05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Мұсылман еместердің ақылары

Мұсылман еместердің ақылары

Пәтуа all

Соғыс жағдайы, не болмаса қандай да бір қауіп төнетіндей болмаса, мұсылман еместердің ақысын жеуге, мал-мүлкіне, жеке басына қол сұғуға əсте болмайды. Тек, Исламнан безген мүртəдтардың мейлі еркек болсын, мейлі əйел болсын өмір сүрулеріне құқы жоқ. Бірақ, ол жазаның өзін мемлекет қана белгілей алады.

Мүмин өзінің мүмкіндігімен өзгелерден артық болмайды. Егер мүмин адам басқа діндегі адамға əлімжеттік көрсететін болса, дүние мен ақыретте жазаланады. Сондықтан, мұсылмандар өзге дін өкілдерінің де ақысына құрметпен қарап, діні басқаның əлдебір заты қолына түскен жағдайда, иесіне қайтарады, өзі болмаса жақын туыстарына, мұрагерлеріне тапсырады. Осы арқылы бір жағынан Исламның шын ізгілігін көрсетеді.

Ешкімнің де құқығы аяққа тапталуы тиіс емес. Мұсылманның кісілігі ақиқат пен əділетті жақтағанда көрінеді. Алла тағала шындықты, əділетті жақтауда бізді дəйекті, тұрақты қылсын.

Адамдарды діні басқа екен деп алаламай, мəміле талаптарын қатаң сақтап, уəдеде тұру керек. Басқа дін өкілі болса да, соғысып жатқан жауының əйелдерін, бала-шағасын, қарттар мен дін адамдарын өлтіруге болмайды. Оларды азаптауға, жəбірлеуге тағы рұқсат жоқ. Өзге дін өкілдерін мəжбүрлеп діндерінен бас тартқызуға тыйым салынған.

Олардың діни жоралғыларын жасауына кедергі келтірмей, кедей-кепшіктеріне қарасып, науқастарының көңілін сұрап бару қажет. Сондай-ақ, олардың діни сенім-нанымдарын келемеждеу, табынған пұттары мен тəңірлерін тілдеу мен сындыру да ерсі қылық. Құран кəрім: «Олардың Алладан өзге сиынғандарын балағаттамаңдар. Əйтпесе, олар да білмей Аллаға тіл тигізеді», – деген («Əнғам» сүресі, 108-аят).

Мұсылман адам ел ішіндегі бөгде дін өкілдеріне тілімен де, қолымен де қиянат жасамайды, дүниесіне қол сұқпайды, оларды балағаттамайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Мен мұсылман елінің шаңырағы астында бейбіт күн кешкен өзге діндегілерге жəбір көрсеткеннің дұшпанымын», – деген. Мұсылман діні тек қана бейбітшілікке негізделген. Құранның «Ниса» сүресінің 136-аятын тəпсір жасағанда, Құртуби жəне басқа да тəпсір ғалымдары аяттағы «бөгде көрші» сөзін діні бөлек көршілер деп түсіндірген. Құрандағы «Уа, халқым, Алланың шақырушысын қабылдаңдар жəне Аллаға иман келтіріңдер. Сонда күнəларыңды жарылқап, күйзелтуші азаптан қорғайды» («Ахқаф» сүресі, 31-аят) деген аятын түсіндіргенде ғалымдар «күнəларды жарылқап» деген жолдар арқылы тек Алланың ақысы туралы сөз болғанын меңзейді. Өйткені, адамның мойнындағы кісі ақысы тек иман келтірумен кешіріле салмайды. Рас, өзге діндегі адам қан төгіп, қарақшылық жасап, кейін мұсылмандыққа өткен болса, барлық күнəсі жуылады. Дегенмен, ол кезінде əлдекімнен аманат немесе қарыз алған болса, Исламға кіргеннен кейін қарызын қайтармай қоюға құқығы жоқ. Мұсылман еместер өзара мəміле жасағанда мəміле талаптары олардың біреуінің Исламға кіруімен өзгермейді. Əу бастағы келісім сақталады.

Кісі ақысының кешірілуі үшін тек Алладан ғана кешірім сұралмайды, ақы иесінің де разылығын алу керек.

Ей, билер, еш білмейсің өлеріңді,

Харам іске жұмсайсың өнеріңді.

Зар жылатып момынның жейсің малын,

Иманыңнан білмейсің төлеріңді.

Қорықсаң би, кедейден жеме пара,

Ақыретте екеу жоқ, жүрер дара.

Қызығына жалғанның алданам деп,

Қияметте болмаңыз жүзіқара.

 

Құлтума Сармұратұлы (1840-1915)

 

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: