21
Вт,
мая

һижри

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «Тірегіміз – Тәуелсіздік, білегіміз – бірлік болуы керек»(ФОТО)

Мешіт тынысы

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Тәуелсіздік мерекесіне орай «Астана» медресесі шәкірттерімен жүздесті.

Мереке қарсаңындағы кездесуде наиб мүфти жастарға бұл күннің қадір-қасиеті жайында баяндап берді. «Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Осы жолда олар жанын құрбан етті. Ат ауыздығымен су ішіп, ер тоқымын жастанып, толарсақтан саз кешкен күндер де өтті. Бұл – әлмисақтан мұсылман қазақ халқы үшін аса қадірлі күн. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге біз ана тілімізбен, ата дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Баршаңызға мәлім, Сәдуақас Ғылмани секілді дін қайраткерлері, ұлтым деген ұлдар, елім деген ерлер қуғынға ұшырады. Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді сіз бенен біз көзіміздің қарашығымыздай сақтауымыз керек. Бұл жолдағы жастардың, сіздердің міндеттеріңіз, білім алып, мамандық меңгеру, кәсіптің кілтін ұстап, ел үшін еңбек ету. Білім жолы – баянды болашаққа бастар алғашқы қадам» деген Наурызбай қажы дін білімінің дамуындағы жетістіктерді атап өтті.

«Бүгінгі бейбіт те тыныш заманымызда білім аламын деген талапты жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Жыл санап өңірлерде мешіттер мен медреселердің көптеп ашылуы мемлекетіміздің қамқорлығымен жүзеге асуда. Діни басқарма медреседегі білім сапасын көтеріп, оның дипломы колледж дәрежесіне теңестірілді. Ендігі діни медресе тәмамдаған түлек тек дін саласында ғана емес, өзге де салаларға қызмет етуіне жол ашылды. Сіздер енді тек білім жолында салмақты қадам жасап, ел үмітін ақтай біліңіздер» деді Н.Тағанұлы.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөзінің соңын Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның кестелі ой орамымен түйіндеді. «Әлихан атамыз «Ұлтыңа, жұртыңа қызмет қылу – білімнен емес, мінезден. Себебі, ібіліс жәннаттан білімсіздігінен шыққан жоқ, имансыздығынан шықты» дейді. Түркі ұлысына ортақ тұлға әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Айтпағымыз, тәрбие мен мінез ұғымдары адамның имани һәм парасат деңгейін көрсететіні. Яғни, білім-ғылым игеру дегеніміз – екі дүниенің сырына ой жүгірту, танымы терең, ақыл-парасаты биік тұлға болып қалыптасу. Сіздерді осы айтылған білім биігінен көргіміз келеді. Жаратқан Алла баршаңызға пайдалы ілім нәсіп еткей.

Елбасымыз өз сөзінде айтып өткеніндей, еліміз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, алға қадам басып келеді. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым мәңгілік ел болу жолында біздің мүмкіндіктеріміз мол. Бұл жолда біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік болуы керек. Азаматтығымыздың айбыны, азат күніміздің айдыны, ерікті еліміздің еңсесін көтеріп, мерейін асқақтатқан қасиетті де қадірлі, ұлық мереке – Тәуелсіздік күні баршамызға құтты болсын!» деп Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі тілегін білдірді.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Поделиться: