Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қияметтің ауыр күнінде күллі адамзатқа (Адам атадан бастап, пайғамбарлардың бәрін қосқанда) басшылық етуі оның Алла Тағаланың назарында қаншалықты мәртебелі, сүйікті екендігін көрсетеді.
Абдулла ибн Аббастан жеткен бір риуаятта мынадай оқиға баяндалады: Бір күні сахабалар Алла елшісін күтіп отырады. Осы кезде Пайғамбарымыз үйінен шығып, қастарына жақындаған кезде олардың өзара әңгімелерін естіп қалады. Олар былай деп жатыр екен: «Таң қаларлық жағдай! Алла Тағала жаратқандарының арасынан өзіне дос таңдаған. Оның досы – Ибраһим (а.с.)». Тағы бірі «Бұл «Алла Мұсамен арнайы тілдесті» деген мәселеден таңқаларлық емес», – деді. Тағы біреуі: «Иса Мәсіх тек Алланың елшісі әрі Мәриямға тастаған сөзі ғана, сондай-ақ ол Алладан келген рух», – деді. Араларындағы біреуі сөзді әрі қарай іліп әкетіп: «Алла Тағала Адам (атаны) таңдаулы етті (Сафиулла)», – деді. Осының бәрін құлағы шалған Алла елшісі сахабаларының қасына жақындап барып сәлем беріп, олардың айтып, таңғалысып отырғандарының бәрінің дәл солай екенін айта келіп, былай деді: «Мынаны жақсылап түсінп алыңдар: Мен Алла Тағаланың Хабибімін (Ең сүйікті құлы). Мұны мақтангершілік үшін айтып тұрғаным жоқ. Қиямет күнінде астында Адам (а.с.) мен одан кейінгілер де жиналатын «Лиуау әл-хамд» (мадақ байрағын) мен көтеріп жүретін боламын. Мұны да мақтан үшін айтып тұрғаным жоқ. Жәннаттың есігінің тұтқасын алғаш ашатын да мен боламын. Мұны да мақтангершілік үшін айтып тұрғаным жоқ. Менің қасымда мұсылмандардың кедейлері де болады. Мұны да мақтангершілік үшін айтып тұрғаным жоқ. Алла Тағаланың алдында алдыңғылардың және кейінгілердің барлығының ең ардақтысы мен боламын. Мұны да мақтангершілік үшін айтып тұрғаным жоқ...» – деп тағы да Алла Тағаланың қияметте беретін бірқатар артықшылықтарын тізіп шығады. Байқасаңыздар, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір артықшылықты баяндау барысында «Мұны мақтангершілік үшін айтып тұрғаным жоқ» деу арқылы кішіпейілділігін көрсеткен-ді.
Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі: «Қияметте мен адамдардың мырзасы боламын. Оның себебі Алла Тағала ол жерде ең алғашқы келгендер мен соңғы келгендердің бәрін тегіс жинайды», – деген.
Қады Ияд осы мәселеге қатысты былай дейді: «Пайғамбарымыздың: «Мен қияметте – адамдардың мырзасымын» деген сөзіне келсек, ол осы дүниеде де адамзаттың мырзасы. Алайда қиямет күнінде ұлықтық пен мырзалықта ол өзге пайғамбарлардан мүлдем айрықша ерекшелікке ие болады. Өйткені адамдар ол жерде пайғамбарларды да қосқанда ешкімге барып бас сауғалай алмайды. Одан басқа дерттеріне дауа боларлық ешкімді таппайды. Өйткені мырза деп адамдар шығар жол қалмаған зәру жағдайда соған жүгінетін адамға айтылады. Міне, сол қиын күнде адамдардың арасында мырзалық пен шапағат мәселесінде ол жалғыз тұлға болады.
Олай болса, Оның «Мен – қияметте адамдардың мырзасымын» деген хадисі мына «Бүгін шексіз билік кімнің қолында?!» – (делінгенде, жаратылыс атаулының бәрі бірауыздан): «Күллі болмысты бір Өзі билеп, бір Өзі меңгеріп тұрған шексіз билік иесі – Жалғыз Аллаға тән!» – (деп, жауап береді)» деген аяттың мағынасына ұқсайды.
Мүлік бұ дүниеде де, ақыретте де Алла Тағалаға тән. Алайда ақыретте осы дүниеде үстемдік еткендердің сөзі өтпейді. Өйткені шынайы мүлік пен биліктің егесі Алла Тағала екендігіне көз жеткізеді. Сол секілді осы дүниеде көптеген адамдар өздерін мырза санайды. Алайда ақыретте шапағат Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) берілгенін көрген кезде бәрі соған бас сауғалап барып, шапағат етуін сұрайды. Міне, ол жерде шапағат ететін жалғыз сол болады. Өз кезегінде бұл «ол – осы дүниеде адамдардың мырзасы емес» деген сөз емес қой. Ол – осы дүниеде де, ақыретте де адамзаттың мырзасы. Алайда ақыретте ешкім ондай мәртебеге таласпай, ол Пайғамбарымызға берілетіндіктен осылай деген».
материал «Сахабалардың Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі» кітабынан алынды,
ummet.kz