17
Ср,
дек

һижри

Шыншылдық ізгілікке, ізгілік жұмаққа жетелейді

Шыншылдық ізгілікке, ізгілік жұмаққа жетелейді

Ислам тарихы

«Уа, иман еткендер! Алладан қорқыңдар (бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылыңдар) һәм шынайы түрде иман еткен шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119- аят).

«Олардың міндеті қалтқысыз бойсұну һәм жақсы сөз айту. Егер олар қиын-қыстау шақтарда да Алла Тағалаға шынайы түрде иман еткендіктерін көрсетсе, өздері үшін қайырлы болар еді» («Мұхаммед» сүресі, 21- аят). 

«Мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге, мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге, (Аллаға бойсұнып) құлшылыққа берілген ерлер мен құлшылыққа берілген әйелдерге, шынайы һәм шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдерге, сабырлы болған ерлер мен сабырлы бола білген әйелдерге, (Алладан қорқып) Оның алдында кішіпейіл болған ерлер мен (Алладан қорқып) Оның алдында кішіпейіл болған әйелдерге, игі жолда садақа беретін ерлер мен игі жолда садақа беретін әйелдерге, ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдерге, ұятты жерлерін күнәдан тыйып, арын сақтаған ерлер мен ұятты жерлерін күнәдан тыйып арын сақтаған әйелдерге, сондай-ақ, Аллаһты жиі еске алатын ерлер мен Алланы жиі еске алатын әйелдерге Аллаһ тағала кешірім мен үлкен сый дайындады» («Ахзаб» сүресі, 35- аят).

Абдуллаһ ибн Әбу Әуфә (р.а.): «Шайқастардың бірінде жау әскерімен бетпе-бет келгенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірден қиянкескі ұрысқа кіріспей, күн көкжиекке қарай еңкейгенге дейін күтті. Содан соң жауынгерлердің алдына шығып: «Уа, жарандар! Еш уақытта дұшпанмен бетпе-бет келуді тілемеңдер, керісінше, әрдайым Алладан есендік тілеңдер. Егер олармен жүзбе-жүз кездессеңдер, табандылықпен төтеп беріңдер. Жаннаттың (Алла жолында сермелген) қылыштардың көлеңкесінде екенін біліп қойыңдар, – деді де, уа, Құранды түсірген, көктегі ақ-ұлпа бұлттарды көшірген, Мәдинаны жермен-жексен етуге бел буып келген араб тайпаларының тас-талқанын шығарған Алла Тағалам! Мына кәпір қолының күлін көкке ұшырып, бізді жеңіске жетелей гөр!» – деп жалбарынды», – деген (Бұхари, жиһад 112; Муслим, жиһад 20).

Ибн Масғуд (р.а.): «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Расында, шыншылдық ізгілікке, ал ізгілік жұмаққа жетелейді. Кісі әрдайым шыншыл болып, оны өмірлік ұстанымына айналдырса, Алланың құзырында турашыл деп жазылады. Суайттық азғындыққа, ал азғындық тозаққа жетелейді. Кісі үнемі жалған сөйлеп, өтірік айтуға әуестенсе, ақырында, Алланың құзырында өтірікші кәззап деп жазылады», – деп айтты», – деген (Бұхари, әдәб 69; Муслим, бирр 103). 

Хасан ибн Али ибн Әбу Талиб (р.а.): «Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Күмәнді нәрседен бойыңды аулақ салып, күмәнсіз болғанын таңдағын. Расында, шыншылдық жан тыныштығына бөлейді. Ал өтірік көңілге күмән ұялатады» деген өсиетін көкейіме түйіп алдым», – деген (Тирмизи, қиямә 60).

Сәһл ибн Хунәйфтен (р.а.) жеткен хадисте «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім Хақ тағаладан шынайы ниетімен шейіт болуды сұраса, төсегінде жатып жан тапсырса да, Алла оны шейіттердің мәртебесіне жеткізеді», – деп айтты» – делінген (Муслим, имара 157).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Поделиться: