14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Мүмин – сөздің емес, істің-амалдың адамы

Мүмин – сөздің емес, істің-амалдың адамы

Ислам тарихы

Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) алты жаста анасының өліміне куә болып, құйттай қолдарымен көр қазып, өз қолымен анасын жерлеген. Өмірдің қиындығын, дүниенің сынақ екенін ерте сезінген.

Үммі Айман оны мейіріммен құшақтап, басынан сипағанын сезсек те, анасының жансыз тәнін құшып, өлім атты ақиқатпен елсіз далада танысып, ет жақынын суық қабірге жатқызып, қара топырақпен бетін жапқан балаға қалай жұбату айтқанын қайнар көздерден таба алмаймыз. Бірақ сол сәттегі бала Мұхаммедтің жауабы дәйектерде сақталып қалған: «Уа, Үммі Айман! Анамның жүзін өмір бақи ұмытпаймын».

Сол ана-бейненің адам санасынан өшпейтініне/өшпегеніне кейінірек тағы куә боламыз. Әзірет Мұхаммедтің (с.а.с.) елуді еңсерген жылдары. Пайғамбардың анасы ақыреттік болғалы елу жылдан астам уақыт өткен. Расулалланың санасында, ойында, жүрегінде ананың орнының, анаға деген құрметтің, ананың құқығының салмағын айғақтау үшін, ананы ардақтау дегенде үмбетіне нені меңзейтінін түсіну үшін бір мысал: Сахабалардың баяндауынша, Пайғамбарымыз бір күні намаз оқытып болып, жамағатқа бетін бұрғанда Расулалланың көзіндегі мұңды, іркілген жасты көреді. Мұңайғанын көрсе де жамағат көрмеген сыңай танытып бағады. Сәлден соң Пайғамбарымыз сахабалардың халін аңдап, былай деді: «Намазға тұрған сәтте, Фатиханы оқи бастағанда анам ойыма түсті. Дәл қазір ішімнен не ойлағанымды білесіңдер ме? «Намазды аяқтай сала құстай ұшып үйге барсам, барғанымда есікті алдымнан жарқылдап анам ашса, маған «Қош келдің, балам!» десе, мен анамның құшағына көмілсем ғой» – деп ойладым» (Бәйхақи, Шуабул-иман).

Пайғамбар мұң-қиялын баяндағанда сахабалар үнсіз қалады. Пайғамбарымыз марқұм болғанына елу жылдан астам уақыт өткен анасын сағынып, ана құшағын аңсап, ананың орны толмас ардақты екеніне сахабаларының назарын аударғаны текке емес. Анасы бар адамның жұмағы үйінде екенін, сол асыл кеннің қадірін біліп, ах ұрып қалмау керектігін ескерткен.

Пайғамбарымыз әке-шешеден айырылып жетім қалған соң екі жыл атасы Әбдімүттәліптің, сосын көкесі Әбутәліптің саясында болып, жиырма бес жаста Хадиша анамызбен отау тігеді. Тойға дайындық болып жатқанда Пайғамбарымыз аналардың анасы, адал жары Хадишаның үйіне келеді. Әзірет Хадиша анамыз Пайғамбарымызға екеуінің де туған аналары бақилық болғанын ескертіп, Халима ананы тойдың құрметті қонағы ретінде шақыруға ұсыныс жасайды. Сондағы Пайғамбардың қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Хадиша анамыздың бұл амалы қияметке дейінгі жастарға өнеге, өйткені сүйген адам сүйіктісінің сүйгендерін де сүюге тиіс. Бұл да қазіргі заман адамына насихат; себебі ұлын сүйіп оны дүниеге әкелген ата-ананы ұнатпау, қызын сүйіп қайынын жек көру – имани тірлік емес.

Махаббаттың қыр-сырын үйретуші бақытты ғасырдың «коучтары» әзірет Мұхаммед (с.а.с.) пен әзірет Хадиша отбасылық өмірдегі амалдарымен бізге бақытты болудың принципін «Сүйген адам сүйіктісінің сүйгендерін де сүйеді» деп түйіндеп кеткен. Мүмин – сөздің емес істің-амалдың адамы.

материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: