13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік

Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік

Ислам тарихы

Сахабалар болсын, олардың сұхбатын тыңдау бақытына ие болған табиғиндер болсын немесе оларды көрген тәбә-табиғиндердің қай-қайсысы да естігендерін естіген күйі жүрдім-бардым қабылдай салатын жай адамдар емес еді.

Бұлар жүрегі пәк, жаны нәзік болумен қатар, естігендерін елеп-екшейтін, ақыл мен қисын таразысына салатын қырағы, ұқыпты жандар еді. Олар хадисті зерттеп, зерделеп, елеп-екшеп барып қабылдаған. Риуаяттардың дұрыс-бұрыстығын асқан мұқияттылықпен тексеріп барып, кейінгілерге жеткізген. Осы айтылғандарға қатысты көптеген мысалдан тек бірнешеуін ғана баяндап өтпекпіз.

Пайғамбардың ескертуі

Алдымен мынаны жақсылап ұғып алуға тиіспіз: Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлейтін болса, жаһаннамдағы орнын дайындай берсін» немесе басқа бір риуаятта «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін» деген.

Шындық пен жалғанның арасы Расулалла (с.а.с.) мен Мусайламатул-кәззабтың немесе жер мен көктің бір-бірінен алыстығындай десек, сол дәуірде ең басты ізгілік шындық болатын. Сонау нұрлы ғасырда ешбір мүмин, әсіресе, сахаба мен табиғин Алла елшісінің (с.а.с.) атынан жалған сөйлеу тұрмақ, әзілдеп өтірік сөз айтпайтын. Мұны әзірет Алидің мына сөздері дәлелдей түседі: «Мен сендерге Расулалладан естігенімді баяндағанда барынша абай болуға тырысамын, өйткені оның атынан жалған араластырып сөйлегенше биіктен құлап күл-паршамның шыққаны артық».

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де бұл тұрғыда «Кімде-кім жалған екенін біле тұра менің атымнан бір сөз риуаят етер болса, ол – өтірікшінің нақ өзі» деп ескерткен. Олай болса, шыншылдығымен, адалдығымен танылған, аз ғана уақыт ішінде Ислам дінін айдай әлемге таратып, адамзаттың ізгі тәрбиешілері атанып үлгерген осынау жамағаттан жоғарыдағы хадиске қайшы келетін әрекеттің шығуы мүмкін бе?!

Сахабалар мен табиғиндердің ыждағаттылығы

Хадиске қырағылық танытудың қажеттігін терең түйсінген сахабалар бұл іске аса мұқияттылықпен қарайтын, тіпті кейбіреулері хадис риуаят етуден қорқатын. Мәселен, алғашқы мұсылмандардың бірі Абдулла ибн Масғудтың хадис риуаят етудегі ықтияттылығы ерекше болатын. Сахабалар ол туралы «Біз Абдулла ибн Масғудты (р.а.) таныған сәттен бастап Алла расулының әһл-бәйтінің бір мүшесі шығар деп ойлайтынбыз» деген, өйткені Ибн Масғуд Пайғамбардың үйіне емін-еркін кіріп-шығатындай жақын қарым-қатынаста болған. Әзірет Омар да (р.а.) халифалығы тұсында оны Куфаға Исламның өкілі ретінде аттандырып тұрып, Абдулла ибн Масғудтың қаншалықты қадірлі екенін мына сөзімен білдірген: «Уа, Куфалықтар, егер сіздерді өзімнен артық көрмегенде, Абдулла ибн Масғудты арнайы жібермес едім».

Осынау саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғудтан хадис риуаят етуін өтінгенде, көзі жасаурап, басын төмен иіп «Расуллала былай деді» деп бастайтын. Сәлден кейін қайта өз-өзіне келіп басын көтеріп, терең тыныс алатын. Сосын жейдесінің түймелерін ағытып, кеудесін ашып содан соң ғана хадисті риуаят ететін. (Ең соңында (Мен жадымнан айтып шықтым, алайда мынаны да қаперге алғайсыздар), Расулалла осы менің айтқаныма өте ұқсас, жақын мағынада сөздер айтты» деп ескерту жасауды да ұмытпайтын.

Расулалланың (с.а.с.) хауариі, яғни жақын жәрдемшісі саналатын, қаһарман апасы әзірет Сафияның (р.а.) ұлы, тұңғыш мұсылмандардың бірі, көзі тірісінде жаннаттық екендігі сүйіншіленген он сахабаның арасында аты аталған Зүбәйір ибн Аууам да өте аз хадис риуаят еткен. Бір күні ұлы одан: «Әке, сіз неге хадис риуаят етпейсіз?» – деп сұрағанда, ол: «Аңдаусызда Пайғамбарымыз айтпаған сөз қосып қоямын ба деп қорқамын, себебі Расулалла: «Менің атымнан жалған айтқан адам, жаһаннамдағы орны дайын деп білсін», – деген еді» деп жауап қатқан.

Табаны күректей он жыл бойы Расулаллаға қызмет жасаған Әнәс ибн Мәлік (р.а.) те: «Егер қате жіберем деп қорықпасам, Алла елшісінен мұнан да көп хадис жеткізер едім», – деген.

Бес жүз сахабамен жүзбе-жүз танысып, халық арасында «Бес жүз сахабамен кездескен адам» ретінде танылған табиғиннің алдыңғы қатарлы ұстаздарының бірі Имам Әбу Юсуфқа, тіпті Әбу Ханифаға Куфада үлкен ықпал жасаған Абдуррахман ибн Әбу Ләйла: «Жүз жиырма сахабамен таныс болдым. Жүз жиырмасы түгел мешітте бірге отырғанда, олардан бір мәселе жайлы сұрай 

қалсаң, әуелі бәрі бір-бірінің жүзіне қарасады, ондағылары – Расулалланың (с.а.с.) сөзіне артық бір сөз қосып алам ба деген қауіп: ешқайсысынан жауап болмаған соң, ақырында, біреуі батылданып, әуелі Аллаға сиынып, ибн Масғуд сияқты «Осы мағыналас», «Осыған жақын», «Осыған ұқсас» деп алдын-ала ескертіп барып риуаят жасайтын», – деген.

Пайғамбарымызбен сұхбаттас болумен қатар, Әбу Бәкірмен, Омармен (р.а.) етене жақын араласқан Абдулла ибн Әрқам (р.а.) халифалардың тұсында қаржы істерін басқарып, қалтқысыз адал қызмет жасады. Алайда күндердің күнінде Османның (р.а.) қазынаға өткізген өз малынан бір бөлігін алып, жақын туыстарының біріне бергенін көріп, қазынаның кілтін әзірет Османға (р.а.) тапсырады да, «Уа, мүминдердің әміршісі! Халық осы істегеніңді көрсе, сен туралы да, мен туралы да жаман ойлайтын болады. Мені бұл жауапкершіліктен мұнан былай босатсаңыз», – деп, соған дейін атқарып келген ісінен өз еркімен бас тартады. Міне, осынау абзал жаннан Абдуррахман ибн Әбу Ләйла бір хадис риуаят етуін өтінгенде, ол: «Қарағым, қартайдық, ұмыттық қой... Расулалладан хадис риуаят ету – өте ауыр әрі қиын шаруа», – деп, қынжыла жауап берген.

Сөзбе-сөз жеткізудегі ықтияттылық

Хадисті риуаят етуші, яғни рауи алдымен тілді өте жақсы білуі керек. Кей жағдайларда Расулалланың (с.а.с.) аузынан шыққан сөзді қаз-қалпында болмаса да, мағынасынан ауытқымай жеткізуге рұқсат етілгенімен, сахабалар Расулалланың аузынан шыққан сөзді дәлме-дәл, сөзбе-сөз, бірде-бір сөзін, тіпті бірде-бір әрібін өзгертпестен жеткізуге тырысып баққан. Мысалы, Убайд ибн Умайр бір күні Абдулла ибн Омардың қасында мынадай хадисті риуаят етеді: «Мұнафық екі отардың арасында қалып қойған (қайсысына қосыларын білмей әрі-сәрі күй кешкен) қой сияқты», яғни мұнафық – кәпірлер мен мүминдердің арасында не әрі емес, не бері емес, екі ортадағы екі жаққа да жақпайтын сүйкімсіз жан. Мүминдермен бірге болғаны үшін кәпірлер оны жек көреді, иманды бойына толық сіңіре алмағандықтан, мүминдер арасында да ол өзін жайсыз сезінеді. Мұны естіген ибн Омар (р.а.) дереу ашуланып: «Жо-жоқ, Расулалла (с.а.с.) олай демеген», – деп қарсы дау айтады. Умайр: «Ал қалай деді?» – дегенде, ибн Омар тұрып: «Мен Расулалладан бұл хадисті былай естіген болатынмын», – деп, өзі естігені бойынша, деп айтып шығады56. Сондағы екі сахабаның риуаятындағы айырмашылық тек мен (аира мен рабида) деген сөздің айырмашылығында ғана туындады. Осы хадис «Муснәдта» былайша баяндалған:

Убайдуллаһ ибн Умайр: «Мұнафықтың жай-күйі екі отар арасында қалған қойға ұқсайды: бір отарға қосылмақшы болса, оны сүзіп шығарып тастайды, екіншісіне барса, олар да сүзеді», – деп риуаят етеді. Ал Абдулла ибн Омар – дың орнына болуы керектігін айтады, өйткені ол Пайғамбарымыздан солай естіген еді.

Сахабалардың хадис риуаятындағы мұқияттылығын табиғин де, тәбә-табиғиндер де берік ұстанған. Мысалы, мәшһүр Суфиян ибн Үйәйна мынадай хадис жеткізген: «Расулалла іші шайырмен сыланып, қауақтан жасалған ыдыстарда (жүзім, құрма секілді) жеміс шырынын құйып, ашытуға тыйым салды». Дәл осы хадис бірде Суфиянның жанында сәл өзгертіліп деп айтылады, сондағы айырмашылық – хадисте етістіктің басқа формасының қолданылуы, яғни мағынада ешқандай өзгеріс болмаса да, Суфиян мұны естіп тұрып үнсіз қала алмайды, Расулалладан естігенін сол күйінде оқып береді.

Міне, сахабалар болсын, табиғин немесе тәбә-табиғин дәуіріндегі мүминдер болсын, хадистерді риуаят еткенде, Пайғамбардың (с.а.с.) аузынан шыққан сәттегідей, еш өзгеріссіз болуына аса мән беретін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баз біреулердің «Сахабалар, табиғин және тәбә-табиғин заманындағы мұсылмандар Алла расулынан естігендерін өз сөздерімен жеткізген, сондықтан хадистер шариғат үкімдеріне негіз бола алмайды» деп айтқан жаңсақ пікірлерінің қаншалықты негізсіз екенін осыдан-ақ білуге болады.

Бұхаридің «Китабуд-дағуат» тарауында Бәра ибн Азиб былай дейді: «Расулалла маған «Жатар кезде намазға дәрет алғандай дәрет ал, сосын оң жағыңмен жатып мына дұғаны оқы» деді: Мен осы дұғаны Расулалланың (с.а.с.) құзырында жақсылап жаттап, қайталап шықпақ болдым да, «Уә би расуликәл-ләзи әрсалта» дедім, Пайғамбарымыз «Уә би нәби-икәл-ләзи әрсалта» деп түзетті».

Осы мысалдан байқағанымыз, Пайғамбарымыз (с.а.с.) жоғарыдағы жағдайда бізге беймәлім себептермен «расул» атауынан гөрі «нәби» сөзін қолданудың дұрыстығын ұқтырған.

Иә, адам баласы ұйықтағанда не түс көргенде, нәбиліктің қырық алтыдан біріне сапар шегеді, өйткені ұйқы мен түс көру бір жағынан алғанда, нүбууатқа (пайғамбарлыққа) қатысты, алайда рисалатқа (елшілікке) мұның қатысы жоқ, рисалат (елшілік) – көздің ашықтығы мен көңілдің ояулығын қажет етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жоғарыда айтылғандай, ыждағаттылығын сахабалар да өз хал-қадарынша сақтап, хадистерді асқан ықтияттылықпен қабылдап, өзгелерге де дәл солай жеткізген.

Өзара талқылау

Сахабалар Расулалладан (с.а.с.) қабылдап алғандарын өзгелерге таратып, жеткізумен ғана шектелмей, үйренген, бойларына сіңірген мәліметтерді өз араларында ортаға салып, пікірлесіп, өз көзқарастарын білдіретін. Өздері пікір білдіргені сияқты, кейіннен шәкірттерінен де сол мәселеге қатысты көзқарас білдіруін талап еткен. Мысалы, сахабалардан Әбу Сағид әл-Худри мен ибн Аббас шәкірттеріне: «Осы хадистерді жаттап алыңдар, ол жайлы ойларыңды ортаға салыңдар. Бір хадисті талқылағанда, басқа бір хадис еске түсуі мүмкін. Сол себепті хадистерді өз араларыңда ұдайы еске түсіріп, жеке көзқарастарыңды білдіруді әдетке айналдырыңдар», – дейтін.

Хадистің маңыздылығын жете түсінген әрі хадисте баяндалғандай, періштелер ілім иелерінің жолына қанаттарын төсеп, құрмет қылатынын жақсы білетін сахабалар әр хадисті сөзбе-сөз жаттап, оның мағынасын түсіну үшін өз араларында пікір таластырып, содан кейін ғана басқаларға айтатын. Міне, хадистер осындай ортада адамдардың жадында жатталып, өмірдің мәні мен мағынасына айналып, саф халде бізге дейін жеткен.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: