21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сақал қоюдың үкімі қандай?

Сақал қоюдың үкімі қандай?

Пәтуа

Дін ғалымдарының сақалдың үкіміне қатысты көзқарастарын төмендегідей үшке бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі –сақал қою уәжіп, онықыру – харам. Өйткені мұндай әрекет Пайғамбарымыздың бұйрықтарына қайшы келу. Ал оның бұйрығанымен жүру – Алланың әмірі. Тіпті сақалды қысқарту да – күнә. Бірақ қысқартқандағы күнә, қырғандағы күнәдан жеңілірек. Сақалды мүлдем қырып тастаудың күнәсі, қысқартқандағы күнәдан – ауыр.

Екіншісі – сақал қоюдың діни сипаты жоқ. Ол әдет-ғұрыпқа жататын үлгі. Сақал өсіру де Пайғамбарымыздың жүріс үлгісі, киім үлгісі, тамақ ішуі секілді. ХХ ғасырда өмір сүрген Ислам ғалымдарының бірі «Ұлық ғалым» атанған ғұлама Махмуд Шәлтут (1893-1963 ж) өз пікірін былай деп білдіреді: «Адамның киім-кешек мәселесі әрі сақал қыру сияқты сыртқы көрінісі жергілікті әдет-ғұрыпқа қарай өзгеретіні ақиқат. Кісі мұндай нәрселерде айналасына қарап бой түзеуі тиіс: өмір сүрген қоғамы бұндай нәрседе нені құп көрген болса, адам соған сай жүруі тиіс...». Ғалым пікірін ары қарай былай өрбітеді: «Сахих Муслимде» келтірілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) сақал қоюды мисуак қолдану, мұрынды сумен тазалау, тырнақ алу, сүндетке отыру сияқты жаратылыс қажеттіліктерімен қатар қойған. Аталмыш хадисте айтылған әрекеттердің бірсыпырасы мұстахаб (ұнамдыіс), бірсыпырасы сүннет. Сақал қоюды да солармен қатарсүннет немесе мустахаб дегеніміз дұрыс... Рас, мүшриктермен отқа табынушы мәжусилерге ұқсамау үшін сақал қоюды айтқан хадис бар. Алайда ондағы Алла елшісінің сөзі міндеттеу емес, абзалырақ екенін білдіру». Бұл пікірді қолдаушы ғұлама Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Усулуль Фиқһ» атты еңбегінде де «сақал қою шариғаттан емес, ол әдет ғұрыпқа жатады» деп, жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрпымен санасатын жағдай екенін алға тартады. Ғалым Әбу Заһра былай дейді: «Риуаяттарда Пайғамбарымыз (с.а.у) мұртты қысқартып, сақалды өсіруге насихаттаған. Және Пайғамбар да, сахабаларда әдеттегі сақал жіберудегі арабтардың үрдісіне сай сақалды болғандығы мәлім. Жергілікті дағдылардағы Пайғамбарымыздың үлгісін алу құптарлық әрекет екені анық. Ғалымдардың басым көпшілігі бойынша сақал өсірудің діни сипаты бар дегенімен, бірақ кей ғалымдар пікірі бойынша, сақал қоюды дәстүр, қалыптасқан үрдіс, діни бір міндеттеме емес, Пайғамбарымыздың сақал өсіріп, мұртты қысқарту жайындағы бұйрығы мұсылмандарды сол кезеңдегі парсылардан және римдіктерден бөлекшелеп тұратын ерекшелік ретінде айтылған».

Үшіншісі – сақалды қырмай оны өсіру – пайғамбарымыздың сүннеті,адамның табиғи қажеттілігінен есептелетін ұнамды әрекет. Оны мүлдем қыру – мәкрүһ (ұнамсыз әрекет). Сақал жіберудің ең кәміл мөлшері – бір тұтам ұзындығында болады. Мысыр еліндегі «Пәтуа шығару басқармасы» (Дарул-ифта) 7-қаңтар 2013 жылғы фәтуасында сақал қоюды парыз емес, ұнамды іс деп үкім шығарған. Бұл көзқарасты Қазы Айяз, Имам ән-Нәуәуи жәнеәр-Рафиғи секілді танымал ғалымдар ұстанған.

Олардың тұжырымы бойынша:

1. Өйткені хадистегі берілген әмір «міндеттілікті» емес, үсті-басын түзетіп, әдеміленуді білдіреді.

2. Сондай-ақ, хадистерде «сақал өсіру», «мұрт алумен» қатар келген. Ал мұрт алу басым көпшілік пікірінде сүннет.

3. Және де, сақал өсіру дегеніміз, тырнақ алу, мису-ак қолдану, мұрын мен ауыз шаю сияқты адамның табиғи қажеттілігімен қатар тұрады.

4. Сақалды қыру тек ұнамсыз әрекет, харам емес. Қорытындылай келе айтарымыз, сақал арнайы бір топты немесе жеке басты өзгеден ерекшелеп тұратын дүние емес, ол барша мұсылмандарға тән. Сондықтан уәжіп деген үкімді немесе сүннетті орындағысы келген мұсылмандар сақал қойып, мұрттарын қысқартуда. Бірақ сақалды қараусыз, күтімсіз қалай болса, солай өсірмеген жөн. Айша анамыздан келген бір хадисте де, Алла елшісінің сақалының жанынан және ұзындығынан біраз алып жүретіндігі де риуаят етіледі. Яғни, егер сақалды мүлдем қысқартпай жіберу міндет болғанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сақаланың ұзындығын не жанын алмас еді. Сақал қойған кісілер мұны өзгелерге міндеттемеуге, әрі қоймағандарды кінәламауға тиіс. Ал кейбір ғаламдардың «сақал қою – парыз емес, сүннет немесе әдет сүннеттен» деген үкімі – қазіргі қоғамымызда әскери, түрлі мемлекеттік қызметтерде істейтін кісілерге тиімді екені, тығырықтан шығарар үкім екені сөзсіз. Ең дұрысын Алла біледі!

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: