14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Махаббатқа лайық жалғыз Алла екенін баяндау

Махаббатқа лайық жалғыз Алла екенін баяндау

Ислам тарихы

Расында, Алланы жақсы танымаған адам өзінің білімсіздік салдарынан Алладан басқаны жақсы көреді (яғни, Алланы қаншалықты танымаса, соншалықты басқаны жақсы көреді). Алланың елшісін (с.ғ.с.) жақсы көру махаббаты – мақтаулы іс. Себебі бұл Аллаға болған махаббатты білдіреді. Ғұламалар мен тақуаларға қатысты болған махаббат та осы сияқты.

Сүйіктінің сүйген нəрсесі де сүйіктіге айналады. Алланы жақсы көрсе, демек Оның елшісі де жақсы көрінеді. Мұның барлығы махаббатқа оралады, содан бастау алады. Рухани көздері ашық пенделер үшін Алладан асқан махаббат жоқ. Махаббатқа Одан асқан лайық ешкім де болмақ емес. Бұған қатысты түсініктемені жоғарыда айтқан махаббаттың бес себебі қамтиды. Өйткені осы себептердің барлығы да Алланың қасында жиналған. Төменде осы туралы баяндамақпыз. Бұл себептер Алла тағалада ғана кемел болары ақиқат. Одан басқада болуы – қиял əрі метафоралық сөз, ақиқат емес. Бұл дəлелденген шындық. Жүрегі ұйқылы, ақылы əлсіз адамдар Алла Тағаланың махаббаты мүмкін емес деп ойлайды. Ал рухани көзі ашық адамдар үшін бұл анық жағдай. Сол сияқты, ізденіс арқылы Алладан басқа ешкім шынайы махаббатқа лайық еместігі білінеді.

Бірінші себеп: Адамның өз нəпсісін, мəңгілігін, болмысының жалғасымдылығын жақсы көруі жəне өмірін қысқартатын, кемелдігіне нұқсан келтіретін барлық нəрсені жек көруі. Бұл жағдайды кез келген тіршілік иесінің табиғи жаратылысы десе де болады. Аталмыш қасиеттен ешкім құтыла алмайды. Бұл ақиқат, Алла тағалаға шексіз махаббатты оятады. Себебі өз нəпсісін жəне Раббысын таныған адам, өмірдің болмысы Алладан келетінін, өмірінің мəңгілігі мен кемелдігі Алла тағаладан берілетін нығмет екенін түсінеді. Олардың Алланың жаратуы мен жəрдемі арқылы болғанын жəне Аллаға оралатынын біледі. Демек, адамды дүниеге алып келген, жоқтан бар еткен – Алла. Кемелдік сипаттарды жəне кемелдікке жетелейтін себептерді жарату арқылы адам болмысын толықтыратын (кемелдететін) тағы – Алла. Сондықтан бұл себептердің өмірге келуіне, орындалуына жол ашатын да Алла тағаланың Өзі. Адам əуеліде жоқ еді. Алла Тағала мейірімі арқылы оны жаратпағанда, пенде мəңгілік жоқтықта қала беретін еді. Алла əлем болмысын келтіргеннен кейін де пенденің өз бетінше жасап кете алмасы анық. Егер Алла оны мейірімі арқылы мəңгі қалдырмаса, онда ол қайтадан жоқ болмақ. Пендені дүниеге келтірген Алла оның жаратылысын кемел қылмаса, ол əлсіз қалмақ.

Қорытып айтқанда, ешбір пенде өз болмысында əл-хай (мəңгі тірі), əл-қойюм (үздіксіз күзетуші емес). Өз болмысынан мəңгі тірі əрі үздіксіз күзетуші тек – Алла. Одан өзгенің əрбірі Оның болмыс себебінен ғана нəр алуда. Білгір адам өз болмысын жақсы көрсе, онда өзінің басқа заттан шыққанын білген кезде, əлбетте, болмысының себепшісін жəне мəңгілік өмір берушісін жақсы көреді. Ол Алла Тағаланы – Жаратушы, Болмысқа келтіруші, Жоқтан бар етуші, Қалдырушы, Өз болмысында тұрақты бола тұра өзгені тұрақты етуші деп біледі. Оны сүйеді. Егер пенде Алланы сүймесе, онда өзін жəне Раббын танымағандығы. Аллаға махаббат болмаса, махаббат танымының жемісі де болмайды. Махаббат əлсіз болса, махаббаттың жемісі де құнарсыз (əлсіз) болмақ. Махаббат күшті болса, оның жемісі де күшті.

Хасан əл-Басри (Алла оны рақым қылсын): «Кім Тəңірді таныса, Оны сүйеді. Кім дүниенің ақиқатын білсе, онда дүниеден безеді», – деген. Адамның өз нəпсісін жақсы көріп, нəпсіні жаратқан Тəңірді жақсы көрмеуін қалай түсіндіруге болады?! Күннің ыстығынан қиналған адам көлеңкені жақсы көргені сияқты, көлеңке түсіріп тұрған ағаштарды да жақсы көреді ғой. Болмыстағы барлық нəрсенің Алланың құдіретімен байланысын, көлеңкенің ағашқа, ал күн шуағының күннен шығатын байланысына ұқсатуға болады. Сондықтан кез келген нəрседе Алланың таңбасы (əсері) бар. Барлық нəрсенің болмысы Оның болмысына байланысты. Бұл мысал білімсіз адамдар үшін өте дұрыс. Себебі олар жарық күннің əсері, одан тарап, сол арқылы пайда болады деп сенеді. Алайда бұл қате пікір. Жүрек иелеріне Аланың ақиқаты ашылатыны сияқты, көзбен көрінетін нұр (жарық) Алла Тағаланың құдіретінен пайда болады. Күнді жəне басқа да барлық денелерді жаратқан – Алла. Күннің нұры, оның пішіні мен бейнесі де Алланың құдіретімен тəмамдалған. Демек, адамның өз нəпсісін жақсы көруі зəру жағдай екен, онда соны жаратқан жəне оған өмір берген Аллаға, Оның негізіне, сипатына, жаратқан денелеріне деген махаббаттың болуы да зəру. Кім осы ақиқиқатты түсінсе, онда нəтижесі осылай болмақ. Ал енді кім бұл махаббаттан мақұрым болса, нəпсі мен құмармен əуреге түсіп, Раббын ұмытады. Оны шынайы біліммен танымайды, ол адамның көзі құмармен шектеліп, сыртқы бейнені ғана көретін түйсікпен отырып қалады. Сөйтіп, ол тек көрініп тұрған дүниені ғана танитын болады. Бірақ мұндай əлеммен шектелу, дүниеге əуес қойып, одан пайда табу (парасатсыз) жануарлардың да қолынан келеді. Алланың патшалық əлеміне тек періште сипатты адамдар кіре алады. Оның сипаты періштеге қаншалық жақын болса, патшалық əлем сырларын да соншалық көп көре алады. Парасатсыз жануар əлемінің шырмауына түсіп қалған пенде бұл əлемге (Алланың патшалығына) кіре алмас.

Екінші себеп: адамның өзіне жақсылық қылған, мал-мүлкімен, басқа да мүмкіндіктерімен жəрдем көрсеткен, дұшпанды жеңген, оны бұзық адамдардың кесірінен сақтап қалған жəне басқа да жақсылықтарға себепші болған адамды жақсы көруі. Күмəнсіз, мұндай адамдарға махаббат ауады. Бұл жағдай да жоғарыдағы сияқты, Аллаға деген махаббатқа жол бастайды. Егер пенде ақиқатты түсінсе, оған жақсылық жасаушы тек Алла екенін біледі. Алланың күллі пенделерге жасайтын жақсылық түрін есептеп (көрсетуге) құдіретіміз жетпейді, себебі бұл есеп-қисаптың шеңберіне симайды. Алла Тағала: «Егер Алланың нығметін санасаңдар, санынана жете алмайсыңдар», – деген (Наһл: 18).

материал «Аллаға махаббат» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: