17
Жұма,
Мамыр

һижри

Сауда әдебіне қатысты түрлі хадистер

Сауда әдебіне қатысты түрлі хадистер

Ислам тарихы

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Аллаға ең ұнамды мекендер – мешіттер. Аллаға ең ұнамсыз мекендер – базарлар».

ТҮСІНДІРМЕ:

Пәк пікір, салмақты зікір сынды құнды құлшылықтардың кәміл түрде атқарылатын жері – мешіт. Сол себепті Алла Тағаланың назарында ең сүйікті мекен болса керек. Ал ығы-жығы адамдар жиналған базарлар алдау мен алаяқтықтың, адами құндылықтардың құлдырауына бірден-бір себеп болатын жерлер болғандықтан, Ислам мәселелері ұмыт қала беретін кембағал жер болғандықтан сүйкімсіз мекен ретінде көрілген.

Хадис базарлардың осындай тұсына назар аударып, қырағылық пен адалдықтан айнымауға шақыруда. Негізінде, дін сызып берген шеңбердің ішінде жасалған сауда-саттық адал болып саналады. Мұндай сауда жүргізілетін мекендер дәріптеуге лайық жер. Алла елшісі (с.а.с.) адал саудагерлерді ең ұлы мәртебедегі жандардың қатарына қосса, бұлар тұрақтаған, осындай қадірлі жамағат сауда жасап жатқан жерлер қалай мақталмасын?!.

Салман (р.а.) былай дейді: «Қолыңнан келсе, базарға ең бірінші кірген адамдардың қатарынан болмауға тырыс. Сондай-ақ ол жерден ең соңынан шыққан адам да болма. Себебі ол – шайтанның (адамдарды адастыру үшін барын салып) шайқасқа шығатын мекені, оның жалауы базарға тігілген».

ТҮСІНДІРМЕ:

Бұл хадисте әзірет Салманның (р.а.) өз сөзі іспетті көрінсе де үкімі тұрғысынан мәрфуғ болып саналады. Бұл жерде де әртүрлі ескертулерге қарамастан базарда үкімі жүретін іс-әрекетке назар аударуда. Алдау, алаяқтық, өтірік ант, басты айналдыру, бос айтылған сөздер т.б. барлығы – шайтанға лайықты істер. 

Әзірет Омар (р.а.): «Біздің базарларымызда дінді білетін саудагерлер сауда-саттық жасасын», – деген.

ТҮСІНДІРМЕ:

Бұл жердегі дінді білу иман мен тек қана негізгі құлшылық-ғибадаттарды ғана атқаруға жеткілікті ғылымхалдық дәрежедегі білім жеткіліксіз. Бұған қосымша парыздарды, харамдарды, мәкруһтарды, сауда-саттыққа қатысы бар бұйрықтар мен тыйымдарды, сауда этикасын және сол салаға қатысты білімдерді де осыған қосуға болады. Ибн Абидин фарз айн (адам баласының жеке басына парыз болатын ілімдер) ғылымдарын санаған кезде «...мамандық иелеріне және қандай да бір іспен шұғылданушылардың барлығына харамға ұрынбауы үшін сол мәселеге қатысты ғылым мен соған арнайы айтылған үкімдерді оқуы парыз. Ал сауда-саттыққа қатысты мәліметтер де осы мәселелермен шұғылдануды жоспарлаған жандар үшін парыз...» делінген.

Әзірет Омардың (р.а.) бұл әміріне мойынсұнған кезеңдерде тұрақтылық пен жүректерге сенім ұялататын сауда түсінігі қалыптасып қарыштай дамыған. Ал бұл бұйрықтарға мойынсұнбаған кезеңдерде құлдыраулар мен рухани және материалдық жағдайда әлсіреулердің байқалғанын көруге болады.

Әбуд-Дарда (р.а.) былай дейді: «Мен Шамдағы Умәйя мешітінің алдынан бір дүкен ашып, күн сайын тапқан елу динарымнан Алла жолында жұмсай жүріп, намаздарымды әрқашан жамағатпен оқитынмын һәм Алланың адал дегендерін арам етуді армандамаймын, себебі Алла Тағаланың «... олар сондай адамдар, сауда-саттық та, базарлық та олардың Алланы зікір етуіне (еске алуына) кедергі бола алмайды» деген мақтауға ие болатын пенделердің қатарында бола алмай қалам ба деп қорқамын».

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: