08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Көз бен қызғаныштың ара-жігі

Көз бен қызғаныштың ара-жігі

Ислам тарихы

Қызғаныш – жалпы ұғым да, көз тию – жалқы ұғым. Сондықтан көз тиетін кісі – жалқы қызғаншақ. Барлық көзі тиюші қызғаншақ та, бірақ барлық қызғаншақ көзі тиетін адам емес. Сол себепті де «Фалақ» сүресінде жалпы ұғым берілді. Яғни, қызғаншақтардың қызғанышынан сақтану бұйырылды. Демек, бұл аяттардағы қызғаныш ұғымының ауқымына көз тию де кіріп кетеді. Бұл Құран кереметтерінің бір сынық көрінісі ғана.

Қызғаныштың шығу себебі көреалмаушылық, жеккөрушілік, қызғанған адамының артықшылығының жойылуын қалау секілді жаман пиғылдан болса, ал көз тиюдің себебі қатты ғажаптанудан, бір нәрсені зорайтып көруден, қатты жақсы көруден болады.

Қызғаныш пен көз тиюдің түйісетін жері бұл екеуі де нысанаға алынған адамға зарар береді. Алайда шығу тектері әртүрлі. Қызғаныш ішінің күйіп, қызғанған адамының нығметін қатты көреалмаушылығынан туындаса, ал көз тиюдің түп төркіні тесіліп қараудан болады. Сондықтан да көз тию тек адамға ғана емес, жануарға, ақша, малға, жанды, жансыз заттарға да әсер етеді. Тіпті кейде адамның көзі өзіне де тиюі мүмкін.

Қызғаншақ болайын деп тұрған істі қызғануы мүмкін, ал, көзі өтетін адам көз алдындағы затқа ғана әсер етеді.

Адам өзін, мал-жанын қызғанбайды, бірақ көзі өтетін адамның өзіне, мал-жанына әсер етуі ықтимал.

Қызғаныш асылы нашар адамнан шықса, ал көз өтуі жаны таза ізгі адамның бір нәрсеге таң қалуынан болуы да ықтимал. Оған Амир ибн Рабиға (р.а) деген сахаба мысал. Ол Сәһл ибн Хунәйфқа (р.а) көзі өтеді. Ал Амир (р.а) Исламға алғаш қабылдағандардың бірі және Бәдір шайқасына қатысқан ардақты сахаба.

Мұсылман бірнәрсеге қарап таңырқаса «Сүбханал-лаһ» дейді. Не болмаса «Бәрәкаллаһу» («Бәрекелді») деп оның берекесін тілейді. Жоғарыдағы оқиғада Пайғамбарымыз (с.а.с) Амирді (р.а): «Сен оған береке тілемедің бе?», - деп жазғырған.

материал «Өткір қылыш» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: