17
Жұма,
Мамыр

һижри

Қай уақытта көрілген түс анағұрлым шынайы?

Қай уақытта көрілген түс анағұрлым шынайы?

Ислам тарихы

Түстің дұрыс шығуында оның қай уақытта көрілгені маңызды.

Мәселен, Тирмизи мен Даримидің жеткізуінше, Әбу Сайыд Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естіген: «Түстердің ең шынайысы – таңсәріде көрілген түстер». Жағфары Садық түскі уақытта көз шырымын алған кездегі түстің де шынайылыққа жақын екендігін айтқан. Өзендер тасып, ағаштар бүр жарған көктем мезгілі мен жеміс-жидек әбден піскен уақытта көрілген түстердің анық шығатынын айтқан ғалымдар да бар (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 15).

Ибн Ғаннам түстерді айлар мен күндерге қарай жіктеп, олардың жорылуы жайында кең мағлұмат берген. Мәселен, жұма күні мен Рамазан айы туралы былай деген: «Рамазан айында көрілген түс жақсылыққа ырымдалса - игілік, ал жамандыққа ырымдалса, дұрыс болмағаны. Өйткені, бұл айда жамандыққа жол берілмейді. Жұма күні – қасиетті күн. Ол күн жақсылыққа толы, мұсылмандардың басын қосады. Жұма күні – мұсылмандардың мерекесі» (Ибн Ғаннам, Әбу Тахир, Табирул-рүя, Хажы Селим аға КТП, 9А-10А.).

Уақытпен қоса, түсті көрген адамның жай-күйі, мамандығы мен кәсібі, лауазымы да түс жоруда үлкен рөл ойнайды. Мәселен, анар жемісін түсінде бірнеше кісі көруі мүмкін. Алайда, көрілген нәрсе біреу болғанмен, оның жорылуы әр адамның ерекшелігіне қарай әр қилы. Анар: патша үшін өзіне қарататын жаңа бір ел. Оның қабығы – сол елдің қорғаны, ішіндегі дәні – сол жердің халқы. Саудагер үшін: үй, дүкен, қонақүй, кеме, кесе, т.б. Ғалым адам үшін анар: кітаптар. Қабығы – беттері, дәні – ішіндегі жазулар. Бойдақ адам үшін: бай әрі әдемі жар деп жорылады. Аяғы ауыр әйел үшін әлі іште жатқан, болашақта арлы-ибалы болып өсетін қыз деп жорылады (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 9). Байқасаңыз, түсте көрілген анар – патша, саудагер, ғалым, бойдақ және аяғы ауыр әйел үшін олардың қоғамдағы орны, кәсібі, мамандығы, жеке бас жағдайларына қарай бөлек-бөлек жорылған.

материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: