02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Жүніп күйінде адам тамақ жеп, су іше ала ма?

Жүніп күйінде адам тамақ жеп, су іше ала ма?

Пәтуа all

Шариғатымыз жүніп (бой дәретсіз) болған кісінің қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуіне, қажет болғанда тамақ ішіп- жеуіне тыйым салмайды.

Әрі оның ішіп-жегенінен қалғаны лас болмайды. Себебі жүніп тәндік тұрғысынан лас саналмайды. Мұндай жағдайда дәрет алып, тым болмаса қолы мен аузын сумен шайып тамақ жей алады. Басқа істерін де жасауға болады. Өйткені жүніптік рухани ластық. Жүніп кезінде тамақ ішіп-жеудің үкімі – мәкруһ.

Айша анамыз (р.а.) жеткізген бір хадисте, жүніп кезінде кіші дәрет алып ішіп-жеуге болатындығы жайлы айтылған. Онда: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) жүніп (бой дәретсіз) күйіндегі кісіге, алдымен кіші дәрет алып барып, ішіп-жеуге рұқсат берген» дейді. Тіпті жүніп кісімен амандасуға да, әңгімелесуге де болады. Хазірет Хузәйфа (р.ғ): «Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен кездескенде қол алып амандасатын. Жақсы тілек, бата беретін. Бір күні таңғы уақытта Аллаһ елшісін көрдім. Бірақ көрмей қалған адамдай бұрылдым да, басқа жаққа қарай бұрылып кеттім. Кейіннен сәске кезінде қайтадан алдына бардым. Сонда Расулаллаһ (с.а.с.) маған қарап: «Мен сені көрген едім, бірақ сен дереу бұрылып кетіп қалдың. Неліктен бұлай жасадың?» – деп сұрады. «Пайғамбарым, мен ол кезде жүніп едім. Менімен қол алысып амандасуыңнан қорқып, бұрылып кетіп қалдым», – дедім. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сонда: «Мұсылман ешқашан лас болмайды» деп жауап қатты» деген. Алайда ғұсылсыз жан кейбір құлшылық түрлерін орындай алмайды. Атап айтар болсақ: намаз оқуға, ораза ұстауға, Қағбаны айналуға, Құрандағы тилауат сәждені жасауға, Құран оқуға және оны қолға алуға, мешітке кіруге рұқсат жоқ.

Сондай-ақ ешбір себепсіз ғұсыл алуды кешіктіре беру де дұрыс емес. Егер жалқаулықпен, немқұрайлықпен намазға салғырт қарап, ғұсыл алмастан намазды қаза ету үлкен күнә. Тіпті мұндай жағдайда намазды қаза етудің үкімін харамға жатқызған ғалымдар да бар. Ендеше, ең абзалы тамақ ішіп-жеместен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түспей тұрып бой дәретті болғанымыз дұрыс.

материал «Күнделікті діни сауалдарға жауаптар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: