Құран Кәрім ұрпақтан-ұрпаққа өзіндік оқылу ерекшеліктерімен жетіп отырған. Осындай оқылу ерекшеліктерін негізінде бірқатар қырағаттар пайда болып, уақыт өте қатаң шарттармен бекітілген белгілі қырағаттар қалыптасты. Құран Кәрімге ерекше мән берген мұсылман үмбеті оның келер ұрпаққа жетуіне және оқылуына айрықша көңіл бөлген. Қырағат ғалымдары жету жолдары мен жеткізуші тұлғаларды мұқият зерттей отырып, тарихта кеңінен танылған бірнеше Құран қырағаттарын анықтап берді.
Қырағат ілімі тарихында танымал болған жеті қари:
1. Ибн Амир. Атақты табиғин қаридың толық есімі – Абдуллаһ әл-Яхсуби. Ол Әл-Уалид ибн Абдулмаликтің халифалығы тұсында Дамаскінің қазысы болған. Кұран қырағатын Мұғира ибн Әбу Шиһаб әл-Махзумиден алса, Мұғира халифа Османнан (р.а.) естіген болатын. Ибн Амирдің өзі де хазіреті Османнан қырағатты естігені жайлы дерек бар. Ол хижраның 118 жылы Дамаск қаласында қайтыс болған. Кейінгі ғасырларда Ибн Амирдің қырағатын сенімді қырағат имамдары арқылы Һишам мен Ибн Закуан риуаят еткен. Һишам. Танымал қазы, сенімді хадистанушы әрі фақиһ Һишам ибн Аммар ибн Насир әл-Қадый әд-Димашқи хижраның жылы Дамаскіде дүние салған. Ибн Закуан. Әбу Мұхаммед Абдуллаһ ибн Ахмед ибн Башир ибн Закуан әл-Қураши әд-Димашқи хижраның 232 жылы Дамаскіде дүниеден озған.
2. Ибн Кәсир. Толық аты-жөні: Әбу Мұхаммед Абдуллаһ ибн Кәсир әд-Дәри әл-Мәкки. Ол сахабалардан Абдуллаһ ибн әзЗубәйрді, Әбу Әюб әл-Ансариді және Әнәс ибн Мәликті көрген болатын. Қырағатты Мужәһидтен алған, ал ол болса, Ибн Аббастан, ол Убәй ибн Кағыбтан естіген еді. Сол секілді Құранды Абдуллаһ ибн әс-Сәйб әл-Махзумиге оқып берген, ал ол Убәй ибн Кағыб пен Омар ибн әл-Хаттабқа оқыған, ал ол екеуі Аллаһ елшісіне (с.а.с.) оқып берген. Ибн Кәсир хижраның 120 жылы Меккеде қайтыс болған. Кейінгі ғасырларда одан сенімді қырағат имамдары арқылы, қырағат риуаяттарымен Әл-Бәззи мен Қунбул ерекше танылған. Әл-Бәззи. Әбу әл-Хасан Ахмед ибн Мұхаммед ибн Абдуллаһ ибн әл-Қасым ибн Нафиғ ибн Әбу Бәззә. Ол – сенімді меккелік қырағат ғалымдарының көшбасшысы әрі Харам мешітінің имамы және азаншысы ретінде танылған. Ол хижраның 250 жылы дүние салған. Қунбул. Әбу Омар Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Халид ибн Мұхаммед әл-Махзуми әл-Мәкки. Лақап аты – Қунбул. Меккенің сенімді қырағат имамдарының бірі болған. Хижраның 291 жылы дүниеден озған.
3. Асым. Толық аты-жөні: Әбу Бәкір Асым ибн Әбу әнНәжуд әл-Әсәди. Өте сенімді табиғин, атақты қари, Құран оқуда ерекше әсем дауыс иесі болған. Ол қырағатты Зирр ибн Хубайштен алған, ал Зирр – Абдуллаһ ибн Масғудтан естіген. Сол сияқты, Асым пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті немерелері – Хасан мен Хусейіннің ұстазы Абдуллаһ ибн Хабиб әс-Сәләмиден де дәріс алған. Ол хижраның 127 жылы Куфа қаласында дүниеден озған. Асымнан Құран қырағатын тікелей Шуғба мен Хафс риуаят еткен. Шуғба. Белгілі ғалым – Әбу Бәкір ибн Айяш ибн Салим ибн әл-Әсәди. Ол Куфада 193 жылы қайтыс болған. Хафс. Әбу Амр Хафс ибн Сүлеймен ибн әл-Муғира әлБәззәз әл-Куфи. Ол жастайынан Асымның қолында тәлім-тәрбие алған. Ибн Мағин оның Шуғбадан білімдірек екендігін айтқан. Әбу Амр хижраның 180 жылы дүние салған.
4. Әбу Амр. Әбу Амр Зәббән ибн әл-Алә Аммар әл-Басри. Қырағат ілімінің үлкен имамы, тақуа, сенімді ғұлама. Ол Мужәһидтен және Сағид ибн Жубәйрден Құран қырағатын алса, олар өз кезегінде Ибн Аббастан, ол Убәй ибн Кағыбтан, ол Аллаһ елшісінен (с.а.с.) алған. Сонымен қатар Әбу Жағфар Язид ибн әл-Қағқағ, Әл-Хасан әл-Басри секілді имамдарға Құран тапсырған. Әл-Хасан әл-Басри Әбу Алияға тапсырса, ол Омар ибн әл-Хаттабқа оқып берген. Әбу Амр хижраның 154 жылы Куфада қайтыс болған. Әбу Амрдан Әбу Мұхаммед Яхия ибн Мубарак әл-Адауи Әл-Язиди арқылы әд-Дури мен әс-Суси риуаят еткен. Әд-Дури. Әбу Омар Хафс ибн Омар ибн Абдулазиз әд-Дури, Бағдад қаласының жанындағы «Дур» деген елді мекенге байланысты «әд-Дури» деп аталған. Сенімді қырағат имамдарының бірі әрі алғаш қырағаттарды жинақтаған ғалым ретінде танылған. Ол хижраның 246 жылы дүние салған. Әс-Суси. Әбу Шуғайып Салих ибн Зияд хижраның 261 жылы қайтыс болған.
5. Хамза. Әбу Аммара Хамза ибн Хабиб әз-Зайят әлКуфи ерекше тақуа, Құран білгірі әрі хадис ғалымы еді. Ол Убәй Мұхаммед Сүлеймен ибн Миһран әл-Ағмаштан, ол Яхия ибн Уәссабтан, ол Зурр ибн Хубайштан, ол Али, Осман, Ибн Масғудтан (Аллаһ олардан разы болсын), олар Аллаһ елшісінен (с.а.с.) Құран үйренген. Хамза хижраның 156 жылы Халуан қаласында бақилық болған. Хамзадан Әбу Иса Суләйм ибн Иса әл-Ханафи арқылы Халаф пен Халлад риуаят еткен. Халаф. Әбу Мұхаммед Халаф ибн Һишам ибн Талиб ибн Баззар ерекше тақуа, қырағат ғалымы. Ол хижраның 229 жылы Бағдатта дүние салған. Халлад. Әбу Иса Халлад ибн Халид әл-Әхуалә әс-Сайрафи әл-Куфи Суләймнің көрнекті шәкірттерінің бірі. Ол хижраның 220 жылы өмірден озған.
6. Нәфиғ. Әбу Рауайым Нәфиғ ибн Абдуррахман ибн Әби Нағим әл-Мәдәни. Тегі Исфаһандық. Ол жетпіске жуық қари табиғиндерден қырағат алған, олар Ибн Аббастан, Әбу Һурайрадан және Убәй ибн Кағыбтан үйренген. Ұзақ ғұмыр сүрген Нафиғ жетпіс жылдай Мәдинада «қырағат имамы» атанып, бас қари қызметін атқарған. Ибн Хажар Әндалусиялық қырағат және тіл ғалымы Мәкки ибн Әбу Талиб әл-Қайсидің268: «Нафиғ пен Асымның қырағаттары – қырағаттардың арасындағы ең абзалы, тізбек жағынан да ең дұрысы әрі араб тілі тұрғысынан да ең тазасы (фасих) саналады және тазалығы жағынан олардан кейін Әбу Амр мен Кисаидің қырағаттары келеді»,– дегенін келтіреді. Нәфиғ хижраның 169 жылы дүниеден өткен. Одан Қалун мен Уарш риуаят еткен. Қалун. Әбу Мұса Иса ибн Мина ән-Нахуи. Құран Кәрімді әдемі оқығандығы үшін «Қалун» деп аталып кеткен. Өйткені «қалун» римдіктердің тілінде – көркем, әсем деген мағынаны білдіреді. Деректерде Қалун, Арабстанға құлдықпен келген римдік отбасынан шыққандығы айтылады. Араб тілінің білгірі, көрнекті ғалым Құран қырағатын тек Нафиғтен алған, оған бірнеше мәрте оқып та берген. Ол хижраның 220 жылы Мәдина қаласында дүние салған. Қалун – қазіргі таңда солтүстік Африкадағы араб елдерінде кең тараған қырағаттың түрі. Уарш. Әбу Сағид Осман ибн Сағид әл-Мысри. Өте аққұба болғандықтан «Уарш» деп аталып кеткен. Өйткені араб тілінде «уарш» сөзі – сүттен жасалған ақ тағамдарға қолданылған. Ол Мәдинада Нафиғтен Құран қырағатын үйреніп, оған оқып берген. Кейін Мысырда қырағат ғалымдарының имамы ретінде танылған. Ол хижраның 197 жылы Мысырда дүние салған.
7. Әл-Кисаи. Әбу әл-Хасан Али ибн Хамза әл-Кисаи ән-Нахуи, араб тілі мен қырағаттың білгірі әрі куфалық тіл мамандарының имамы ретінде танылған. Ол Құран оқығанда барлық жамағат ұйып тыңдаған. Ғұлама хижра жыл санауы бойынша 189 жылы Хорасан өңірінде өмірден озған. Одан риуаят еткен танымал қарилар – Әбу әл-Харис пен әдДури. Әбу әл-Харис. Әл-Ләйіс ибн Халид әл-Маруази әл-Бағдади. Ол имам әл-Кисаидің көрнекті әрі ең сенімді шәкірттерінің бірі атанған. Ғұлама хижраның 240 жылы көз жұмған.
материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz