Адам дүниеден өтсе де, артынан үзілмей барып тұратын жақсылықтар бар. Бұған қатысты ғалымдар арасында қайшылық жоқ. Өйткені бұл мәселе шариғи дәлелдермен нақты бекітілген.
Енді осы дәлелдерге тоқталып өтейік.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласы дүниеден озғанда, үш түрлі ісінен өзге барлық істері тоқтап (кітабы жабылып) қалады. Тоқтамайтын істері: үзілмейтін садақа, адамзат игілігі үшін қалдырған пайдалы ілімі және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ», деген.
Басқа хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында, адамның жәннатта дәрежесі көтеріледі. Сол кезде ол: «Бұл қалай болды?», – деп таң қалады. Сонда оған: «Балаңның сен үшін жасаған дұғасы себепті», – деп жауап беріледі», – деген.
Әбу Һурайра жеткізген басқа хадисте Алла елші (с.ғ.с.): «Мүмін дүниеден озған соң амалы мен жақсылықтарынан пайдасы тиетіні – үйреткен және таратқан ілімі, артында қалдырған салиқалы ұрпағы, мұра етіп қалдырған мұсхаф (Құран) пен салған мешіті, сондай-ақ, жолда қалғандар үшін салып кеткен үйі, не ағызып кеткен өзені, денсаулығы бар кезінде әрі тірі кезінде мал-мүлкінен шығарған садақасы, бұлар оған дүниеден озған соң пайдасын тигізеді»295, деп баяндаған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аталмыш хадистерінен, қайтыс болған адамның артынан сауабы үзілмейтін амалдардың бар екеніне нақты көз жеткіземіз. Сондайақ жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мәселеге қатысты ғалымдар арасында қайшылық жоқ.
Тақырыбымызды одан әрі аша түсу үшін келесі тоқталатын мәселе ол:
Орындалған ізгі амалдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштаудың немесе сыйлаудың шариғи дәлелі Ғалымдарымыз жасалған жақсылық пенберілген садақаның, шалынған құрбандық пен жасалған дұға сауабыныңмарқұмғатиетініне бірауыздан келіскен.
Осыған қатысты Ибн Аббас (р.а.): «Бір кісі Алла елшісіне келіп, анасының өмірден озғанын естіртті де: Анамның атынан садақа берсем, оған тиеме?», – деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді. Сонда әлгі кісі: «Менің құрма бағым бар, соны садақа еткеніме өзіңді куә етемін», – деген.
Сондай-ақ Айша (р.а.) және Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) құрбан шалғысы келсе мүйізді, піштірілген, ноғала екі семіз қошқарды алдырып, біреуін Алланың жалғыздығы мен Пайғамбардың (с.а.с.) елшілігін мойындаған үмбетінің атынан, екіншісін Мұхаммед пен әулетінің атынан шалатын еді», деп айтылады.
Негізгі тақырыпты қозғар алдын, жоғарыда келтірілген хадистерге тоқталып өтуіміздің себебі – қайтыс болған адамның артынан сауабы үзілмейтін амалдардың бар екендігінің, сондай-ақ, орындалған ізгі амалдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштау немесе сыйлаудың шариғи негізі бар екенін дәлел тұрғысынан айқындап, көрсету еді. Өйткені бұл мәселені түсінген адам, қозғайын деп отырған тақырыбымызды, яғни, марқұмның артынан Құран бағыштау мәселесін оңай түсіне алады. Әсілінде бағышталып оқылған Құран сауабының марқұмға тиіп-тимейтініне қатысты ғалымдар арасында екі түрлі қөзқарас бар. Бірінші көзқарастағы ғалымдар, бағышталып оқылған Құран сауабының марқұмдарға тимейтінін айтса, екінші көзқарастағылар тиетінін айтқан.
1. Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тимейді деген көзқарасты ұстанатын ғалымдар, дәлел ретінде бұл мәселеге қатысты нақты бір шариғи мәтіннің келмегенін алға тартады.
2. Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тиеді дейтін көзқарасты ұсатанатын ғалымдардың дәлелі:
а) Марқұмдарға Құран оқуға болмайды деген де нақты хадис жоқ;
ә) Көпшілік әһли-сүннет ғалымдары Құран сауабының марқұмдарға тиетінін айтқан;
а) Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тимейді деген көзқарасты ұстанатын ғалымдар, бұл мәселеге қатысты нақты бір шариғи мәтіннің келмегенін алға тартса, Құранның сауабы марқұмдарға тиеді деген көзқарасты ұстанған ғалымдар, Құран оқуға болмайды деген де нақты хадис жоқ дейді.
Керісінше, қайтқан адамға арналып берілген садақа, ұсталған ораза, өтелген қажылық сынды т.б. жақсылықтардың сауабының марқұмға жететінін білдірген сахих хадистердің бар екенін алға тарта отырып, дәлел ретінде төмендегі хадистерді келтіреді. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: «Әкем дүниеден өтті, бірақ, артында қалған дүниесін өсиет етпеді. Әкемнің орнына дүниесінен садақа етіп берсем, күнәлары кешіріледі ме? – деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә», – деп жауап берді».
Бұхари мен Муслимнің сахих жинағында келген ибн Аббастың риуаят еткен хадисінде: «Бір адам Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің анам мойнында бір айлық оразасы бар күйде дүниеден өтті. Анамның мойнындағы оразасын менің өтеуіме бола ма?», – деп сұрайды. Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер ме едің», – дейді. Әлгі адам: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», – делінген.
Ибн Аббастан риуаят етілген басқа бір хадисте: «Жуһайна тайпасынан болған бір әйел кісі Алла елшісіне келіп: «Анам қажылық жасауға нәзір еткен еді, бірақ, өкінішке орай қажылығын жасамас бұрын дүниеден өтті. Енді мен анамның орнына қажылық жасай аламын ба? (яғни анамның қажылығын өтей аламын ба?)», – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер едің ғой, ендеше, Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», – деп жауап береді.
ә) Көпшілік әһли-сүннет ғалымдары Құран сауабының марқұмдарға тиетінін айтқан. Әбу Ханифа мен Ахмад ибн Ханбалдың, сондай-ақ, кейінгі Мәлики ғалымдары мен бір топ Шафиғи ғұламаларының көзқарасы бойынша да, бағышталып оқылған Құран сауабы өліге тиеді. Сондай-ақ, Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбалдың айтқан сөзі келтіріледі: «Бізге жеткен хадистерде, бағышталып жасалған жақсылық сауабының марқұмдарға тиетіндігі айтылған. Сондай-ақ, барлық аймақтағы мұсылмандар Құран оқып, сауабын марқұмдарға бағыштауда және бұған ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Демек, ғалымдар арасында осы амалдың дұрыстығына қатысты ижмағтың барын көреміз».
материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатымен үйлесімі»
кітабынан алынды,
ummet.kz