06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Тағдырға сену қалай болу керек?

Тағдырға сену қалай болу керек?

Ислам тарихы

Тағдырға сену үшін мынаған жақсы сеніп алу керек. Алла Тағала бір нәрсені жаратуды әуел баста қаласа, аз да көп те емес, дәл сол қалағанындай болуы тиіс. Бар болуын қалаған нәрселерінің жоқ болуы және жоқ болуын қалаған нәрселерінің бар болуы мүмкін емес.

Барлық жануарлардың, өсімдіктердің, жансыз болмыстардың, қатты, сұйық, газ түріндегі барлық нәрсенің, аспандағы объектілердің, молекуланың, атомдардың, электрондардың, электро-магниттік толқындардың қозғалысы, химиялық және физикалық құбылыстар, ядро реакциялары, энергия алмасулары, физикалық әрекеттер, құлдардың жақсы және жаман істері, дүние мен ақыретте істеген ісінен жауапқа тартылуы – барлығы Алла Тағаланың ілімінде бұрыннан бар еді. Алла әзелден (ежел) шексіз ақырға дейін бар болатын заттарды, олардың сипаттарын, әрекеттерді, құбылыстарды әзелдегі іліміне сай жаратуда. Адамдардың жақсы-жаман, ерікті-еріксіз бүкіл істерін, мұсылман болуларын, күпірліктерін Алла Тағала жаратады. Жаратушы, болдырушы жалғыз ғана Ол. Себептердің әсерімен жүзеге асатын күллі тірлік Оның жаратуымен болады. Барлық нәрсені бір себеппен жаратады.

Мысалы, от өртейді. Негізінде, өртейтін Алла Тағала болып табылады. Оттың өртеу жұмысымен еш қатысы жоқ. Алайда, Алла Тағаланың әдеті (қойған заңдылығы) бойынша бірнәрсеге от тимейінше өртеуді жүзеге асырмайды. От тұтану температурасына дейін ысытудан басқа ешнәрсе істемейді. Органикалық денелердің құрамындағы көміртегі, сутегі, оттегіні біріктіріп, электрондарды алмастыратын от емес. Ақиқатты көруге әлі мен білімі жет- пейтіндер бұларды от атқарады деп санайды. Өртейтін, жану реакциясын жүзеге асыратын от емес. Оттегі де емес. Ыстықтық та емес, электрондардың араласуы да емес, Өртеген тек – Алла Тағала. Ол бұлардың бәрін өртеудің себептері етіп жаратқан. Білімі жоқ адам «от өртейді» деп есептейді. Ғылым ілгерілеген сайын себеп деп есептелген нәрселердің арғы жағында басқа қаншама себептердің бар екендігі аңғарылуда, ғылымның шырқау шегіне шыққан, ақиқатты толық көрген пайғамбарлар мен оның жолымен жүрген, ғылым дариясынан сусындаған Ислам ғалымдары қазіргі кезде көпшіліктің өртеуші, болдырушы немесе жаратушы деп ойлаған нәрселерінің әлсіз, бірер факторлар, себептер екенін, шын Жаратушының Алла Тағала екенін айтуда. Өртейтін – Алла Тағала. Ол отсыз да өртейді. Отпен жағу – дәстүрі. Егер өртеуді қаламаса, от ішінде де өртемейді. Ибрахим алейһиссаламды от ішінде де өртеген жоқ. Оны қатты жақсы көргендіктен дәстүрін бұзды. Ол оттың өртеу әрекетінің алдын алатын нәрселер де жаратқан. Оларды химиктер табуда.

Алла Тағала қаласа, барлық нәрсені себепсіз, құралсыз жаратар еді. Отсыз өртер еді, жеместен тойдырар еді, ұшақсыз ұшырар еді, радиосыз алыстан есіттірер еді. Алайда, құлдарына жақсылық жасап, барлық нәрсені жаратуды бір себеппен, құралмен байланыстырды. Белгілі нәрселерді белгілі құралдармен жаратуды қалады. Өзінің күшін, әрекеттерін құралдармен себептер артына жасырды. Оның бір нәрсені жаратуын қалаған адам, сол нәрсенің құралын пайдаланып, қалауына қол жеткізеді. Басы ауырған адам дәрі қолданады, жаннатқа барғысы келген адам Исламға мойынсұнады, өзін тапаншамен атқан адам өледі, у ішкен адам өледі, терлеп тұрып су ішкен адам ауырады, күнәға батып, күпіршілік жасап, иманынан айырылған адам тозаққа барады. Кім қандай құралға қол ұрса, сол құрал себеп қылынған нәтижеге қол жеткізеді. Әһли сүннет кітаптарын оқыған адам Исламды үйреніп, сүйіп, мұсылмандықты қабылдайды. Дінсіздердің арасында өскен, олардың сөзін тыңдаған адам дінде надан болады. Олардың көпшілігі кәпір болады. Адам баласы қай бағыттың көлігіне мінсе, сол бағытқа кетеді.

Алла Тағала өз істерін құралдармен, себептермен жаратпағанда ешкім ешкімге мұқтаж болмас еді. Әркім керегін Алладан сұрар еді, ешқандай шараға жүгінбейтін еді. Ол кезде адамдар арасында басшы, қызметкер, жұмысшы, қолөнерші, шәкірт, ұстаз сияқты адам қатынастары жойылып, дүние мен ахиреттің тәртібі бұзылар еді. Әдемі мен көріксіз, жақсы мен жаман, күнәсіз бен күнәһар арасында айырмашылық қалмас еді.

Алла Тағала қаласа, дәстүрін басқаша жасар еді. Мысалға: қаласа кәпірлерді дүниеде өз басының рахатынан басқаны ойламайтын, өзгелердің жаны, малы, намысы есебіне күн көретіндерді жұмаққа жіберер еді. Имандыларды, ғибадат, жақсылық жасайтындарды тозаққа салар еді. Бірақ, аяттар мен хадистер мұны қаламағандығын көрсетуде.

Адамдардың әрбір ісін, ерікті-еріксіз істейтін барлық әрекетін жарататын – Алла Тағала құлдардың қалаған әрекеттерін болғызу үшін құлдарына ықтияр, яғни таңдау және ирада (қалау) ерекшелігін берген, осы таңдау мен қалауды істердің жаратылуына себеп қылған. Құл бір нәрсені істеуді қаласа, оны Алла Тағала да қаласа, ол істі жаратады. Құл да, Алла Тағала да қаламаса ол нәрсені жаратпайды. Ол нәрсе тек қана құлдың қалауымен де жаратылмайды. Алла да қалаған соң барып жаратылады. Құлдардың қалаған істерін жаратуы мысалы, от тигенде өртеуді жаратуы сияқты жүзеге асады. Пышақ тигенде кесуді жаратады. Кесетін пышақ емес, Алла Тағала. Пышақ – кесу құралы. Демек, ол құлдардың қалаған істерін олардың қалауы, таңдауы себебімен жаратуда. Алайда, табиғаттағы құбылыстар құлдардың қалауына байланысты емес. Олар тек Алла Тағаланың қалауымен басқа себептермен жаратылады. Аспан, жер және бүкіл әлемдердегі әрбір әрекетпен әрекетсіздіктің бәрі тек Алланың жаратуымен болуда.

Одан басқа Жаратушы жоқ. Тек жансыз нәрселердің әрекеттері және адам мен жануарлардың ерікті әрекеттерінің арасында мынадай айырмашылық бар: құлдар бір нәрсені істеуді қалап, оны Алла да қаласа, құлға сол нәрсені істеуге күш беріп, қолдайды, істі жүзеге асырады. Құлдың әрекет етуі оның өзінің қолында емес. Тіпті, қалай қимылдап жатқанын да білмейді. Адамның әрбір әрекеті көптеген физикалық және химиялық құбылыстар арқылы жүзеге асады. Бұдан өзінің де хабары болмайды. Жансыз нәрселердің әрекетінде таңдау деген нәрсе болмайды. От тиген кезде, Алланың жағу-өртеу процесін жаратуы, оттың жағуды қалауымен жүзеге аспайды.

Сүйген, мейрімділік танытқан құлдарының жақсы, пайдалы тілектерін Ол да қалап, жүзеге асырады. Олардың жаман, зиянды тілектерін Ол қаламайды және жүзеге асырмайды. Бұл құлдарынан тек пайдалы істер жүзеге асады. Олар бірқатар істерінің орын- далмағанына, болмағанына ренжиді. Бұл істердің зиянды істер болғандықтан орындалмағанын түсінсе, ренжімес еді. Оған қуанып, Алла Тағалаға шүкіршілік етер еді. Алла Тағала адамдардың ерікті істерін олардың жүректері қалағаннан кейін жүзеге асыруды бұрын (әзелде) қалаған. Бұрын бұлай қаламаған болса, ерікті істерімізді де біз қаламай тұрып-ақ мәжбүрлеп жүзеге асырар еді. Оның ерікті істерімізді біз қалағаннан кейін жаратуы – әзелде солай қалағаны үшін. Демек біздің қалауымыз үстінде Оның қалауы да әрдайым өз үстемдігін, Алланың абсолюттік Ирада иесі екенін көрсетіп тұрады.

Құлдардың ерікті әрекеттері екі нәрседен тұрады: Біріншісі – құлдың жүрегінің қалауы және күші. Сол үшін құлдың әрекеттері «кәсб» (кәсіп) деп аталады. Кәсб – адамның сипаты болып табылады.

Екіншісі Алла Тағаланың жаратуы, бар етуі. Алла Тағаланың бұйрықтар, әмірлер, сауап пен азап жаратуы адамда кәсб сипаты болғандықтан жүзеге асады. «Саффат» сүресінің 96-шы аятында: «Алла Тағала сендерді жаратты және істеріңді жаратты» делінген. Бұл аят адам әрекеттерінде көңілінің қалауы және ирадаи жузийасы (таңдау еркіндігі) бар екенін көрсетеді. Мәжбүрлеудің жоқ екенін айқын білдіреді. Сол үшін адамның ісі деп аталады.

Құлдың ісі жасалуы үшін алдымен бұл істі құлдың жүрегі қалауы керек. Құл күші жететін нәрсені қалайды. Бұл қалау «кәсб» деп аталады. Амиди хазіреттері бұл кәсбті істердің жаратылуының себебі, әсері екендігін айтады. Құл қалаған нәрсесінің бәрін жасай алмайды. Кейде қаламаған нәрселері де орындалуы, жаратылуы мүмкін. Құлдың қалағанының барлығын жасап, қаламағанын болдырмай қоюы құлдыққа жатпайды, құдіретке тән нәрселер болып табылады.

Құлдарға Алла Тағала жақсылық, мейрімділік танытып, оларға бұйрықтарын орындайтындай және өздеріне керекті болатындай мөлшерде күш-қуат, яғни энергия берген. Мысалы, денсаулығы жарайтын, ақшасы жететін адам өмірінде бір рет қажылыққа бара алады, жылына бір рет ораза ұстай алады, күніне бес уақыт намаз оқи алады, зекет бере алады. Бұдан көрініп тұрғандай, адам өз ерікті істерін қаласа істейді, қаламаса істемейді. Алла Тағаланың ұлылығы осы жерден байқалады. Надан адамдар тағдыр туралы ешнәрсе түсінбегендіктен әһли сүннет ғалымдарының сөзіне сенбейді. Құлдардың күші мен қалауына күмән келтіреді. Адамды ерікті істерінде әлсіз және мәжбүр деп санайды. Кейбір істерде құлдардың қалауы жүрмейтінін көріп, әһли сүннетке тіл тигізеді. Олардың осы сөздерінің өзі оларда қалаудың, таңдаудың бар екенін көрсетеді.

Бір нәрсені жасауға не болмаса жасамауға күштің жетуі «құдірет» деп аталады. Жасауды немесе жасамауды таңдау «ықтияр» (таңдау) деп аталады. Таңдалған нәрсені жасауды тілеу «ирада» (қалау) деп аталады. Бір нәрсені қабылдау, оған қарсы келмеу – «риза» (ризалық, мақұлдау, ұнату) деп аталады. Істің орындалуына міндетті түрде әсер ету шарты менен ирада (қалау) мен құдіреттің бірігуі «халқ» (жарату) деп аталады. Ал әсерлі болмай бірігу «кәсб» деп аталады. Бір істі ықтияр еткен, таңдаған әр адамның халық, яғни Жаратушы болуы міндетті емес. Сол сияқты әрбір қаланған нәрсеге разы болу да міндетті емес. Алла Тағала халиқ (жаратушы) және мухтар (қалаушы), ал құл касиб (орындаушы) және мухтар (қалаушы) деп аталады.

Алла Тағала құлдардың жақсы және жаман істерін қалайды және оны жаратады. Алайда, ол жақсы, сауапты істерге разы болады. Жаман, күнә істерден разы болмайды, ұнатпайды. Барлық нәрсе Оның жаратуымен бар немесе жоқ болады. «Әнам» сүресінің 102-ші аятында «Одан басқа илаһ жоқ. Барлық нәрсенің Жаратушысы тек Сол ғана» деп бұйырылған.

«Мутазила» тобындағылар ирада (қалау) мен разылық арасында айырмашылық жоқ деп есептеп, тағдыр мен қазаға қарсы болды, сенбеді. «Жабрийа» тобындағылар адамда таңдау құқығы жоқ деп ойлап, адамды тасқа, отынға теңеді. Адамдар күнә іс істемейді. Барлық жаман нәрселерді жасататын Алла Тағала деп есептеді. Егер «жабрийа» өкілдерінің айтқанындай адамда ирада (қалау) мен ықтияр (таңдау) еркіндігі болмайтын болса, жамандықтармен күнәларды Алла зорлықпен істетіп жатқан болса, қол-аяғы байлаулы адамның таудан төмен қарай домалауы мен өз аяғымен айналасын тамашалап жүріп таудан түсуі арасында айырмашылық болмауы керек еді. Алайда, біріншісінің домалауы мәжбүрлі түрде, ал екіншісінің түсуі ирада және ықтияр, яғни өз қалауымен жүзеге асып отыр. Бұл айырмашылықты көрмейтіндер – төмен саналылар. Әрі олар аяттарға да сенбеген болып шығады. Алла Тағаланың бұйрықтарын орынсыз деп есептеген болады.

Алла Тағала дүниеде бүкіл адамзатқа мейірімділік етуде. Адамдардың қажет нәрселерін жаратып, барлығына беріп жатыр. Дүниеде тыныш өмір сүруі және ахиретте мәңгілік бақытқа қауышуы үшін не істеу керек екендіктерін айқын көрсетіп жатыр. Нәпсілеріне, жаман достарына, зиянды кітап, газет, теле-радио арналарға алданып, күпірлік жолына түскендердің ішінен қалағанын тура жолға салуда, оларды тура жолға тартуда. Ал азғын, залым адамдарға мұндай ниғметті нәсіп етпей жатыр. Оларды өздері ұнатқан, қалаған, өздері түскен күпірлік батпағында қалдырып жатыр.

Қаза мен тағдыр зейінді адамдардың ең көп қағылатын мәселесі болып табылады. Бұл оны дұрыс түсінбеуден туындайды. Тағдырдың не екендігі жақсы түсінілетін болса, ешқандай адамның көңілінде күмән қалмайды және иманы күшейеді.

Әлемдердің Жаратушысы болған Алла Тағала жаратқан және жарататын нәрселерінің бәрін әзелден соңсызға дейін үлкен- кіші барлығын, заттарды, мағыналарды бір арада және бір мезетте біледі. Әрбір нәрсені жаратпастан бұрын білетін еді.

Әһли сүннет уәл-жамағат мұсылмандар тағдырға сенген, тағдырға сенуді иманның шарты деп есептеген. Яғни, тағдырға сенбеген адам мумин (иманды) емес деп санаған.

Тағдырдың ащысы мен тұщысы, жақсысы мен жаманы, –   бәрі Алладан. Өйткені, тағдыр – білген нәрселерін жарату деген сөз.

Ұлы Ислам ғалымы Имам Багауи «Тағдыр ілімі – Алла Тағаланың өз құлдарынан сақтаған сырларының бірі. Бұл ілімді ең жақын періштелері мен дін иесі болған пайғамбарына да ашып көрсетпеді. Бұл ілім – үлкен дария. Ешкім бұл туралы айтпауы керек. Тек мынаны білу жеткілікті: Алла Тағала адамды жаратады. Олардың біразы күнәһар. Олар тозаққа барады. Біразы Жұмаққа барады. Бір кісі Хазреті Әлиден тағдыр туралы сұрайды. «Ол – қараңғы жол. Ол жолмен жүрме» деп жауап береді. Тағы да сұрайды. “Терең теңіз» дейді. Тағы да сұрайды. Бұл жолы «Тағдыр – Алла Тағаланың құпиясы. Оны сенен жасырды» деп жауап береді.»

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: