16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Балаңды беске дейін тыйма

Мінбер

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде:

مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدَهُ أَفْضَلَ مِنْ أَدَبٍ حَسَنٍ

«Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас», – деп өсиет айтқан екен. Демек, әрбір ата-ананың баласына берер ең асыл сыйлығы – тек қана тәлімді тәрбие болмақ. Бірақ, тәрбиенің де өз уақыты, өз ғибраты, өзіндік әдіс-тәсілдері болады. Бүгін біз бен сіз болып, осы тақырып төңірегінде ой толғатамыз.

Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға екі жасар баласы бар әйел келіп: «Тәрбиені қанша жасынан бастайын?» – деп сұрақ қояды. Сонда Алла Елшісі: «Екі жылға кеш қалдың», – деген екен. Мінекей, «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының түп-төркіні қайда жатқанын көрдіңіз бе?! Демек, ұрпағым ұлағатты болсын десек, бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, сәбиіңіз дүниеге келе салысымен дұрыс тәрбие беруге тырысуымыз қажет.

Халқымызда «Балаңды беске дейін ештеңеден тыйма, он үшке дейін құлыңдай қина, он үштен соң сырласыңдай сыйла» деген өте бір тағылымды нақыл бар. Бала тәрбиесінің басты бағдары осы болуы керек. Неге?! Өйткені, аяғын апыл-тапыл басқан сәбиіңізге ес кіріп, жан-жағын тани бастаған шақта сіңірілген тәрбие тасқа басқан жазумен тең. Дәл осы шақта балаңыздың қоршаған ортаға қызығушылығы дамып, әр нәрсені сұрай бастайды. Сіздің берген жауаптарыңыз арқылы ол әлемді таниды. Сондықтан барынша абай болған жөн. Бұл турасында хәкім Абайдың 10-шы қара сөзінде былай деп келтіреді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса дауысына ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге өйтеді», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегені». Бала болмысы жетіліп келе жатқан осы бір шақта ата-анасының барынша байсалдылықпен, сәбидің әр сұрағына сабырмен жауап бергені дұрыс.

Сонымен, балаңыз алтыдан асып, ақыл-есі орныққанша ештеңеден тыймаған жөн дедік. Алайда, бұл айтылғандардың барлығы бала қиялына сұранысына байланысты болса керек. Шектен тыс еркелік пен бетінен қақпай өсіру – балаңызға ғана емес, өзіңізге жасаған қастандығыңыз. Жөнсіз еркелік бала болмысын бұзатынын ұмытпаңыз!

Адам баласы, оның ішінде ер-азаматтар ақыретте өзі және отбасы үшін жауап беретінін естен шығармаған жөн. Бұл жайында ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Ер адам – отбасына жауапты», – деп көрсетіп кеткен. Ал, қасиетті Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінде бұл ер-азаматтардың мойнындағы бұл жауапкершілікті былай деп нақтылай түседі:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ... «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған тозақ отынан сақтаңдар»[1].

Демек, дүниеге келген баласының болашақта иманды болып өсуі – отағасының мойнына артылған міндет. Пайғамбарымыздың бір хадисінде әрбір сәбидің өмірге мұсылман болып келетіні айтылады. Тек оны кейіннен ата-анасы яһуди, христиан немесе мәжуси етеді делінген. Сондықтан да, соңында бармақ тістеп өкінбес үшін сәбиіңізге ес кіре бастаған шақта бастап имандылыққа тәрбиелеу қажет. Қараусыз ағаштың қисық өсетіні секілді, тәрбиесіз сәбидің де тағдыры бұралаң болмақ. Адамзат баласына жол көрсету үшін түсірілген Құран Кәрімде:

وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا... «Үй ішіңе намаз оқуды әмір ет, өзің де сабыр қылып үнемі орында!»[2], – деп бұйырылған. Бұл аяттан аңғарылып тұрғандай, перзентіне парыз етілген амалдарды орындауға бұйырмас бұрын, «өзің де сабырмен үнемі орында» деген шарт қойылған. Бұдан нені ұғамыз?! Бала болмысы еліктегіш келеді. Ол естігенін емес, көргенін істейді. Перзентіңізге қандай бір нәрсені орындату үшін, ең алдымен, өзіңіз жол көрсетуіңіз қажет. Сонда ғана сөзіңіз сіңімді болмақ. Бұл тек намазға үйрету турасында ғана емес, кез келген жағдайда басшылыққа алынуы тиіс. Балаңызға өтірік айтпауды бұйырып, өзіңіз жалған сөйлеп жүрсеңіз – айтылған ақыл далаға кетеді. Абайша айтқанда: «Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?»[3].

Жалпы, қазақ халқы бала тәрбиесін төрт ауыз сөздің төңірегіне топтастырған деуге болады: жаман болады, ұят болады, обал болады, сауап болады. Қарап тұрсаңыз, жаман болады деу арқылы баласына ненің жаман, ненің жақсы екенін ажыратып беріп, тыйып отырғаны – тәрбиенің бастауы емес пе?! Ал, оң-солын танып үлгермеген сәбиін ұятты істерге ұрындырмай, арсыздық пен ашкөздіктен, түрлі қалауларынан ұят болады деу арқылы тыйған. Сондай-ақ, перзентін ойын баласы кезінен бастап ұя бұзып, жан-жануарға жәбір көрсетуден, асты қорлап, ысырапшылдық берілмеуден «обал болады» деп сақтандырған. Осының бәріне қоса, баласына қамқорлық көрсетуге, жақсылық жасауға үйреткені – «сауап боладысы» емес пе?!

Баланы сауапты іс жасауға үйрету – перзентіңізді имандылыққа тәрбиелеу болып табылады. Сол үшін сәбиіңіз сөз ұғар жасқа жеткенде, ақырындап ардақты пайғамбарымыз жайлы ақпарат бере бастаған жөн. Күллі адамзат баласына жолбасшы етіп жіберілген Алла Елшісінің өмірі – бала тәрбиесінде таптырмас құрал. Мысалы, бала ұғымына сәйкестеп, пайғамбарлар жайлы қисса-ертегілерді айтудың нәтижесі жайлы сөз қозғаудың да реті жоқ. Бала болмысы еліктегіш келеді дедік бағана, демек кез келген сәбидің өзіндік үлгі тұтар қаһарманы болады. Қазіргі таңда «мен человек-паукпін», «мен спайдермін», «мен анаумын», «мен мынаумын» деген сөздерді көп естиміз. Бұның бәрі ненің әсері? Сіздің орныңызға теледидар тәрбие беріп жатыр деген сөз.

Сондықтан да, ұрпағым ұлағатты болсын десеңіз, тәрбие тізгінін өз қолыңызға алып, пайғамбар сүннетімен сусындатуға тырысыңыз. Әрдайым балаңызға «Алла Елшісі ондай кезде былай жасаған», «Пайғамбарымыз жалған сөйлемеген», «Ол кісі осылай жасағанды ұнатқан» деген сынды ескертулер-нұсқаулар беріп отыру да ізгілікке тәрбиелейді. Бұған қоса, тағы бір айта кетер жайт, ескертуді сәбиіңіз қателескен кезінде айтудың әсері зор болмақ. Бала өз қателігінен дер кезінде сабақ алса, жаңа ереже оның бойында сақталып қалмақ. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балам! Бисмилла деп, оң қолыңмен және алдыңнан тамақтан»[4], – деп апыл-ғұпыл табақтың әр бұрышына оңды-солды қолын салып отырған балаға әдеп үйреткен. Мұндай әдісті әкелі-балалы болып бірге тамақтану, серуендеу кезінде қолдануға болады.

Бұған қоса, ата-аналардың бала тәрбиесінеде барынша сабырлы болғаны абзал. Қателесіп, бірнәрсені бүлдірген баланыңзды жазаламастан бұрын, оның себебін анықтауға тырысу қажет. Бас салып, байбаламға салып, ұрыса жөнелу – бала бойында еркіндікті жойып, жасқаншақты туындатады. Немесе іштей өзінікін жөн санаған сәбиіңіз жазықсыз жазаланғаны үшін қате пікірде қалып кетуі ықтимал. Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы сүйреп әкеледі. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол сабырлы қалпынан танбастан: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» – деп сұрайды. Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді», – деп себебін айтады.Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаға: «Жерге түскенін жесең же, бірақ ендігәрі құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» – дейді.

Бұл жерде үлкен тәрбие жатыр. Неге Пайғамбарымыз бала жазықты болса да салған жерден ұрыспады? Өйткені, балаға ұрысқаннан гөрі оған жақсы көретініңді білдіру аса маңызды. Бұл психология ғылымында да дәлелденген. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі десек артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Әрдайым соны іздеп тұрады. Оны ренжітпей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін айтқанын орындауға тырысады.

Сондықтан да, балаңыз үшін үлгі тұтар тұлғаға айнала білу керек. Сіздің әрбір әрекетіңіз бен әрбір сөзіңіздің сәби санасына жазылып жатады. Соңыра соны қайталайды.Осы себепті, бала көзінше бейәдеп сөздер айтып, жағымсыз қылықтар мен жөнсіз әрекеттер жасамау да – тәрбие өзектерінің бірі.

Қазақтың әйгілі биі Бөлтірік шешен: «Байлық – еріп кететін мұз, Бақ – ұшып кететін құс, Бала – артыңда қалар із», – деген екен. Ендеше, артымызда қалатын іздің ізгілікке толы болуын тілесек, бала тәрбиесін басты орынға қояйық!

 

[1] «Тахрим» сүресі, 6-аят,

[2] «Таһа» сүресі, 132-аят,

[3] Абай Құнанбайұлы, 10-қара сөз,

[4] Бұхари.

                                                                         Қуат Ерғалиұлы, 

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 

 

 

 

Бөлісу: