиться: