17
Жұма,
Мамыр

һижри

Алланың кәламын адам баласы ести ала ма?

Алланың кәламын адам баласы ести ала ма?

Ислам тарихы

Имам Матуриди мен имам Әшғари кәлам сипатын Алла Тағаланың затында ежелден бар сипаты екеніне бір ауыздан келіседі. Алайда имам Әшғари адам баласы сол кәлам сипатты Алла Тағаладан тікелей ести алады десе, имам Матуриди тікелей ести алмайтынын айтады.

«Әл-Мүсәмара» еңбегінің авторы: «Алланың зати сипаты кәламнің естілуін ешбір түс-реңі болмастан (ақыретте Алланың) көрінуіне қияс (салыстыру) қылады. Түс-реңсіз, дене-бітімсіз көру ақылға сыйса, дауыс болмаса да есту қалай болмайды» деп, Әшғари мәзһабының көзқарасын дәлелімен келтіреді.

Имам Матуриди: «Алла Мұсамен (а.с.) тілдесті» (Ниса сүресі, 164-аят), «Сонда ол үшін Алланың сөзін есту мүмкіндігі туады (бәлкім, иман келтірер)» (Тәубе сүресі, 6-аят), «Мұса оттың жанына келгенде: «Уа, Мұса!» – деген дауыс естілді» (Таһа сүресі, 11-аят) сынды аяттарға қатысты кейбіреулер Алла Тағала сөзді және дауысты жаратып, тікелей естіртті десе, енді біреулер оған хат жазып сөйлесті дейді. Алла тағала: «Алла Мұсамен (а.с.) тілдесті» дегені Өзінің кәламімен сөйлесті дегендік емес, бәлки, көңіліне білдірілу, астарлы мағынада айтылуы. Біз Алланың қадим кәлам сипаты барын білеміз. Ол (кәлам) сипаты дауыс, әріп және жаратылыстың сөзіне тән сипаттармен сипатталмайды. Аятта етістіктің түбірі болған «тәклима» сөзі қолданылуы және Мұсаның (а.с.) «Кәлимуллаһ» лақаб атымен танылуы оның өзге пайғамбарлар сияқты ерекшелігін көрсетеді» деген.

Имам әл-Мазһари: «Алла Мұсамен (а.с) тілдесті» (Ниса сүресі, 164-аят) аятына түсініктеме беру барысында: «Пайғамбарлар арасында Мұса (а.с.) уахидың шыңырау шегіне жетіп ерекшеленді. Алайда Алла Тағала: «...(Жақындап келгені соншалық), екі арада (қатар қойылған) қос садақтың арасындай ғана аралық қалды, тіпті, одан да аз. ...Сидратул-мүнтаһаның (болмыстың ең шетіндегі Жаратылыс ағашының) дәл тұсында» (Нәжім сүресі, 8-14 аят) деп, Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәрежесін бүкіл пайғамбарлардан жоғары етті» деген.

Имам Матуриди: «Алла адам баласымен тек (жүрегіне) аян беру арқылы немесе перде сыртынан оған тіл қату арқылы, я болмаса, оған Өзінің қалауын уахи ететін елші (періште) жіберу арқылы ғана тілдеседі» (Шура сүресі, 51-аят) аяты елшілердің Раббысымен тілдесуі, уахи қабылдап алуы аталмыш үш жолдың бірімен ғана болатындығын айтады. Аятта «Оған (Мұсаға) перде сыртынан тіл қату арқылы» деп, Алла тағала Өзі ашық көрінбестен тілдесуі сөйлесудің тікелей емес, астарлы мағынадағы сөз екенін білдіреді. Осыған ұқсас Алла Тағала: «Егер мүшріктердің бірі сенен пана тілесе, қанатыңның астына ал. Мүмкін оған Алланың кәламын есту мүмкіндігі туады» (Тәубе сүресі, 6-аят) деп, астарлы мағынада айтты. Өйткені, елшілердің насихатын есту, Алланың Өзінен тікелей естіген болмайды. Елші мен елшіні жіберген Заттың сөзі бір сөз емес» деген.

Имам Мұхаммед әл-Бабурти: «Шайх Әбу Мансур әл-Матуриди көзқарасында: Оның (Алланың) кәламы (тікелей) естілмейді. Дауыссыз бір нәрсенің естілуі мүмкін емес. Сөздің естілуі дауыспен болатыны бір заңдылық. Ол дауысы шыққан заттың көз алдында болу, болмауы шарт емес» деп, имам Матуридидің көзқарасын құптап, сөзін дәлел қылады.

Имам Ибн Һумам: «Әшғари Алланың зати сипаты кәламнің естілуін ешбір түсі болмастан (ақыретте Алланың) көрінуіне қияс қылады. Имам Матуриди бұған келіспейді. Бұл мәселенің бірнеше жолы бар. Өйткені, есту жолымен білінетін нәрсеге дауыс тән. Дауысы болмаған нәрсені ұғу кейде көру жолымен, кейде ауқымы кең білім (көңілге салу, білдірілу) арқылы да болады» деп, имам Матуриди мен имам Әшғари екеуі де Алла Тағаланың зәти кәлам сипатын мойындаған соң, оның адам баласына тікелей естілу мәселесінде түрлі көзқараста болуы ихтилаф лафзи (түсіндіру тәсіліндегі келіспеушілік), ихтилаф мағнауи (негізгі ой, мақсаттағы келіспеушілік) емес екенін айтады. Өйткені, біреуі: адамдардың түсінігінде есту ұғымы дыбыспен болатынын негізге алып, Алланың зәти кәламын адам баласы тікелей ести алмайды десе, екіншісі: білу жолдарының бірі көру сезім мүшесіне қияс қылады. Ал бұл екеуі де кәлам сипатының білім (көңілге салу) жолымен білдірілуін мойындайтынын алға тарту арқылы негізгі ойлары бір екенін айтады.

 материал «Матуриди сеніміндегі таңдаулы тақырыптар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: