16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Кітап оқу әдетін қалай қалыптастырамыз?

Кітап оқу әдетін қалай қалыптастырамыз?

Ислам тарихы

Әдет дегеніміз адамның күнделікті бір істі қайталай беруден туындаған адамның мінезі мен іс-қимыл ерекшелігі. Міне осы іс-қимылды қалыптастыруда дініміз керемет қағида ұсынады.

Исламда аз-аздан үздіксіз деген қағида бар. Бұл сөз асылында ардақты пайғамбарымыздың сөзінен алынған. Онда: «Аллаға ең ұнамды іс аз болса да үздіксіз болғаны», – делінген. Осы қағиданы кітап оқуға салар болсақ сұрағымыздың жауабына қол жеткіземіз. Әрине барлық адам бірдей емес. Біреулер жастайынан кітап оқуға әуес болса басқаларына ол әдет кейіннен пайда бола бастайды. Негізі, кітап оқу нығметі көп адамға берілмеген. Шынымен айналамызға, араласатын ортамызға қарасақ кітап оқитындар аз. Жалпы қазіргі қоғам кітап оқудан алыс десек болады. Оның себептері көп. Оны ашып түсіндірсек тақырыптан алыстап кетеміз. Бірақ проблеманың бар екендігі шындық. Оқитындар аз. Сол нығмет берілгендердің қатарынан болғысы келген адам осы алтын қағиданы сақтау керек. Бастысы сан емес сапа. Сіздің қанша кітап оқығандыңыз маңызды емес. Маңыздысы не оқыдыңыз және одан қандай пайда алдыңыз. Ол нәрсе дүние ақыретіңізге пайдалы ма? Бастысы сол.

Әдет қалыптастыру үшін оған әуелі дағды керек. Дағды уақыт өтумен пайда болады. Өзіңіз қызығатын кітапты таңдап, соны белгілі уақытта бітіруге мақсат қойыңыз. Керекті кітаптар тізімін жасаңыз. Мысалы жүз беттік кітап болса күніне он бет оқыңыз. Он күнде жүз беттік кітапты бітіресіз. Ол ауырлық етсе бетті азайтасыз. Бет маңызды емес бастысы үздіксіз оқу. Тамшылағын судың тас жарғаны секілді үздіксіз оқи берген адам бір күні кітап құртына айналатыны сөзсіз. Әлемге әйгілі араб әдебиетінің көрнекті өкілі ғалым көп кітап оқумен танылған Али Тантауи кітап оқу әдетін қалыптастыру үшін адам күніне 5 бет оқып сол әдетінің арасын ешқашан үзбеу керек деген екен. Мысырлық хадис ғалымы Ахмад Мағбад Абдул Кәрим «Мен күніне ұйқыға жатардан алдын он минут ғана уақытымды оқуға арнап он үш томдық Фәтх әл-Бәри, төрт томдық Тәһзибут тәһзиб және т.б кітаптарды оқып бітірдім. Ең бастысы үзіліссіз оқу керек» деген. Ғұламалардың айтуы бойынша адамның жаратылысы періштеге ұқсастығы бар. Әрдайым бір нәрсеге ұмтылып тұрады. Мысалы періштелер Аллаға күндіз түні ғибадат етеді. Одан шаршамайды да жалықпайды. Бір сәтке болса да қалғымайды. Өйткені ғибадат етуге махаббат қойған. Кімде кім осылай бір нәрсеге махаббат қойып сол жасаған нәрсесімен ләззат алатын болса, ол нәрсе қанша көп орындалса да ол одан жалықпайтын болады. Кітап оқуға да солай махаббат қойса, оны оқудан ешқашан жалықпайды.

Ғалымдардың: «Ықылас таңғажайып істерді жасайды», – деген сөзі хақ. Қағида бұзылса жүйе бұзылады. Жүйесіздік тұрақсыздыққа әкеледі. Тұрақсыз орындалған іс нәтижесіз болады. Мысалы біреу кітап оқуға қызығып, бәрін сол сәтте оқып шығады. Бірақ содан кейін бір ай кітаптың бетіне қарай алмай жүреді. Себебі, ол қағиданы сақтамады. Әбден кітап оқуға төселгеннен кейін сіздің азаздан деген мөлшеріңіз бәлкім 100 немесе 200 бет болар. Бірақ ол деңгейге жету үшін сіз қағиданы сақтауыңыз қажет. Өзіңізге қанша бет бекіттіңіз соны ғана оқыңыз. Уақытыңыз болып тұрсада тоқтауды үйреніңіз. Сол кезде ертеңгі мөлшерді оқуға ықыласыңыз сақталады.

Күніне қанша уақыт бөлу керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Уақыт тауып күнделікті бет мөлшерін орындауыңыз керек. Оқып жатқан кітаптарыңыздың тізімін жасап, күнделік жасаңыз. Бұл нәрсе сізді жүйелілікке үйретеді. Мысалы сіз күндік мөлшерді он бес минутта орындауыңыз мүмкін немесе одан да аз уақытта. Сондықтан бір кітаппен ғана шектелмей бірнеше кітап тағайындап әрқайсысына бес бет оқу мөлшерін қойсаңыз күніне кем дегенде оқуға жарты сағат уақытыңыз кетеді. Сіз бұлай оқу арқылы айына екі немесе үш кітап бітіріп отыруыңызға болады. Осылайша кітап оқу әдетін қалыптастыруға болады. Бір жағынан бірнеше кітапты қатар оқып жүру бір кітаптан жалығуға апармайды.

Қоғамда кітап оқу әдетін қалыптастырып адамдарды оқуға дағдылау үшін кітап оқу жарыстарын ұйымдастыру, қоғамдық орындарда кітап сөрелерін қойып қызықты кітаптармен толтыру, кітап оқу марафондарын көптеп ұйымдастыру секілді шараларды жасауға болады. Жалпы адамдарға кітапты өзіңе серік етсең ойлауың өзгеріп жетістікке жетесің деген ойды санасына қалыптастыру керек.

Кітапханаға жиі баруды әдетке айналдырыңыз. Кітапты оқымасаңызда жәй олардың арасында отырудың өзі сізге әсер етеді. Кішкентай баласын кітап оқуға баулағысы келген бір ғалым оны кітап бөлмесіне күнде сыртынан кілттеп кетеді. Сонда бала күндердің бір күні кітапқа қызығып оқи бастаған екен. Сол сияқты сізде бір күні кітаптардың арасында көп отырып, бір күні қызығып оқып кетерсіз. Бұл әңгімеге әзілге ұқсағанымен ұстаздармыздың бізге ілім алуды бастаған кездегі берген кеңестерінің бірі еді. Кітаптардың арасында оқымай жәй отырудың өзі нығмет.

Әдет қалыптастырғанша оқуға қиналуыңыз заңды құбылыс. Бірақ мына сөзді есте сақтаңыз. «Кім істің басында қиындық сезбесе соңында рахатқа бөленбейді». Бұл қиналуыңыз өзіңізді жақсы іске баулуыңыз. Халқымыз сабыр еткен, мұратқа жеткен деген. Өйткені адам егер нәпсісін пайдалы іспен бағыттамаса, нәпсі адамды пайдасыз іке бұрып қояды.

Құранда: «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер», – делінген.

материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: