06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Мешіттердің хикметтері мен қызметі

Мешіттердің хикметтері мен қызметі

Ислам тарихы

Исламдағы мешіттердің орны ерекше. Осы себептен Алла Тағала Өзінің есіміне қосып «Бәйтулла» Алланың үйі деп аталған.

Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) риуаят еткен хадисте былай делінген:

الْمَسَاجِدُ بُيُوتِ اللهِ فِي الأَرْضِ تُضِيءُ لأَهْلِ السَّمَاءِ كَمَا تُضِيءُ نُجُومُ السَّمَاءِ لأَهْلِ الأَرْضِ

«Мешіттер – жер бетіндегі Хақ Тағаланың үйлері. Олар аспандағыларға жұлдыздар жердегілерге жарқырағандай жарқырап тұрады».

 Сондай-ақ, Алла Тағала Өзімен бірге мешітті атап:

وَأَنَّ الْمَسَاجِدَ للهِ فَلاَ تَدْعُوا مَعَ اللهِ أَحَدًا

«Мешіттер – Алла Тағаланікі. Сондықтан онда Алла Тағаламен өзгеге дұға етпеңдер». (Жын сүресі,18 аят)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мадинаға һижрат еткенде алғашқы ісі мешіт көтеру болғаны тарихтан белгілі. Осының өзі мешіттің Исламдағы мәртебесі жоғары биік екендігін көрсетеді.

Мешітте көбірек уақыт өткізу Аллаға және ақыретке иман келтірудің белгісі:

Хақ Тағала «Тәуба» сүресінің 18-ші аятында былай деген:

إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ

«Алла Тағаланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне иман келтірген ғана көркейтеді».

Бұ аятағы «يَعْمُرُ» сөзіне қатысты ғалымдар түрлі түсініктеме берген. Дегенмен, олардың ұғымы «мешітте болу, мүмкіндігінше мешітте көп уақыт өткізу» дегенге келеді.

Мешітке баруды әдет етудің артықшылығы:

Бұл мәселеге қатысты Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

إِذَا رَأَيْتُمْ الرَّجُلَ يَعْتَادُّ الْمَسَاجِدَ فَاشْهَدُوا لَهُ بِالإِيمَانِ، قال اللهُ عَزَّ وَجَلَّ: "إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللهِ مَنْ آمَنَ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ

«Мешiтке баруды әдетке айналдырған адамды көрсеңiздер, оның иманды екенiне куәлiк етіңдер. Хақ Тағала айтады: «Ақиқатында Алла Тағаланың мешіттерін Хақ Тағалаға және Ақырет күніне иман келтірген көркейтеді». (Имам Тирмизи риуаяты).

Демек, мешітке баруды әдет ету имандылықтың белгісі екен.

Әбу Һурайра (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

مَنْ غَدَا إِلَى الْمَسْجِدِ وَرَاحَ أَعَدَّ اللهُ لَهُ نُزُلاً فِي الْجَنَّةِ كُلَّمَا غَدَا أَوْ رَاحَ

«Алла Тағала таңертең және кешке мешітке барған пендесіне әр барған сәті үшін жәннаттан орын әзірлейді»

Яғни мешітке басқан әр қадамымыз арқылы жұмақтағы дәрежиеміз көтеріледі.

Сондықтан да он екі мүшеміз сау, бойымызда күш-қуат бар кезде мешітке келуді әдетке айналдырайық!

Мешітке келуді әдет ету – Алла жолында күрестің бір түріне жатады. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

الْغُدُوُّ وَالرَّوَاحُ إِلَى الْمَسْجِدِ مِنَ الْجِهَادِ فِي سَبِيلِ اللهِ

«Таңертең және кеш құрым мешітке бару – Алла Тағала жолындағы күреске жатады».

Әрине, мешітке баруды әдет ету мешітке деген ерекше сүйіспеншіліктің белгісі. Ал мұның сыйы не болмақ? Әбу Сағид (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

مَنْ أَلِفَ الْمَسْجِدَ أَلِفَهُ اللهُ

«Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді».

Барша мүмин Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне лайық болуын қалайды. Ал соның бірден-бір жолы – мешітті жақсы көру екен.

Мешітке баруды әдет етудің тағы бір артықшылығы – мешіттегілер періштелердің іздеген пендесіне айналады. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзі:

إِنَّ لِلْمَسَاجِدِ أَوْتَادًا، الْمَلاَئِكَةُ جُلَسَاؤُهُمْ، إِنْ غَابُوا يَفْتَقِدُونَهُمْ، وَإِنْ مَرِضُوا عَادُوهُمْ، وَإِنْ كَانُوا فِي حَاجَةٍ أَعَانُوهُمْ، وقال صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: جَلِيسُ الْمَسْجِدِ على ثَلاَثِ خِصَالٍ: أَخٌ مُسْتَفَادٌ، أَوْ كَلِمَةٌ مُحْكَمَةٌ، أَوْ رَحْمَةٌ مُنْتَظَرَةٌ

«Мешітке жиі баратындар – мешіт тұрғындары. Ал, періштелер олардың отырыстағы серіктері. Олар мешітте жоқ болса, періштелер оларды іздейді. Ауырса, барып жағдайын сұрайды. Бір ісі болса, сол істе көмектеседі. Мешітті мекен етуші үш нәрсенің біріне қол жеткізеді. Ол: діні үшін пайдалы бауырға, дана сөзге, не болмаса өзі күткен Алла Тағаланың рахметіне».

Хақ Тағала осы айтылып жатқан мүминдерге тән сипатты баршамызға нәсіп етсін!

Мешітке келушілер – Хақ Тағаланың қонақтары:

Бұл жайында Расулулла (с.ғ.с.) былай деген:

إِنَّ بُيُوتَ اللهِ فِي الأَرْضِ الْمَسَاجِدُ، وِإِنَّ حَقًّا عَلَى اللهِ أَنْ يُكْرِمَ الزَّائِرَ

«Ақиқатында, мешіттер – Алла Тағаланың жер бетінде үйлері. Сондықтан да Хақ Тағала Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтеп жіберуге ақылы».

Қазір мешітімізде қанша адам отыр? 12 мыңға жуық десек, соның әрбірі – Алла Тағаланың қонағы. Ал Хақ Тағала өз қонағын міндеті түрде құрметтеп жібереді. Қалайша? дейсізғой. Намазымызды, осында айтылып жатқан дұға-тілекті қабыл ету, мешітке келудің өзіне тән мол сауабын нәсіп ету, күнәнің кешірілуі – осының бәрі Алла Тағаланың құрметі.

Мешітке тәуліктің қараңғы сәтінде барудың артықшылығы:

Өкінішке орай біз жалқауланып мешітке әсіресе таңғы және кешкі мезгілде баруға ерінеміз. Ал дәл осы екі мезгіл – пенденің ең көп сауапқа кенелетін сәті.

Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады:

بَشِّرِ الْمَشَّآئِينَ فِي الظُّلْمِ إِلَى الْمَسَاجِدِ بِالنُّورِ التَّامِّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Түнің уақытында мешітке барушыларды Қиямет күні оларға нәсіп болатын кәміл нұрмен сүйіншілеңдер».

Бұл дүниеде түннің қараңғы мезгілінде мешітке барудың қадірін Қиямет күннің қорқынышты көрінісі мен сол күні әрбір адам қайғы-қасіретке тап болғанын елестеткен жағдайда ұғынса болады. Бұл дүниеде тәуліктің қараңғылық сәтінде көрген машақаттың есесі Ақыретте сәулесі Күннің жарығынан да жарық нұрмен қайтарылады. Бір хадисте басқалар үрей, қорқыныш халінде болған сәтте олар нұрдан болған мінбарлардың үстінде ешбір уайым-қайғысыз отыратыны жайында айтылса, тағы бір хадисте: «Қиямет күні Хақ Тағала: «Менің көршілерім қайда?»,-дегенде, періштелер: «Сіздің көршілеріңіз кім?»,-деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Мешітті амалдарымен тірілткендер»,-деп жауап береді»,-делінген.

Имам Бухари Әбу Һурайрадан (р.ғ.) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адамдар азан айту және намазда алдыңғы қатарда тұрудың сауаптылығын бiлсе, азан айту мен алдыңғы сапта тұру үшiн жеребе тартудан басқа жолы болмаса, жеребе тартар едi. Намазға ерте келiп күтудiң сауаптылығын бiлсе, ерте келуге жарысар едi. Түнгi (құптан) және таңғы (таң) намаздарын жамағатпен оқығанның сауаптылығын бiлсе, ол намаздарға еңбектеп болса да келер едi».

Шариғаттың әрбір үкімінде игілік пен береке бар. Ал оны орындаған үшін берілетін сый мен сауаптың шегі жоқ.

Мешітке барушылардың шарапаты:

Мешітке баруды әдет ету тек бұл сауапты амалды істеушіге емес, бәлкім өзгелерге де нәсіп. Себебі, құдси хадисте Жаратушы Иеміз былай деген: «Мен жер тұрғындарына азап жіберуді қалап тұрып жер бетінде мешітте болуды әдет еткен, Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрген, таңату мезгілінде Менен кешірім тілегендерге назар салсам азап жіберуден тыйламын».

Басқа бір құдси хадисте Алла Тағала былай деген: «Пенделердің ішінде Мен ең жақсы көретінім: Мен үшін бір-бірін жақсы көрген, Менің мешіттерімде болуды әдет еткен, таңату сәтінде Менен жарылқау тілеген пенделерім. Жер бетіндегілерді азаптауды қалаған сәтте Мен осы пенделерімді есіме алып, азабымның бетін қайтарамын».

Мешіт – тақуалардың үйі:

Имам Байһақи Әбу Дарда (р.ғ.) Салман Фарсиге (р.ғ.) былай деп жазғанын риуаят етеді: «Уа бауырым! Мешіт сенің үйің болсын! Расында мен пайғамбардың (с.ғ.с.) былай дегенін естідім: «Мешіт - әрбір тақуаның үйі. Үйі мешіт болған пендесіне Жаратушы Ие Өз тыныштығы мен рахметін нәсіп етеді. Сонымен қатар Алла Тағала сол пендесінен разы болып, ол сырат көпірінен жәннатқа аман өтуіне кепіл».

Демек, мешіт – тақуалардың мекені. Ал осы сипат нәсіп болған пенде осы дүниеде-ақ Хақ Тағаланың разылығына лайық болады.

Алла Тағаланың жер бетіде ең жақсы көретін орыны:

Расулулла (с.ғ.с.) айтады:

أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللهِ مَسَاجِدُهَا، وَأَبْغَضُ الْبِلاَدِ إِلَى اللهِ أَسْوَاقُهَا

«Алла Тағаланың жер бетiнде ең жақсы көретiн орыны – мешiт, ал ең жек көретiнi – базар».

Алла Тағала мешiттерді жақсы көреді. Себебі, мешіт –Алла Тағалаға құлшылық ету әрі Жаратушының рахметі жауған орыны.

Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) заманында біреу біреуді іздесе, оны мешіттен табатын. Кезінде сахабалар (родиял-лаһу ъанһум) үйіне келсе, әйелдері оларды: «Бүгін мешіттен не нәрсе үйреніп келдің?»,-деп қарсы алатын.

Базар мәселесіне келер болсақ, шариғат базардан аулақ жүрiңдер демейді. Пайғамбарымыздың өзі (с.ғ.с.) сауда істеген. Әрі бiр сөзiнде адал сауда еткен адамды шаһидке теңесе, хазiретi Омар (р.ғ.): «Бiздiң арамыздағы саудамен айналысатындар фақиһ, яғни шариғат ғалымы болсын!»,-деген. Мәселе сауданы адал жүргiзуде. Алайда, дүние болған жерде, лағынетi шайтан да жүредi. Алла Тағала базарлардың өзін емес ондағы көрініс табатын харам істерді  ұнатпау себебінен.

Мешіттегі пайғамбар мирасы:

Жоғарыда мешітке қатысты біршама мәлімет берілді. Ендігі мәселе: мешітке келу мақсатымыз жайында айта кетсек.

Бірде Әбу Һурайра (р.ғ.) Мадинаның базарында жүріп, ондағы адамдарға: «Уа халайық! Сендерді не нәрсе әлсіретті?»-деп сұрады. Адамдар: «Уа Әбу Һурайра! Не болып қалды?»,-деді.

- Ана жақта Нәбидің (с.ғ.с.) мирасы таратылып жатса, сендер мұнда жүрсіңдер. Барып өздеріңе тиісті несібелеріңді алмайсыңдар ма?

- Ол қай жерде таратылып жатыр?

- Мешітте.

Адамдар мешітке асығып кетті. Әбу Һурайра (р.ғ.) олардың қайтып келгенін күтіп тұрды. Адамдар қайтып келгеннен кейін, ол: «Не болды?»-деді.

- Уа, Әбу Һурайра! Біз мешітке барып, ішіне кіріп, онда бірдеңе таратылып жатқанын көрмедік.

- Сонда мешіттен ешкімді көрмедіңдер ме?

- Жоқ, көрдік. Онда біреулер намаз оқып жатса, біреулер Құран оқып жатты. Ал, біреулер өзара халал мен харам жайында әңгімелесіп жатты.

- Сендер үшін қандай өкінішті. Мухаммадтың (с.ғ.с.) мирасы сол емес пе?!

Мешіт – құлшылық орны. Мұнда дүниеліктен істен мейлінше аулақ болуға тырысу керек.

Мешітке келген пенде Алла Тағаланың үйіне келе жатқанын есінен шығармаған жөн.

Мешіт әдебін үйренейік! Өзіміз тәрізді бір пенденің алдына барар болсақ, қанша уақыт сәнделеміз. Барғанда тіпті айтатын сөзімізге дейін ойластырамыз. Олай болса неге мешітке келер сәтімізде осыны әдет етпеске? Өйткені, Сағид (р.ғ.) Мусайиб (р.ғ.) айтқанындай: «Мешітте отырған пенде Алла Тағаланың алдында отырады. Сондықтан да ол тек жақсы сөз айтсын».

 Мешітте дауыс көтермеу:

Сайб ибн Иазид деген кісі былай дейді: "Мешітте тұрған едім бір кісі мені таспен ұрып түртті, қарасам Омар ибн Хаттаб екен. Ол кісі маған: "Анау екеуін шақырып келші"-деді. Ол екеуін оған алып келдім. Сонда Омар ол екеуіне: "Кімсіңдер" немесе "Қайдан боласыңдар" деді. Олар:"Тайф елінен боламыз"-деді. Оларға Омар (р.ғ.): "Егер сендер қаламыздан болғандарыңда (яғни, Медина қаласының тұрғындары болғандарыңда), Алланың елшісінің мешітінде дауыстарыңды көтеріп сөйлегендерің үшін, қаттырақ ұрып ескертер едім"-деді. (Бухари риуаяты).

Бұл хабар мешітте дауыс көтеріп сөйлеудің жағымсыз, макруһ істерден екеніне дәлел.

Расында мешітте дауыстың көтерілуінен өзге намаз оқып, Құран оқып, ғибадат қылушыларға кедергі, зарар бар.

Кейбір ғұламалар мешітте дауыс көтеруді екі түрге бөлген. Бірінші түрі: ілім үйрету, насихаттап қайырлы істерді үйрету мақсатында дауыстың көтерілуі. Бұл дауыстың көтерілуінің рұқсат етілген түрі. Екінші түрі: жәй бір сөздермен, әңгімелесумен дауыстың көтерілуі. Ал бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей макруһ істерден. (Ибн Хажар. "Фатхул Бари" 1/658)

Мешітте аяқты құбылаға созбау:

Алла Тағала қасиетті Құрандағы Хаж сүресінің 32-ші аятында:

ذَلِكَ وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ

«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан»,-деп айтқан. Демек, Алланың қасиет тұтқан белгілеріне құрмет көрсету тақуалықтың белгісі. Осы орайда, Құбыла, қасиетті Құран Кәрім т.б қасиет тұтылған нәрселерді құрметтеу имандылық пен тақуалықтың нышаны екендігі сөзсіз. Ал, тақуалыққа қол жеткізу әрбір мұсылман пенде үшін негізгі мақсат болмақ. Сондай-ақ, Алланың үйінде отырып құлшылық-ғибадатымыздың құбыласы саналатын қасиетті Қағба бағытына аяқты созып отыру әдепсіздік пен құрметсіздік болып табылады.

Мешіт салудың артықшылығы:

Омар (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят еткен:

مَنْ بَنَى مَسْجِدًا يُذْكَرُ اللهُ فِيهِ اسْمُ اللهِ بَنَى اللهُ عَزَّ وَجَلَّ لَهُ بَـيْتًا فِي الْجَنَّةِ

«Алла Тағаланың есімі зікір етілу мақсатында мешіт салған адам үшін Хақ Тағала жәннаттан сарай тұрғызады».

Құдайға шүкір, қазіргі күні елімізде дін өркендеп, мешіттер саны көбейіп барады. Сол мешіттерді салып жатқан азаматтарымызға Алла Тағаланың разылығы болсын!. Осы хадисте айтылғандай олар жәннаттағы Хақ Тағаланың өзі оларға сый еткен зәулім сарайларды иеленсін деген дұғадамыз.

ummet.kz

Бөлісу: