15
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Қияс деген не? Оның шариғаттағы орны қандай?

Қияс деген не? Оның шариғаттағы орны қандай?

Ислам тарихы

Исламда рационалистік ойлау «бидғат» санала ма? Фикһ кітаптарында қияс жасауға рұқсат берілген дейді. Қияс деген не? Оның шариғаттағы орны қандай?

Құран мен Сүннетті негізге ала отырып қоғамдық қатынасты реттеуге ақылмен үкім беруді факиһтер «қияс» деп атайды. «Қиястың» сөздік мағынасы «теңестіру», «ұқсастыру» мағынасына келеді. Ал терминдік мағынасы – «насстағы» (Құран мен Сүннет) үкімдермен туындаған мәселенің ұқсастығына қарай үкім беру. «Қияспен» үкім берудің мынандай төрт шарты бар: «негіз», «қосымша», «иллат», «үкім». «Негіз» деп Құран мен Сүннетте берілген үкімді айтамыз.

Айталық; насс үкімі бойынша арақ ішу харам, ал коньякті ішу немесе ішпеу жөнінде насста нақты үкім жоқ. Енді коньякті ішуге бола ма, болмай ма деген мәселеге қияс үкімін беретін болсақ, ол төмендегідей. Бұл мәселеде «негіз» арақ саналады. «Иллат» – екеуінің арасындағы ұқсастық, яғни арақ пен коньякта спирттік қосындының болуы. Ал, «қосымшасы» – коньяк болса, қиястың «үкімі» - факиһтің «коньякті ішуге болмайды» деген пәтуасы немесе коньякті ішкенге тағайындалар жаза мөлшері болып табылады.

Мұхаммед (с.а.у.) жан тәсілім еткеннен кейін құқықтық үкім берудің қалыптасқан екі мектебінің бірі «Рай» мектебі осы «қияспен» үкім беруді қолға алған болатын. Кейін қияспен үкім беруді Имам Ағзам мектебінің өкілдері мейлінше дамытты. Қияспен үкім беруде ақыл қолданғандықтан, бұл әдіс Исламдағы ғылымның да өркендеуіне үлкен әсер етті. Имам Ағзамнан өзге мазхаб имамдары да қияс жасауды құптаған. Мысалы, Имам Маликидің де үкім беруде қолданған әдістерінің бірі қияс болатын. Қияс деп оның пікірінше туындаған мәселенің өзіндік ерекшелікке ие табиғатын ескере отырып насспен байланыстыруды (иллат) айтамыз. Имам Шафиғи де үкім беруде қиясты қолданды. Оның пікірінше, қияс деп туындап отырған мәселеге қатысты насста нақты шешім болмай, бірақ, осы жағдайға ұқсас насстағы үкім туындаған жағдаймен байланыстырып, шешім шығаруды айтамыз. Имам Шафиғидің қияс жөніндегі көзқарасын былайша жіктеуге болады: А) Оның пікірінше шариғаттың үкімдерінде негізінен жалпылық басым. Ал, жалпы үкімдер әрбір жалқы мәселеге шешім бола алмайды. Сондықтан, адамдар тап болатын түрлі жағдайлардың өзіне тән жеке шешімдері болуы тиіс. Имам Шафиғи «ар-Рисала» атты еңбегінде: «Егер туындаған мәселеге наастан шешім таппаған жағдайда, оның шешімін қияспен беру керек.

Ал, қияс насстағы ұқсас үкімнің негізінде жасалады. Бұл шешім насстың дәл өзі болмағандықтан, «ижтиһад» (факиһтің жеке шешімі) болып табылады» дейді. Бірақ, Имам Шафиғи қиясты насстан бөліп жарып қарамайды. Қияс нассқа сүйенгендіктен, ол тек насстың түсіндірмесі ғана деп түсінеді. ә) Имам Шафиғидің пікірінше қияс үкімі дау тудырмас үшін оның захир (сыртқы) және батын (ішкі мәні) себептері ескерілуі қажет. Яғни, екі себебін де қамтыған қиясты ешкім теріске шығара алмайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда мәселенің батыны белгісіз болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сыртқы себебі негізге алынады. Мысалы, бір еркек бір қызға үйленді делік. Үйленіп болғаннан кейін барып, әйелінің өзімен бір емшек емгенін білді. Осы кезде олар күнәһар саналмайды. Тек, мәселеге көз жеткізгенде дереу ажырасады. Осындай жағдайда факиһ талақтың сыртқы және ішкі себебіне екі түрлі пәтуа шығарады. Яғни, сыртқы себебіне қарай балаларды бөлісу, иддат уақыты, маһир ақысын төлеуге міндетті, ал, ішкі себебіне қарай мұра бермейді.

Имам Шафиғидің пікірінше ижтиһад жасауға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі үкім берген. Оның көзқарасынша алдымен ижтиһад жасауға қажетті жағдай туындауы шарт. Туындаған жағдайға қарай факиһ ижтиһад айтады. Ол ижтиһад жасауға мынадай логикалық дәлел айтады: «Бір адам құлды сатуға базарға апарғанда, сатып алушыға құлдың бағасын өзің шығар демейтіні белгілі. Яғни, сатушы құлдың бағасын өзі шығарады. Сатушының жеке шығарған бағасы ижтиһад болып табылады. Бірақ, сатушы құлдың бағасын шығарарда жалпы нарықтағы бағаны негізге алады. Бұл жерде сатушының шығарған шешіміне әсер еткен нарықтағы баға насстың рөлін атқарады. Яғни, ижтиһад жасаушы белгілі бір қалыптасқан заңдылыққа сүйеніп отыр. Ол қалыптасқан заңдылық Құран мен сүннет болып табылады. Сондықтан, факиһтің шешімі нассты терістемейді, керісінше, насстың құндылығын арттыра түседі.

Ханбали мазхабы бойынша да қияс түсінігі дәстүрлі ұғымға сай деп айтуға болады. Яғни, бір мәселе бойынша насстан үкім таппаған жағдайда, осыған ұқсас насс үкімін негізге ала отырып, онымен байланыстырып шешім шығаруды ханбалилер қияс дейді. Имам Ахмад Ханбал жөніндегі бір риуаятқа қарағанда, ол «Қиястан бас тарта алмаймыз. Сахабалар да қиясты қолданған» деген болатын. Имам Ахмад Ханбалдың қиясты қолдауына байланысты одан кейінгі ханбали мазхабының өкілдері де қиясқа ерекше көңіл бөлген. Ханбали мазхабының қияс үкімінің ханафи мазхабының қияс үкімінен едәуір айырмашылығы болды. Мысалы, «салам» келісімшартын ханафи өкілдері қиясқа жатқызбаған. Яғни, қарыз алған адамның қарызын басқа бір адамдағы қарызы арқылы өтеуін ханафи өкілдері қияс үкімінен тыс десе, ал ханбали өкілдері «салам» келісімін қиясқа сай деп біледі. Ханафи өкілдерінің пікірінше бұл шешім дұрыс емес. Ал, ханбали өкілдерінің пікірінше біреудің ақысын өтеу маңызды болғандықтан, қарызды осылайша өтеуге де болады.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: