16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Ғалым мен уағызшының айырмашылығы

Ғалым мен уағызшының айырмашылығы

Ислам тарихы

Соңғы кездері ғылымға ешбір қатысы жоқ адамдардың есімдерінің көптеген кісілердің санасын жаулап алғанын байқап жүрміз. Дей тұрғанмен, қандай да бір адамның есімі санаға берік орнығуының сүйіспеншілікте, оның соңынан еруде үлкен әсері бар.

Мұның басты себебі, әлгі ғалымсымақтардың уағыз, хүтпа айтудағы қабілеттеріне қарапайым жүрттың алдануында жатыр. Міне, осындай қабілеті барларды былайғы жүрт асқан білімді ғалым ретінде қабылдап жүрген жайы бар. Сондықтан, жалпы қалың көпішіліктің (шариғи саланың маманы еместер) ғалымның мәжілісінен гөрі уағызшылардың мәжілісіне асығатындығын байқайтын боларсыз.

Сахаба Абдулла ибн Масғұд (р.а.) бір мәжілісте: «Сендер уағызшылары аз, фақиһтары көп заманда ғұмыр кешіп жатырсыңдар Сендерден кейін фақиһтері аз, уағызшылары көп заман келеді» деп айтқан екен (Әдәбул-муфрад). Әйгілі ғұлама Ибн әл-Жаузи әл-Ханбали  былай дейді: «Бұрынғы заман уағызшылары ғалымдар, фақиһтер болатын. Ұбайд ибн Ұмайырдың  уағыз мәжілісіне сахаба Абдулла ибн Омар келеді екен. Халифа Омар ибн Абдулазиз де оның мәжілісіне келіп қатысады екен. Кейін бұл мамандық, ғылым бірте-бірте өлді. Нәтижесінде бұл істі, яғни уағыз айтуды сауатсыздар қолға алды. Сауаттылар мұндай уағыз мәжілістерінен алыстай бастады. Ал, қарапайым жұртқа сауатсыз уағызшылардың уағыздары қызықты бола бастады. Уағызшылар ғылыммен айналысуды қойды. Оның орнына сауатсыз халыққа ұнайтын алуан түрлі аңыз-әңгімелер мен хикаялар айтуға құлшына кірісіп кетті» (Тәлбисул-Иблис).

Өкініштісі сол, біздің заманымыздағы уағызшылар да алған білімдері аз болғанына қарамастан, уағызшы атануға құмбыл тұрады. Өздерін ғылымды меңгерген жандай сезінеді және солай көрсеткісі келеді. Әсіресе, хадис ғылымын меңгердік деп менменсіп пәтуа беруге, сабақ оқытуға кірісіп кеткендер де аз емес. Міне, осылайша олар адамдардың ақиқаттан жырақтауының, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан негізі берік ғылыми әдістемеден, жүйеден ауытқуының негізін қалауда. Атақты имам әз-Заһабидің төмендегі сөзі осы сипаттағы ғалымсымақтарға арналған: «Олар – сыртқы бейнесімен ғана ғылымға қатысы бар адамдар. Діни ғылымға қол жеткізгендерінің өзі ауыз толтырып айтуға келмейтін, болмашы нәрсе. Сол болмашы дүниесімен асқан ғұламамыз деп қарапайым халықты алдап сендіріп жүр. Олардың басына «алған біліммен Аллаға жақындаймыз» деген ой кіріп те шықпайды. Себебі, олар ғылымға лайықты бір ғалымның тәлімін көрмеген. Осылайша қашқан-пысқан тобырға айналған. Олардың арасынан шыққан мұдарристің ең ұлы мақсаты – бағалы кітап жазу және оны сақтау. Күндердің күні туғанда әлгі жазған кітабына көз жүгіртіп, келтірген хадистерді бұрмалайды. Үкімдерді (имамдар тарапынан хадистерге берілген үкімдерді) растамайды. «Мұндай сорақылықтан Алла сақтасын» деп кешірім тілейміз! (Сияр ағламин-нубалә).

Танымал ғалым, мухаддис, имам әл-Хатиб әл-Бағдади  де осыларға ұқсас ғалымсымақтар жайында былай дейді: «Қазіргі таңдағы адамдардың арасынан «хадис» ғылымына қатысы бар секілді көрініп жүрген, әрі хадисті естуде өзгеге жеткізуде өздерін осы істің маманымын деп жүргендерді көзім көріп жүр. Ең жанға бататын жері, олар – бұл ғылымнан мүлдем бейхабар жандар. Әрі маманбыз, осы саланың өкіліміз деп жүргендер ғылымның сол саласынан мүлдем хабары жоқтар. Олардың арасынан біреу аздаған хадис жинақтарын жазса әрі болмашы уақыт хадис тыңдаумен шұғылданса болды өзін кәміл хадисшімін деп есептейді. Ол міскін хадис алуда осы уақытқа дейін табаны тозып шаршап, тер төгіп көрмеген. Хадистердің түрлерін, тарауларын жаттау машақатының дәмін татпаған адам. Олар хадис ғылымы жайлы жазған кітаптары аз, мағлұматтары жоқ бола тұра адамдардың ең тәкаппары, ең қатты адасқаны, ең қатты менменшілі. Олар ешбір шейхқа, ғалымға титтей де құрмет көрсетпейді. Ешбір білім алушы шәкіртті қорғауына, панасына алмайды. Хадис рауилеріне тіл тигізіп, ғылым үйреніп жүргендерге дөрекілік көрсетеді. Мұның барлығы - өздері тыңдаған ғылымға әрі орындауға тиісті, міндетке қайшы істер» (әл-Жамиғ ли ахлақир-рауи уас-самиғ).

Көптеген жандардың ғалымдар мен өзгелердің парқын нақты ажырата алмаулары – ғалымсымақ дүмшелердің абыройының артуына басты себеп. Олар мұнымен шектелмей, пәтуа беруге жеңді түріп тастап кірісіп кетті. Төрт мәзһабтың фиқһи мәселелерге берген үкімдеріне өздерінің көзқарастарын білдіруге құлшынды. Міне, осыдан қандай да бір мәселені терең түсінбестен, оны елдің арасына жаюға тырысу, ғылым іздеуден бұрын амал ету, дінді өз деңгейі мен дәрежесіне сай жеткізе алмау үрдісі туындауда.

материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: