Әбу Мұса (Алла оған разы болсын):
«Пайғамбар (с.а.с.) Хунәйн шайқасынан оралған соң Әбу Амирды (Алла оған разы болсын) әскермен Аутасқа жіберді. Ол онда Дурәйд ибн асСамманы жолықтырып, оны өлтірді. Сөйтіп Алла Тағала оның жауларын жеңіліске ұшыратты. Мен де Әбу Амирмен бірге жіберілген едім. Әбу Амир тізесінен жарақаттанды. Дұшпандарының бірі оның тізесінен садақпен атқан еді. Мен оның қасына бардым да: «Сені атқан кім, аға?» – деп сұрадым.
Ол: «Мені атқан анау», – деп, атқан адамды көрсетті. Мен оның ізіне түстім. Ол мені көргеннен-ақ артына жалт бұрылып, қашты.
Мен: «Қашудан ұялмайсың ба?» – дедім. Екеуміз қылыштасып, мен оны өлтірдім.
Сосын Әбу Амирге келіп: «Алла жауыңды өлтірді», – дедім.
Ол маған: «Мына жебені суырып алшы», – деді. Мен оны суырып алдым. Жарақатынан қан мен сары су ақты.
Сосын ол маған: «Уа, бауырым! Алла елшісіне (с.а.с.) барып, менен сәлем жолда.
Әбу Амир: «Маған жарылқау тілесін» деп жатыр» де», – деді. Содан соң Әбу Амир өзінің орнына әскердің басшылығына мені тағайындады да, біраз уақыт өтпей қайтыс болды. Елге қайтып оралған соң, Пайғамбарға (с.а.с.) кірдім. Ол (с.а.с.) кереуетінде жамылғысын жамылып жатыр екен. Арқасы мен бүйірінде кереуеттің іздері қалып қойыпты. Мен әскер мен Әбу Амирдың хабарын жеткіздім. «Сізге «маған жарылқау тілесін деп айт» деді», – деп оның соңғы аманатын жеткіздім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) су алдырды да, дәрет алды.
Сосын екі қолын көтеріп: «Уа, Алла! Ғұбайд Әбу Амирді жарылқай көр», – деді. Мен оның (с.а.с.) қолтығының ағын көрдім. Сосын ол (с.а.с.): «Уа, Алла! Оны Қиямет күні жаратылысыңның (не адамдардың) көбінен биік қыл!» – деді.
Сонда мен: «Уа, Алла елшісі! Маған да жарылқау тілеші», – дедім. Сөйтіп ол (с.а.с.): «Уа, Алла! Абдуллаһ ибн Қайыстың күнәсін кешіріп, Қиямет күні жақсы орынға кіргіз», – деп дұға қылды», – деген (Әл-Бұхари, Муслим).
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz