21
Вт,
апр

һижри

Білгенді жеткізу – әркімге міндет

Білгенді жеткізу – әркімге міндет

Ислам тарихы

Алла Тағала: «Негізінен біз ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды Кітапта адамдарға баян еткеннен кейін жасырғандарға Алла және барлық ләғнет етушілер ләғнет етеді. Алайда, тәубеге келіп, түзеліп ақиқаттарды жасырмай ашып айтқандардың жөні бөлек...» («Бақара» сүресі, 159-160 аят) деген.

Аяттан адам баласының өркениетті өмірінің мәні ғылым-білімді игеруде жатқанын көруге болады. Ислам діні о баста: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» («Ғәләқ» сүресі, 1-5 аят) деп білім алуға шақырды. Сол сәтте Мұхаммед (с.а.с.) өзінің оқу, жазу білмейтінін алға тартқанымен, «Оқы» әмірі қайталану себепті білмеймін деп тартына бермей, «Не оқимын» деп ұмтылыс танытты. Сөйтіп, тұтас өмірін білмегенін үйреніп, білгенін басқаларға жеткізумен өткізді. Пайғамбарлардың соңғысы әрі сұлтаны болған Мұхаммедтің (с.а.с.) ұлы мұғжизасы білім немесе білім бұлағы саналатын Құран болды. Бір хадисте: «Әрбір мұсылман ер, мұсылман әйелдің білім алуы парыз» – деп, әрбір мұсылман ер-әйелге білім іздеудің парыздығын тағы қайталады. Аталмыш хадисті имам Әбу Ханифа: «....кез-келген мұсылманның жағдай мен уақыт талабына сай өміріне аса қажетті болған иман шарттарын, құлшылық пен қарым-қатынас үкімдерін, тұрмыс қағидалары сынды қарапайым ережелерді біліп жүруі керек. Мұсылман болу үшін дін негіздерінен иманға жеткізетіндей білім алу керек. Ал Алла Тағала парыз еткен амалдарды тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою қажет. Ислам дінінің мақсаты адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу» [73, 8 б.] – деп түсіндіреді.

Ислам ғұламалары ғылым-білімсіз адамзат өмірі тұл деп, адамзатты өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіретін білім екеніне бір ауыздан келіскен. Сондықтан, Ислам ғұламалары бүкіл қажыр-қайратын Құран немесе дін білімдерін үйрету жолында тауысқан кісінің, өзгелерге жасаған қызметі үшін ақы алу мәселесі жайлы өз көзқарастарын білдірген. Мәселен, Ханафи мәзһабының алғашқы ғасырларда өмір сүрген ғалымдары: «Адамдарға Құран кәрімді, фиқһты, парыздарды үйрететін және имамдық қылатын, азан шақыратын білімді адамдарды ақы төлеп ұстау дұрыс емес» деген [30, 9/338-340 бб.]. Олардың дәлелі жоғарыдағы: «Негізінен біз ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды Кітапта адамдарға баян еткеннен кейін жасырғандарға Алла және барлық ләғнет етушілер ләғнет етеді» («Бақара» сүресі, 159-160 аят) деген аятта Құран немесе діни білімдерді үйрету әмір етіліп, жасыруға тыйым салынған. Сондықтан, бұл адам баласының намаз сияқты орындауға міндетті ісі деп қарайды.

Имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал және Ханафи мәзһабының ғалымдары болса, қасиетті Құран және діни білім үйрету жолында ақы алуды дұрыс деп есептейді. Себебі, оларға қасиетті Құран немесе діни білімді үйреткені үшін ақы төленбесе, білім адамдары күн көріс үшін дүние тіршілігімен болып кетеді. Аталмыш аятта білімді жаюға, ақиқатты жеткізу керектігі әмір етіліп тұр. Міне, бұл іс білім адамдардың тиісті нәфәқасын ала отырып, Иләһи білімнің адамзатқа жетуіне себепкер болуын білдіреді деп түсіндірелі. Олар, өздеріне дәлел ретінде Әбу Сағид әл-Хұдри (р.а.) жеткізген хадисті келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен болған бір сапарында, сахабаларының бір тобы жол-жөнекей бір Араб қабиласынан сол елді мекенде қонақ болуын өтінеді. Бірақ олар қабыл етпейді. Осы кезде Араб тайпасының басшысын шаян шағып алады. Олар ешқандай бір ем таба алмаған соң, олардың кейбірі, осы өңірде қонақтап жатқан жолаушылардан бір сұрап көріңдер. Мүмкін солардың арасында ауырудың емін білетін біреуі шығар дейді. Сонымен олардың бір тобы сахабаларға келіп: «Уа, жамағат! Басшымызды шаян шағып алды. Ешбір емін таба алмадық, біреулеріңіз емдей аласыздар ма?», – дейді. Әбу Сағид әлХұдри: «Иә, (мен бармын), Алла атымен айтайын, мен дұға етемін. Бірақ, сіздерден қонақ болуды өтінген едік қабыл етпедіңіздер. Енді ақысын төлемесеңіздер мен де емдей алмаймын», – дейді. Әлгі тайпа халқы сахабаларға бір топ қой беруге келіседі. Содан кейін сахаба (Әбу Сағид әл-Хұдри) басшыға барып, «Әлхамдү лилләһи раббил ғәләминді (фатиха сүресін) соңына дейін оқып, ауыруға дем (сүпілеп үрлеп) салады. Қатты ауырудан сейілген патшаның бойында ешбір дерт қалмайды. Әбу Сағид әлХұдри сөзін жалғап: «Сол тайпа халқы (сүремен дем салғанның) ақысына берілетін қойларды жеткізіп бергенде, сахабалардың бір тобы: «Бұл қойларды бөлісейік», - деді. Ал, дем салған сахаба (Әбу Сағид әл-Хұдри): «Жоқ, бұл болған жағдайды Алла елшісіне айтайық, Оның рұқсатынсыз бөле алмаймыз», - дейді. Сонымен Алла елшісіне бұл болған іс айтылғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) асхабына:«Фатиханың соншалықты қасиеттілігін саған кім үйретті» деп сұрап, сосын «дұрыс істедіңіздер» деп бөлісуге рұқсат етеді және маған да бір бөлігін беріңдер» деп жымияды» [12, 1374 б.].

Тағы бір риуаятта, сахабалардың кейбіреулері «Алла Тағаланың аятына ақы алдың ба?», – деп наразылық білдіреді. Сахабалар Мәдинаға келген кезде, бұл істерінің жөнін сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Расында ақы алуларыңа ең лайықты болғаны Алла тағаланың кітабы» деген [22, 21/392 б.]. Имам Нәуауй, сахих Мүслимге жазған шархында: «Құран және зікірлер оқып, дем салған адамның ақы алуы дұрыс» деген бір бөлім жазып, «Фатиха және зікір оқу арқылы ақы алудың дұрыстығына ашық дәлел бар. Ол халал, мәкруһ емес. Құран үйреткен үшін же ақы алу мәселесі де тура осындай (халал)», – деген [12, 1375 б.]. Ханафи мәзһабының қасиетті Құран немесе діни білім үйрету жолында ақы алуды құп көрмейтін бір бөлім ғалымдары, Әбу Сағид әл-Хұдриден жеткен хадиске мынандай жолдармен жауап берген.

1. Әбу Сағид әл-Хұдри Құран оқыған қауым мұсылман болмағандықтан ақы алған.

2. Құранмен ем-дом жасау бір міндетті ғибадат болмағандықтан ақы алу дұрыс.

Имам Құртуби: «Құранмен дем салғаны үшін ақы алу, Құранды ақшаға саудалағанға жатпайды», – деген [74, 3/341 б.]. Себебі, дем салудың ғибадаттық жағынан емдік жағы басым. Ал, Әбу Сағидтің әл-Хұдридің ақы алуы Құран оқығаны үшін емес, емдегені үшін болған. Сондықтан, ем-дом қолдану мәселесін міндетті болған Құран немесе діни білім үйрету мәселесіне қияс қылу дұрыс емес деп тұжырымдайды. Ал, Ханафи мәзһабының Мәрғинани, Ғәйни, Сарахси және Ибн Камал сияқты ғалымдары истихсан (бір істі ұнамды білу) негізінде Құран немесе діни білімге ақы алудың дұрыстығын айтқан. Әрі мұғалімдерге берілетін ақының үзілмеуі, адам баласының дүние және ақырет біліміне қатысты мәліметтерден бейхабар қалмауының бірден-бір жолы деп біледі. Ал мұқтаждығы болмаған, басқалай кіріс көзі болған адамның жасаған дін қызметі үшін ақы талап етуі, истихсан негізіне сәйкес болмағандықтан дұрыс емес деген [30, 9/342 б.]. Яғни, таңнан кешке дейінгі уақытын, өмірін Құран ілімін үйренуге арнап, соны өзгелерге жеткізумен жүрген адамдарға толық жалақы төленбесе, олар басқа тіршілік қамымен болып кетеді. Нәтижеде, ғылым адамдарының азаюы қара халықтың Құран немесе діни білімнен сауатсыз қалуына әкеліп соғары анық. Иләһи ілімнің қайнаркөзі болған Құран оқылуы, үйретілуі және Оның талабына сай адам баласының өмір сүруі үшін түсірілді. Әуелі, қасиетті Құранды Пайғамбарымызға (с.а.с.) Жибрайл (а.с.) үйретті.

Тәлімгер Алла елшісі (с.а.с.) Оны үмметіне айна-қатесіз үйретіп әрі бір-біріне ұстаздық етуді міндеттеді. Сонымен қатар, көпшілік адамдар Құранды мұғалімдер арқылы ғана үйрене алады. Міне, осы тұрғыдан ертеңіне үмітпен қарайтын ел, бар күш-қайратын имани құндылықтарын бойына сіңірген, ғылым мен технологияны тең меңгерген қазақ халқының тәрбиелі жас буынын қалыптастыруға арнауы тиіс. Жас жеткіншектерге рухани тәлім-тәрбиені отбасынан бастап, мектеп сабақтарымен сабақтастыра берілуі және БАҚ-да өз жауапкершілігін сезінуі керек. Сонда ғана кешегі материалистік түсініктің кері әсерінен құтылып, руханият бұлағынан сусындаған әлемнің ең мықты стратегтерін, арыдан ойлайтын ойшыл ғалымдарын бүгінгі ұрпағымыздан көптеп шығара алмақпыз.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Поделиться: