27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Еңбек ету мен адал табыс табудың исламдағы маңызы

Еңбек ету мен адал табыс табудың исламдағы маңызы

Ислам тарихы

Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – адам баласына Алла Тағаланың жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен,  алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің қайырлы болмасы белгілі. 

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88).

Хадистерде де ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен: «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен». Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді» (Мүсілім, зекет, 65). Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7).

Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» (Дәйлами, (Әнастан (р.а.)); «Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күн көріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады» (Тоборони, әл-Мұғжамул-аусат, 1/38); «Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады» (Байхақи, әс-Сүнәнул-күбра, ижара, 15); «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады» (Ибн Омардан (р.а.) Кутуби ситта, 3/8); «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» (Тоборони, Аусат. Ихия улумуддин, 2/235); «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген» (Бұхари, Бую, 15) деген, Расулалла (с.ғ.с.) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а.) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жауапқа сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді (Әбу Дәуіт, Бую, 1). Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені ең бастысы адалға ниетті болғандықтан, қандай төменгі жұмысты істесе де, Алла Тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.

Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған ғой. Ол туралы тіпті Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық» (Исра 17:70), деп айтылған. Ал енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы дұға жасауы мен еңбек етуі. Яғни, егін еккен адам ғана оны орып, ырыздығын көреді. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі дұғаның бір түрі. Алла Тағала кәсіп етудің маңыздылығын Құран Кәрімде бізге былай деп білдірген: «Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» (Нәжім 53:39-42). Және де Алла Тағала жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны біз үшін жаратқанын Құран Кәрімде былай баяндайды: «Ол сондай, Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды» (Бақара, 2:22);

«Алла көктерде және жерде не болса, соның барлығын өз тарапынан бір нығмет етіп сендерге бағындырды. Әлбетте, мұнда түсінген ел үшін белгілер бар» (Жасия 45:13). Ал енді осы Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін біздің ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да саралап тұрып айтқан. Ол (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Адал кәсіп ету – әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», - дейді.

Иә, Ислам діні адал кәсіп етуді уағыздайды. Дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған да әу баста пайғамбарлар болды. Риуаяттарға зер салған адамдар бүкіл пайғамбарларымыздың адал кәсіп еткенін түсінеді.

Ақиқатын айтар болсақ, бұл өмірдегі ғылыми жетістіктер мен өркениеттің көш басында Алла Тағаланың пайғамбарлары тұрды. Хазірет Адам (ғ.с.) егінші болды. Нұһ (ғ.с.) пайғамбар кеме жасауды үйретсе, хазірет Идрис (ғ.с.) тігінші, хазірет Мұса (ғ.с.) шопан, Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар темір кәсібінің, ал Иса (ғ.с.) пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Дәуіт (ғ.с.) патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді, өз еңбегінен басқа нәрсені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді, Зәкәрия ағаш шебері болды. Ал ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдәйім Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан борыштанудан, күпірліктен, біреуге қаратқан кедейліктен, сараңдықтан сақтауға жалбарынды. Өзінің (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді», «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер», «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», - деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен малшылықты уағыздады.

Жалпы, мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу – басты өмірлік қағидаттардың бірі. Мұсылмандықтың басты шарттары да осыны қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қалай жұмсағаны қиямет күнінде сұралады», - деген.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: