19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Өмірден түңіліп кеттім, не істеймін?

Фәни дүниеде кез-келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні рас. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Қиындықтарға жауап – Құранда.

Исламның іргетасы – жақсы мінез

Адамнан – қауым, қауымнан – қоғам құралатыны белгілі. Ал қоғамның қатынастарын реттеп, жүйелеп отыруда көп адамда кездесе бермейтін көркем мінез үлкен рөл атқарады. Жалпы адамзат баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың ең бірегейлерінің бірі – жақсы мінез-құлық. Көркем мінез-құлықты бір сөзбен түсіндіру, тіпті бір мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес.

Кез келген нәрсенің іргетасы болады. Исламның іргетасы да жақсы мінезге құрылған.

Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше рет қайталаса да, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Көркем мінез», - деген жауапты алған.

«Іс – амалдардың қайсысы жақсы?» - деп сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көркем мінез», - деген.

Сонымен қатар«Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал Алладан қорқу мен көркем мінез» деген хадис те бар.

Көркем мінезді біз қалай түсінеміз? Жалпы, көркем мінез деген не?

Алла Тағала Құранда көркем мінезді пенделері туралы былай дейді: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді. Ал, олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай – ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» (Әли Имран, 134 – 135).

Ислам ғұламалары жақсы мінез – құлыққа мынадай сипаттама берген: адамдармен жақсы мәміле жасау, кішілерге насихат айту, дүниелік нәрсе үшін ешкіммен жауласпау, өзінен бұрын өзгені ойлау, дін және дүниелік істерде адамдарға көмектесу, мейірімді, қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу, т.б. Жақсы мұсылман болу үшін көркем мінезге бай болу керек. Бұл кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді тілімен де, ісімен де ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынаста болу оңай. Ал мінезі мазасыз кісінің тілін табу, онымен үздіксіз қарым-қатынас жасау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні белгілі.

Бірде бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Түгенше деген әйел күндіз ораза ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ, оның мінез-құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді», - дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақ иелерінен», - деп жауап береді.

Ислам – әдептілік және жақсы мінездің діні. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім» деп бұйырған. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген.

Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез – құлқы ең жақсы болғандарың» деп бұйырды.

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?», – деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) (өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. (Сонда адамдар): «Иә, Алла елшісі», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез – құлықтыларың», – депті.

«Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі – ең жақсы мінез-құлықтысы», «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу мен көркем мінез»,- деген хадистер де көркем мінездің маңызы қаншалықты екенін көрсетеді.

Алладан қорқу деген ұғымды қарапайым сөзбен иман деп айтамыз. Әлбетте имансыз адам Алладан қорықпайды. Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүкіл адамзатқа пайдалы қызмет етті делік, алайда, жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін. Сол сияқты әлемнің Жаратушысын, Иесін танымаған адам отанына, халқына қанша қызмет жасаса да ақыретте пайда бермейді.

Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Олай болса әдептіліктің қағидаларын исламнан іздеп, одан қол үзбей адамгершілігімізге сай ғұмыр кешсек арымыздың тазалығына кір келмесі анық.

«Алла бұл дінді Өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер. Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді)» деген екен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде.

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны жыққанмен бірдей.

Кемелдіктің айнасы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адамдар мінез-құлықтары жағынан бір – бірінен ерекшеленеді. Кім көркем мінезімен Алланың Елшісіне жақындаса, онда ол сондайлық Алла Тағалаға жақындаған саналмақ». Сол себепті де Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген.

Иә, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне талмай дәріптеген көркем мінезді бүгінгі мұсылмандар бойларына сіңіре алды ма?

Шындығында, жүрегіне иман ұялаған әр бір пенде мінез-құлқының көркем болуына аса мән берері сөзсіз. Көп жағдайда туа біткен табиғи мінезіміз бен ортаға қарай қалыптасқан құлқымыз көркемдікке ұмтылысымызды бұғап, өзі бетіне қалқып шыға беретіні тағы бар. Сондықтан да көркем мінезге қол жеткізу үшін нәпсіні тәрбиелеп, жүректің қара емес, ақ реңктерін көбейтіп, иманды кемелдендіру қажет. Яғни, пенде құлшылығымен Алла Тағалаға жақындаған сайын, оның ахлағы да көркейе түсері анық. Сондай-ақ, діни һәм дүниелік білімің жетік болғанымен мінезің көркем болмаса, іліміңмен қылған амалыңды бекерге жоюы әбден мүмкін.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір сөзінде: «Үш нәрсе бар.  Кімнің бойында осы үшеуінің бірі болмаса, жасаған амалы есепке алынбайды. Олар Аллаға күнәһар болудан қайтаратын тақуалық, ақымаққа жылулық қылатындай жұмсақтық және адамдар арасында жақсы мінезді болу» деп айтқан.

Көркем мінез дегеніміз бір сөзбен айтқанда әдептілік. Бұрынғы ғұламалар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы, «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді» деген қанатты сөз әдепті бейнелі түрде түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді.

Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге ешбір адам жау болмайды, қастаспайды да. Әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.

Халқымыз: «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», - деп текке айтпаған.

«…Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», – деп Абай атамыз айтқанындай мінезіміз қанша келіспей тұрса да парасатты адамдарға ұқсап бағу керек.

Қорыта айтсақ, көркем мінез – мүминдер үшін екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден – бір жол. Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз Ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының Исламға деген махаббаты да арта түсер еді.

Құрметті мұсылман бауырлар! Осы айтылған аят пен хадистер, сүннеттерді жүрегімізге жайғастырып, көңілімізге тоқып бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, пана, қамқор болайық!

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Әділетті адам – Алланың мадағына лайық адам

Әлемдегі барша құбылыс кез келген адамды таң қалдырмай қоймайды. Күн, ай, жұлдыздардың жүйелі қозғалысы, төрт мезгілдің ретімен шатаспай келуі, барша жаратылыстың жұп болуы, ой мен сананың тек қана адам баласына тән болуы және осы іспетті айналамыздағы таңғажайып құбылыстардың барлығы адамды еріксіз ойға шомдырады.

Қазіргі таңда қандай теріс әдеттер бар?

Қазақ салт-дәстүрлерінің дені шариғатқа қайшы келмейді. Бірақ қазіргі қоғамымызда мұсылманшылыққа жат кейбір әдетке айналған күнәлі істер кездеседі. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.  Адасқандардың жолына ілесу Қазіргі қазақ қоғамында кездесетін келеңсіз көріністердің бірі жат елдің тұрмыстық салттарын, мәдени құндылықтарын талғамсыз ала беру. Діні мен танымы мүлде басқа мұсылман емес халықтардың қаңсық болған дағды-ғұрыптарын, теріс қылықтарын таңсық көріп, салт-санаға енгізудің зардабы зор.

Әрбір күнәһарда болашақ бар, әрбір салиқалыда өткен шақ бар

Әрбір күнәһарда болашақ бар, дәл сол секілді әрбір салиқалыда өткен шақ бар. Бұлай болуы да заңдылық. Ең бастысы, Алладан үміт үзбеуіміз керек және жасаған үлкенді-кішілі күнәлі істеріміз үшін уақытында Алладан кешірім сұрап, тәубе еткеніміз абзалырақ.

Шын ниетпен жасалған тәубе таудай күнәні жояды

Аса Рақымды, Мейрімді Алланың атымен бастаймын. Исалам дінінің білімді ғұламалары әрбір жасалған күнәға тәубе келтіру керектігін айтқан. Ата-бабамыз бұл туралы: «Шын ниетпен қылған тәубе таудай күнәні жояды» - деді.

Тікелей эфир арқылы жұма намазын оқуға бола ма?

Соңғы уақыттарда жаман індеттің тез таралуына байланысты мешіттерімізде жұма, жамағат намаздары тоқтатылды. Мұндай шешімді Қазақстан ғана емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалар Құранды қалай оқыған?

Құран оқығанда да әдебіне сай, ақысын бере оқу керекпіз. Оны Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабаларынан үйренеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабаларымыз Құранды қалай оқушы еді...

Құранның мына бір қасиетін білдік пе?

Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 74-аятында «тас жүректер, тіпті тастан да қатты жүректер» жайында баяндайды. Себебі, тас екеш тастың өзі Алладан қорыққанынан домалап құлайды. Тіпті, тас қатты десек те, жұмсақ судың өзі сол қатты тасты тесіп өтіп не қақ жарып ағып жатады. Жоғарыдағы Құран аятының жалғасында Алла Тағаланың өзі тастың қалайша жұмсаратынын бізге осылайша мысал келтіреді. Міне, кейбір жүректер, Алла Тағала айтқандай, тастан да қатты болады. Ондай жүректер ешнәрсеге де жібімейді, ештеңеге де жұмсармайды. Кәпірлердің, күпірге бой алдырғандардың жүректері осылайша қатайып кетеді.

Бақыттың кілті мына 4 хадисте

Танымал хадис ғалымы Әбу Дәуіт әс-Сижистаниді танымайтын мұсылман кемде-кем шығар. Һижри 202 жылы Сижистан елдімекенінде дүниеге келіп, 275 жылы Басра қаласында дүниеден озған, Йеменнің Әзд қауымынан шыққан Әбу Дәуіт Ислам еңбектері арасында ерекше орынға ие алты мәшһүр хадис жинағы кітабы саналған «Кутуб-и-ситтаның» бірі болған «Сүннән-и Әби Дәуіт» кітабының құрастырушысы. Ол бұл кітабында өмір бойы  жинаған 500 мың хадистен 4 мың 800-іне орын берген.

Ықыласпен айтылған «кәлима-и шәһадаттың» салмағы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні шын ықыласпен айтылған кәлима-и шәһадаттың ақыретте мүмин таразысының оң жақ басын қалай ауыр басатынын былай деп түсіндірді: «Алла тағала Қиямет күні үмметімнің ішінен бір адамды сықаса жиналған халықтың арасынан шығарып алып, оған қатталған тоқсан тоғыз дәптерді көрсетеді.