06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Дәстүрлі ислам: ерекшеліктері мен құндылықтары

Дәстүрлі ислам: ерекшеліктері мен құндылықтары

Ислам тарихы

Дін – кез келген жеке адам, қоғам, ұлт өміріндегі ең маңызды фактор. Дін, сенім болмаса, үлгілі мәдениет құру да мүмкін емес. Тарихта дінге немқұрайды қараған мемлекеттер қанша алып болса да, ұзақ салтанат құра алмаған. Ал бүкіл адамзат тарихында Ислам дінінің алар орны ерекше. Оның ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем әлдеқашан мойындаған. Мың жылдан астам уақыттан бері ата-бабаларымыз осы ислам дінін ұстанып, жоғары бағалап келеді.

Ислам – адам баласына айналадағы жанды-жансыз барлық жаратылысқа қамқорлықпен, жанашырлықпен қарап, оларды заңды жолдармен және белгіленген мөлшерде пайдалануды әмір ететін дін. Демек, ол тек адамдар арасындағы емес, бүкіл жаратылыс арасындағы ғажайып үйлесімділік пен үндестік негізінде құрылған.

Адамзаттың қазіргі биігінен көз салсақ, тарих көшінің бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыстардың бірі – Ислам діні екенін көреміз. Бақытқа бастаймыз деген талай идеологиялар тоқырауға ұшырап жатқанда, Ислам діні жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын әлемді баурап бара жатқаны баршамызға аян. Өйткені асыл дініміз адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа шақырады. Алла тағала мен пайғамбарларға және дүниедегі бүкіл жаратылыстарға әділетті болуға үндейді.

Ислам дінінің алғашқы бұйрығы «Оқы!» болды. Сондықтан мұсылман үмбеті Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге кірісті. Ұлы шебердің құдіретіне саналы түрде бас июдің артықшылықтарын бүкіл адамзатқа түсіндірді. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят) деген аяттарды, сондай-ақ «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынды. Сондықтан болар, мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, кәлам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан.
Сондай-ақ ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытты. Әсіресе, халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білім дегенде алдарына жан салмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар жетілген. Айталық, медицинада – Әбу Бәкір әр-Рази, Ибн Сина; математикада – әл-Хорезми, Ибн Жәмшид, әл-Бируни; химияда – Жәбир ибн Хайян, әл-Мақсиди; пәлсапада – Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Кинди; астрономияда – әл-Баттани, Али Кушшы; тарихта - әл-Масуди, ат-Табари, Ибн Халдун; географияда – Ибн Батута, Ибн Хаукал т.б.

Ата-бабаларымыз да сан ғасыр бойы Ислам дінінің осы және өзге де құндылықтарын өмірмен біте қайнастыра ұстанып, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ауызбіршілікпен бейбіт өмір сүріп келді. Діни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күні кешеге дейін болып көрген емес. Бар қазақ бір дінді, бір мәзһабты, бір ақиданы ұстанып келді. Намаз оқыса да, Құран оқып, бет сипаса да, тәспі тартып, дұға етсе де ешкім бір-біріне: «мынауың не, сен қателесіп отырсың, адасып жүрсің» деп білгішсінгендер атымен болған жоқ. Үлкендер жасы кішілерді мәңгілік тозбайтын мұсылмандық құндылықтарға тәрбиелеп отырды. Әке ұлын, шеше қызын имандылыққа, көркем мінезділікке, адамның қадірін білуге баулыды.

Шариғат ілімінен терең хабары жоқ адамдар өзі білмейтін дін ісіне орынсыз араласқан жоқ. Әркім дінді білетін имам-молдалардың айтқанын заң деп білді. Құранды қастерледі. Намаз оқитын адамды сыйлады. Осылайша, мамыражай отырған кезде тарихтың қараңғы парақтары ашылып, Кеңес өкіметі орнады. Нәтижесінде дінге шектеу қойылды. Мешіттер қиратылып, Алланың атын айтқан адам қатаң жазаланатын болды. Халық діни құндылықтарға қатты шөліркеген замандар келді. Бірақ ең бастысы, қазақ халқы қанша қиналса да, қанша тепкі-теперіш көрсе де, еш уақытта жүрегіндегі иманын ұмытқан жоқ. Осыған өз басым кәміл сенемін.

Кеңес өкіметі тарқаған соң, оның құрамында болған мемлекеттердің әрқайсысы өз елдерінің діни мәселелерін шеше бастады. Әсіресе, тарихи тамырлары Исламмен астарласып жатқан жұрттар өз салт-дәстүрлері, ұлттық өнерлерімен бірге адам рухының негізгі қуаты саналатын дініне де көбірек көңіл бөлді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыстардың орын алмауы үшін әркімнің сенімі мен ар-ожданына бостандық берілді. Алайда Кеңес одағы кезінде пайда болған рухани бос кеңістік (вакуум) дәстүрлі емес кейбір діни көзқарастармен толыға бастағаны жасырын емес. Өйткені «Құдай жоқ» деген қоғамнан булығып 

шыққан халық, әсіресе, жастар өздерінің дінге арналған жүрек қоймаларын асығыс жағдайда толтыруға кірісті. Халықтың дағдылы түсінігіне жат діни көзқарастардың салдарынан конфессияаралық қақтығыстарға жол бермеу үшін бұрынғы Кеңес құрамындағы мемлекеттердің көпшілігі қоғамның рухани өмірін өз бетінше жібермей, белгілі бір жүйемен басқаруға тырысты. Сөйтіп, зайырлы мемлекеттердің өзінде Діни басқармалар, мүфтияттар, мүфтилер кеңестері құрылды.

Ата-бабаларымыздың өмірлерімен біте қайнасып жатқан Ислам дінімен қайта қауышатынына қазақ елі де қуанды. Сөйтіп, діни сауат ашу, иман шарттарын қайта жаңғырту, жоғалған діни-рухани құндылықтардың орнын толтыру секілді «қалпына келтіру» жұмыстары шұғыл қолға алынды.

Дегенмен еліміз егемендігін алып, өз тізгіні өз қолына тигенде, діндерге рұқсат берілуімен бірқатар проблемаларға да жол ашылғанын ешкім ә дегеннен сезіне қойған жоқ. Мәселен, еркіндікті пайдаланып, діни сауатына қарамай, әркім дін жайлы пікір айта бастады. Дін саласының маманы болсын, болмасын, кез келген адам діни көзқарасын еркін білдіруге құқықты болды. Тіпті тек көзқарас білдірумен шектелмей, қарапайым халықты түрлі ағымдарға тартқандар да аз болмады. Бірте-бірте дінді емес, өз пікірлерін негізге алып сөз таластыру көбейді.

Сондай-ақ ашық ақпараттық жүйедегі еркіндікті пайдаланған кейбір радикалды топтар Ислам дінін халық арасына теріс бағытта жая бастады. Олар мыңдаған жылдар бойы дінмен біте қайнасып келген кейбір ұлттық қазыналарды мансұқтап, түкке алғысыз етіп көрсетті. Ал шындығында, ұлттық құндылықтар Исламға жат емес еді.

Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер ата-бабаларымыз ұстанып келген Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасын басшылыққа алып, соған сай қызмет етеді. Бұл – ел бірлігі мен ынтымағын одан әрі күшейте түсуге қызмет ету деген сөз. Сондықтан да бұл мәзһаб арқылы ұлттың шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлерін де одан әрі жалғастыруға тиісінше үлес қосу – діндарлар алдында тұрған міндеттің бірі. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2009 жылы Ислам діні мен өркениетіне арналған «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні», «Имам Ағзам Әбу Ханифаның туғанына 1350 жыл» атты халықаралық конференциялар өткізді. Оған алыс және жақын елдерден дінбасылары мен исламтанушы ғалымдар қатысып, келелі ой толғады. Бұл алқалы жиындардың материалдары арнайы жинақ болып жарық көрді.

Осы тұста тағы бір рет тарихқа шегініс жасайық. Ислам діні қазақ еліне VІІІ ғасырда келді. Бабаларымыз исламды ұлттық болмысына соншалықты жақын болғандықтан, жүрек қалауымен қабылдаған. Соның нәтижесінде қазақ сахарасына Ислам біржола орнығып, ежелгі Отырар-Фараб, Исфиджаб, Тараз өлкесінде мәдениет пен білім-ғылым бірте-бірте өркендей бастады. Медреселер мен мешіттер бой көтерді. Оның қабырғасынан Ислам әлеміне танымал талай ғұламалар шықты. Мысалы, біз қазір Фарабтан шыққан 30-дан астам Фарабилерді, 50-ге жуық Таразилер, 40-тан астам Исфиджаби, Сығанақи, Йассауи, Түркістани, Женди секілді бірқатар даналарды білеміз. Әрине, орта ғасырларда Мауараннаһр бір жұрт, бір ел еді. Бұхара мен Самарқанд, Ташкент пен Марғұланда қаншама ұландарымыз дәріс алды, халқына, асыл дініне беріле қызмет етті. Олардың тағы бір тобы білім іздеп Шамға, Бағдад пен Мысырға сапар шекті. Сонда күн кешіп, өшпес шығармаларын туындатты. Сондықтан олар Ислам мәдениеті мен ғылымының – ұлы өркениетінің үздік өкілдері саналады. Дәстүрлі Ислам дегенде, әрісі ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.), берісі осы ғұламалар салып кеткен сара жолды еске алсақ керек. Бүгінде әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың жартысына жуығы осы мәзһабта. Бір мәзһабта болудың артықшылығы – халықтың біртұтастығын сақтайды, ынтымағы мен бірлігін күшейтеді. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ ұстауының да бірден-бір сыры осында. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы жат пиғылдың тууына да, соны себеп етіп, бөлінуіне де жол бермейді. Ханафи мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда көп жеңілдік беретіндігімен әрі демократиялылығымен де ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпенді халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі – өз дүниетанымы, болмысына оның тонның ішкі бауындай жақындығында. Ханафи мазһабы бойынша кімде-кім Алланың бірлігі мен хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хақтығын тілімен айтып, жүрегімен бекітсе, сол – мұсылман.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ханафи мәзһабын ұстануға бүкіл елді жұмылдыруға тырысуының себебі осы. Ендеше, елдегі діни алауыздықты болдырмай, жұрттың ынтымағын одан әрі күшейте беру үшін мемлекет тарапынан да осы мәзһабты қолдау қажет екені даусыз.

«Бірлік деген сөз – біздің ата-бабаларымыздан қалған өте ұлы, терең мағыналы ұғым. Біз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде бірліктің арқасында іргелі ел болдық» деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, Елбасы «Бірлігі бар ел озар, бірлігі жоқ ел тозар» деген аталы сөзді жиі айтады. Расында да, қазақ халқы атам заманнан бері бірлікке, тұтастыққа, бауырмалдыққа ерекше ден қойып келеді. Бірлік – біздің елдігіміз бен азаттығымыздың ақ туы. Қандай заман болсын, қазақ халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға дайын тұрған. Осы қасиетімізді ешқашан жоғалтып алмауымыз қажет. Біз қандай жағдайда болсын, алға ұмтылып, мемлекеттік идеяның төңірегіне топтасып, жылдар бойы тарихтың сынағынан сүрінбей өткен Ата заңымыз бен басқа да заңдарымызға құрметпен қарап, өмір сүргеніміз абзал. Біздің мақсатымыз – радикалды идеяларға зейін қоймау, өйткені бұл – біздің жүретін жолымыз емес. Ислам – ізгілік пен бейбітшілік діні. Бұл Құранда да анық көрініс тапқан. Исламның мағынасының өзі кез келген адамға жақсылық пен бейбітшілік тілеу дегенді білдіреді. Ислам дінінің бірлік пен татулыққа, бейбітшілік пен бауырмалдыққа үндейтінін оның тек бір ру, тайпа, халық не елдің ғана діні емес, керісінше, Жаратқанның барша адамдарға бір-бірімен бауырласуы, достасуы, бірігуі үшін жіберген діні деген ұғымнан да анық көрінеді. Ендеше, осындай асыл дінді атам заманнан бері ұстанып келе жатқан қазақ халқы өзінің ізгілігінен, қайырымдылығынан, татулығынан, сабырлылығынан ешқашан да айнымауы қажет.

Бүгінгі күні елімізде Ислам діні дамып, өркендеп, өсу жолында. Мұны өз еліміз тұрмақ сырт көз сыншыларымыз да танып-біліп, мойындап отыр. Мұнда дініміздің қамқоры, әрі сүйеніші Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі өлшеусіз. Былтыр ғана оның тікелей тапсырмасымен Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры құрылып, ел мұсылмандары үшін сұраныстағы көптеген діни кітаптар мен кітапшалар мол таралыммен шығарылып, мешіттер арқылы жамағатқа тегін таратылу үстінде. Қордың алдағы жоспарында қажетті діни кітаптар, оқулықтар шығарумен қатар қазақ топырағындағы Ислам ғұламаларының еңбектерін шетелдік мұрағаттардан тауып, зерттеп, зерделеп, тәржімалап, араға қаншама ғасырлар салып, халқымен қайта қауыштыру міндеті тұр.
Діни басқарманың ұсынуы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары дініміздің ең ұлық мерекесі – Құрбан айт еліміз бойынша демалыс күні болып жарияланды. Бұл да дәстүрлі Ислам дінін өркен жайдыруға қосылған үлес деп білемін.

Сондай-ақ 2011 жылы маусым айында Астанада өткен бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында Елбасымыз бүгінгі Ислам әлемінің ахуалына жанашырлықпен қарап, былай дегені есімізде: «Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді. Мысалы, үлкен сегіздіктің ішінде мұсылман үмбетінен бірде-бір ел жоқ. Бұл – Ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі. Үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша Ислам мемлекеттерінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша 

Нобель сыйлығының қанша иегері шықты? Ислам әлемінің қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты? Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауабын беруіміз қажет деп санаймын». Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ислам діні лаңкестікті лағнеттейтінін бәріміз білеміз. Тек білеміз деу жеткіліксіз деп ойлаймын. Ата дініміз лаңкестік тұрмақ, кез келген зорлық-зомбылыққа жол беруді жөн көрмейді. Сондықтан өз ішімізден шыққан дін атын жамылып, лаңкестік жасаушы қандайда бір ұйымдар мен жекелеген топтардың бейбастақ әрекеттеріне тойтарыс беруге тиіспіз» деген ойын ортаға салды.
Иә, осы олқылықтарды оң шешу үшін де дәстүрлі Ислам дінінің нығая түсуі тиіс. Мұсылмандар жік-жікке бөлініп, әрі-сәрі болып жатса, ондай биік мұраттарға қол жеткізу мүмкін емес. Ал елімізде дәстүрлі Ислам діні қанат жаяр болса, елдің экономикасы да, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі де, білім-ғылым саласы да, адамдар арасындағы қарым-қатынас та қарқындап дамитыны шындық. Өйткені Ислам діні сыртқы тазалықпен қатар ішкі рухани тазалыққа да шақыратындықтан, мұсылмандар жүрек тазалығына да қатты көңіл бөледі. Сол себепті өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, балағат сөз, күндеу, қызғаныш секілді жексұрын қылықтардан бойды аулақ ұстайды. Әрдайым азды қанағат тұтып, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысады.

Ислам діні қоғамда жауапкершілік деген ұғымның маңызын ұқтырды. Хадисте: «Патша мемлекетке жауапты. Отағасы отбасына жауапты. Малшы малына жауапты. Әйелі отағасының мүлкіне жауапты. Әркім қарамағындағыларға жауапты» (Бұхари, Жұма, 11) делінгендіктен, әр мұсылман өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Әбу Бәкір (р.а.) халифа тағайындалғанда, жауапкершіліктің зіл батпан ауырлығын сезіп: «Уаллаһи, осыншалықты жауапкершілік жүктелген адам болып жаратылғаннан гөрі түйе жейтін жантақ болсамшы?!» деп әрдайым терең күйзелісте жүргені белгілі. Ал ел басқарған кезінде халифа Омардың (р.а.) «Егер Евфрат өзенінің жағасында бір түйе жоғалса немесе өздігінен суға батып өлсе, Алла оның да есебін менен сұрай ма деп қорқам»; «Ең жақсы адам – маған кемшіліктерімді айтқан адам» деген мазмұны терең сөздер айтқаны мәлім. Бұл – Исламда жауапкершіліктің маңызы қаншалықты жоғары екендігіне дәлел.
Дәстүрлі Ислам діні сондай-ақ түрлі азғындықтарды ауыздап, қоғамда ізгіліктің үстемдік құруын қамтамасыз етеді. Исламға дейінгі араб қоғамының «қараңғылық дәуір» деп аталғаны тарихтан белгілі. Небәрі 23 жыл ішінде араққұмарлық, нәпсіқұмарлық, зинақорлық, әділетсіздік, қатігездік, қыз баланы тірідей топыраққа көму секілді көптеген қоғамдық індеттер түп-тамырымен жойылды. «Жәннат – аналардың табанының астында» 

(Нәсаи, Жиһад, 6) дейтіндей ананың, қыз баланың құрметі өсті. «Ұят – иманнан» (Бұхари, «Иман») делініп, ибалылық пен ұяттылық артты. «Көршісі аш кезде өзі тоқ жатқан адам бізден емес» (Хаким, ІІ, 15) делініп, мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығы молайды. «Өзеннен дәрет алсаң да, суды ысырап етуге болмайды» (Ибн Әби Шайба (713) Әбу Дарда) деген сыны биік, сыры терең ұстанымдар жолға қойылды. Дәстүрлі дінімізді дамытсақ, бұған қол жеткізуімізге болады.

Қорыта келгенде, Ислам діні – адамзат ойлап тапқан ешбір жүйемен салыстыруға келмейтін, жан-жақты толысқан иләһи жүйе!

материал «Ислам экстремизм мен лаңкестiкке қарсы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: