21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мұхаммед пайғамбардың ﷺ көкірегінің ашылуын (шарх-садр) қалай түсінеміз?

Мұхаммед пайғамбардың ﷺ көкірегінің ашылуын (шарх-садр) қалай түсінеміз?

Сұрақ-Жауап

Құрметті оқырман,

Алда келе жатқан Мәуліт мерекесінің құрметіне орай Алла Елшісі (ﷺ) жайлы білімімізді жаңартайық әрі толықтыра түсейік деген ниетпен «Сұрақ-Жауап» айдарында «Пайғамбарымыз ﷺ жайлы 111 сұрақ» кітабынан үзінділер жариялап отыруды ұйғардық.

Алла қайырлы ілімімізді арттырсын!

«Шарх» сөзі сөздіктерде «ашу, кеңейту, түсіндіру, баяндау» деген мағыналарды береді. Ал Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзіне ғана қатысты «Алла садрыны Шарх етті» дегені - Алла Тағала оның жүрегін кеңейтті, ақиқаттан ауытқымау үшін көкірек көзін ашты деген сөз. Ғылыми мағынасы - періштелердің келіп хазірет Мұхаммедтің (ﷺ) кеудесін жарып, зәмзәм суымен жуғанын, алтын ыдыспен әкелген иман мен хикметті кеудесіне орнықтырғанын айтады.

Құран кәрімде бұл туралы: «Сенің көкірегіңді (хикмет және Құран нұрымен) кеңейтпедік пе? Беліңді қайыстырған ауыр жүкті алып тастадық. Абыройыңды көтердік. Шындығында, ауырлықтың соңынан жеңілдік келеді. Ауырлық бар жерде жеңілдік те бар. Қол босаған кезіңде Аллаға құлшылық етуге құлшын. Раббыңа қарай жақында», - делінген[1]. Бұл аятта сөз болған «шарх-садрды» түсіну кезінде түрлі көзқарастар туындаған. Бірі бұл оқиғаны заттай, яғни кеудесінің шынымен де тілініп, жүрегінің алынғанын айтса, енді бірі бұл жерде ауыспалы мағынада сөз етіліп отырғанын, Хақ Тағала пайғамбар (ﷺ) жүрегін иман мен мағрифатқа бөлегенін айтады. Бұларды жақсылап зерттеп қарасақ, мұның заттай орындалғаны шындыққа жақынырақ екенін көреміз, өйткені Құранды тәпсірлеуде ұстанатын заңдылықтардың бірі – настың (аят-хадистің) тура мағынасы көрініп тұрғанда, оның астарлы ұғымын іздеуге болмайды.

Ал енді Пайғамбарымыздың (ﷺ) көкірегінің жарылу оқиғасын хадистерден қарастырар болсақ, хадистердің түрлі болып келуіне байланысты оның бірнеше мәрте жүзеге асқанын көре аламыз. Кейбір ғалымдардың айтуынша, бұл үш мәрте болған. Біріншісі, Пайгамбарымыздың (ﷺ) үш жасына толғанда, Халима анамыздың ауылында қой бағып жүрген кезінде, екіншісі, 40 жасқа толғанда, пайғамбарлық келмей тұрып, үшіншісі, 42 жастан асқаннан кейін миғражға көтерілерден бұрын дейді. Ал ғалымдардың басым көпшілігі оның екі мәрте ғана жүзеге асқанын айтады. Біреуі Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүт анасы Халиманың қарамағында болған кезде, екіншісі миғражға көтерілердің алдында болған. Мына бір риуаяттар осы ойымызды нақтылай түседі:

Пайгамбарымыздың бала кезінде көкірегінің жарылу оқигасы:

Пайғамбарымыз емшектес бауыры Абдуллаһпен және Сағдұлдарының балаларымен бірге қозыларды өріске шығарып, үйдің арт жағында ойнап жүрген болатын. Кенеттен екі ақ киімді кісі пайда болып, Пайғамбарымызды (ﷺ) алып жерге жатқызып, көкірегін жарып қайта жабады. Абдуллаһ дереу асығып анасы Халимаға келді де:

- Ана, құрайыштық бауырым бар емес пе, соны ақ киімді екі кісі ұстап алып, жерге жатқызып, ішін жарды, сосын қайтып жапты[2], - деді. Ата-анасының үрейі ұшып, жүгіріп айтқан жерге барды. Шынында, кішкентай Мұхаммедтің түрі бозарып кетіпті. Халима мен Харистің жүрегі аузына тығылып, не болғанын сұрады:

Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ):

- Ақ киімді екі кісі келді. Бірінің қолында іші қарға толы алтын ыдыс бар екен. Сосын мені жерге жатқызды. Көкірегімді ашып, жүрегімді иіыгарып, екіге бөлді. Ішінен қара бір нәрсені алып тастады. Жүрегім тап-таза болғанға дейін ішін мұзды сумен жуды. Сосын бірі екіншісіне: «Мынаны үмбетінен он адаммен таразыға тарт», - деді. Он адаммен мені таразыға тартты, мен ауыр бастым. Сосын: «Оны үмбетінен жүз адаммен тарт», - деді. Жүз адаммен тартқанда тагы да мен ауыр бастым. «Оны үмбетінен мың адаммен тарт», - деді. Тағы да мен ауыр бастым. Мұны көрген әлгі кісі: «Оны еркіне жібер! Аллаға ант етемін, барлық үмбетімен тартсаң да, ол бәрінен басым түседі», - дегенді айтты»[3].

Тағы бір риуаятта Әнас ибн Мәлик былай дейді: «Расулулла бала кезінде ойнап жүргенде Жәбірейіл келіп, оны ұстап жерге жатқызды да, кеудесін жарып, жүрегінен ұйыған қан алды. Сосын Пайғамбарға (ﷺ): «Шайтанның сендегі нәсібі, міне, мынау», - дейді. Іле жүрегін алтын ыдыстың ішіндегі зәмзәм суымен жуып, қайта орнына қойды. Жанындагы балалар «Мұхаммедті өлтірді», - деп жүгіріп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүт анасына барады. Бала Мұхаммед өз-өзіне келгенде, жұрт оның өңі қашқанын көреді». Әнас ибн Мәлик сөзін жалғастырып: «Мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) көкірегіндегі жарылган жердің ізін көретінмін», - дейді»[4].

Пайғамбарымыздың (ﷺ) миғражға көтерілер кезінде орын алған оқиғасы:

Әбу Зәрр жеткізген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Меккеде болғанымда маған Жәбірейіл келді де көкірегімді жарып, оны зәмзәм суымен тазалады. Сосын алтын ыдысты алып келді. Ішінде хикмет пен иман толы еді. Оны көкірегіме жарып құйып босатты да, қайта жауып қойды. Сосын қолымнан ұстап аспанға көтеріп алып кетті»[5].

Кеудесінің ашылуы, жүрегінің жуылуы сынды таң қаларлық нәрселерді заттай болды деп айтылса, сол айтылған күйінде қабылдау керек, өйткені барша әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағала мұны да істей алады. Қалайша Ибраһим пайғамбардың әйелі қартайған шағында (90 жасында) Алланың қалауымен перзентті болды, Иса пайғамбар әкесіз туылды, Адам (а.с.) топырақтан жаратылды, Хауа анамыз оның қабырғасынан жаратылды, сол секілді Алланың қалауымен періштелер Пайғамбарымыздың (ﷺ) көкірегін жарып, жүрегін хикмет пен иманға толтырды.

Негізінде, адамның жүрегі алынса, бір сәт болса да адам өмірімен қоштасады, ал Пайғамбарымызда (ﷺ) ешқандай ауыру да, зиян да болмаған. Әрі жүрегін еш емдеусіз, құрал-жабдықсыз қайта орнына қойған. Артынша өзіне еш нәрсе болмағандай үйіне жүгіріп барып болған жағдайды баяндап берген.

Алланың бұл ісінен мынадай хикметтерді көре аламыз:

1) Иман, даналық, мейірімділік секілді түрлі сезімдер мен рухани азық тікелей жүрекке байланысты, сондықтан жүректің сумен тазаруы, сыртқы тазалықты білдірсе, оның иманмен, хикметпен толтырылуы рухани азықтың маңыздылығын білдіреді.

2) Дінімізде сыртқы тазалық пен ішкі жан-дүниеміздің тазалығы да өте маңызды, сондықтан Пайғамбарымыздың (ﷺ) көкірегін періштелердің жарып, зәмзәм суымен тазалауы, оның жүрегінің тазалығын білдіреді.

3) Еш ауыртпастан, қан төкпестен көкірегінен жүрегін алып, тазалап қайта қоюы оның (ﷺ) Алла тарапынан жіберілген Пайғамбар екендігіне дәлелі.

4) Періштелер оның көкірегінен бір нәрсені сөгіп алған. Бұл нәпсіге тиісті нәрсе болуы мүмкін. Бұдан былай оны шайтан азғыра алмайды, сондықтан Пайғамбарымыз жастайынан түрлі жамандықтан алыс болган.

5) Алайда оның көкірегін жарып, жүрегінің түбіндегі жаманшылық безін алып тастады деп түсінбеуіміз керек. Егер адамның жаман болуы жүрегіндегі жаманшылық безіне байланысты болса, адамдарды жүрегін ауыстыру арқылы немесе ота жасау арқылы жақсы адамға айналдыруға болар еді, сондықтан бұл оқиғадагы хикмет Мұхаммедтің (ﷺ) қарапайым адам емес екендігін, уахиға дайындау үшін, күнәдан пәк екендігін білдіру үшін көрсетілген.

6) Жүрегін жару арқылы оған Алладан басқа ешкімнен қорқықпайтын батылдық берді, өйткені көз алдында дәрі-дәрмексіз көкірегін жарып, жүрегін алып қайта салуы адамга қорқыныш әкеледі.

7) Оның салмағының ауырлығы, барша үмбетінің қамын ойлаудың салмағы, оның Алла алдындагы міндетінің ауырлығын білдіреді. Ақиретте оның таразысы ауыр басатынын білдіреді.

8) Мұхаммедтің (ﷺ) пайғамбарлығы ақиретке дейін жалғасады, барша адамзаттың түріне, түсіне, ұлтына қарамай оларға үлгі болады, сондықтан осыншалық маңызды міндетке лайық толассыз иман мен даналық жүрегіне салынды.

9) Алла Расулы шайтаннан қорғалып, уахи алуға дайындалған. Барлық адамның жүрегінен табылатын «шайтанның үлесі» алынып, миғраж түнінде Алла Тағаланың құзырына көтерілген.

10) Жаратушымыздың сөзі - уахиды ешбір жаратылыс көтере алмайды. Мұхаммед пайғамбарымыздан бүрын пайғамбарлар келді. Мұса мен Иса пайғамбарға Таурат пен Інжіл бөлек-бөлек емес бірден түсті. Ал Алла Елшісіне (ﷺ) Құран кәрім 23 жыл бойы бөлек-бөлек түсіп отырды. Уахидің ауырлығы сонша - жаны шығып кете жаздап, терлеп кететін. Тіпті түйенің үстінде отырғанда уахи келсе, түйе уахидің ауырлығына шыдай алмай шөгіп қалатын. Мүндай ауыртпалықты қарапайым адам көтере алмайды, тек жүрегі хикмет нұрымен толтырылған Алланың елшісі (ﷺ) ғана көтерген.

11) Миғражға шыққанда көкірегін жарып, Алланың құзырына баруға дайындады. Жаратылыстардың ешбірі, тіпті періште де Алланың құзырына көтерілген емес. Тек қана Алла Елшісі (ﷺ) әлемнің шегінен асып, періштелер де өте алмайтын өтпелден өтіп, Жаратушымыздың құзырына барды. Демек, мұндай жерге бару үшін көкірегін жарып, бір өзгеріс жасауы да орынды болса керек.

Ummet.kz


[1] «Инширах» сүресі, 1-8.

[2] Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың көкірегінде бала кездегі оқигадан тыртық калып кеткенін айтады. Қараңыз: Мүслим, Сахих, 1\147 (162).

[3] Ибн Хишам, Сира, 1\301; Табари, Тарих, 2\128.

[4] Мүслим, 1/101.

[5] Бұхари, Мүслим.

Бөлісу: