29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Ақыретке сенудің мәні неде?

Ақыретке сенудің мәні неде?

Ислам тарихы

«Ақырет күніне сену – Исламда иманның бір шарты, сенімнің бір бөлшегі болып табылады. Ақыретке иман келтірмеген адам нағыз мүмін бола алмайды. Құранда мүміннің ерекшеліктері туралы айтылғанда «(Олар) намаз оқитын, зекет беретін және ақыретке толығымен сенетіндер» (Бақара сүресі, 4-аят; Нәмл сүресі, 3-аят) делінеді.

Ақыретке сенудің адам үшін маңызы зор. Осы себепті Құранда ақырет өмірі туралы көп айтылады, кейде дәлел, айғақтармен, кейде мысалдармен беріп, суреттеу арқылы ақырет туралы адамның санасына сіңіруге күш салынады. «Мен кіммін? Қайдан, не үшін келдім? Алдағы жағдайым қандай болады?» деген сұрақтарға ақыретке иман келтіру арқылы жауап табуға болады. Қайдан келіп, қайда баратынын білген адам болашаққа қатысты уайымдарын сейілтіп, мақсатын белгілейді. Бұл дүниелік өмірінің де мәні артады. ««Біз сендерді босқа жаратып, тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп, ойлайсыңдар ма?» дейді» (Мүминун сүресі, 115-аят), «Адамдардың кейбірі, екіжүзді (мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» (Бақара сүресі, 8-аят), «Әй мүміндер! Аллаға, пайғамбарына және оған түсірген Құранға, сондай-ақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кім Алланы, періштелерін, кітаптарын, елшілерін және ақырет күнін мойындамаса, тым ұзақ адасқаны» (Ниса сүресі, 136-аят), «Аяттарымызды, ақыретке кездесуді өтірік дегендердің амалдары жойылып, істеріне қарай жазаланады» (Араф сүресі, 147-аят).

Ақыретке сенбеген, мұндай сенімге ие болмаған адамның жаны тыныш таппайды, бұ дүниеде қанша жақсы өмір сүргенмен бақытты бола алмайды. Тіпті екі дүниесін де оңдырмайды. Бұ дүние мен ақырет бір-бірімен тығыз байланысты. Бұ дүние − ақыреттің егіндігі, яғни ақырет үшін, ал ақырет − бұ дүниенің тәртібі мен жүйесі үшін. Ақыретке иман өмірдегі істердің түзетілуі арқылы ақыретке қол жеткізуді қамтитын негіз болып саналады. Ислам діні осы өмір үшін келген. Бірақ осы өмірде бақытты бола алмаған адамның ақыреті де оңбайды деуге болады.

Адамның ақыретте ғалам жаратушысының алдында есеп беретінін сезінуі қоғамда көптеген жамандықтардың, бүліктің, зұлымдықтың, қылмыс пен әділетсіздіктің алдын алуға септігін тигізеді. Ақыретке сенген адам өлімнен қорықпайды. Өйткені, ол өмірге өткінші рахаттың соңына түсіп, мәңгілік өмірге дайындалуды ұмыту үшін емес, мәңгілік бақытқа қол жеткзу үшін келгенін біледі.

Ұйықтағанда көретін түстеріміз бізді ақырет өміріне апаратын бір жол болып табылады. Құран Кәрім бірқатар аяттарында түстер туралы айтады, сахих хадис кітаптарында кейде пайғамбардың өзінің түс жорығаны туралы да айтылады. Тіпті, азан шақыру да түс арқылы анықталған. Бір-екі секундта көрген түсімізді түні 

бойы көрдік деп ойлаймыз. Қорқынышты түс көргенде, ояна сала «Түсім екен ғой» деп қуанамыз. Сосын көрген түсімізді бірнеше сағаттан кейін ұмытып кетеміз. Бәрі есімізде сақтала бермейді. Міне, өлім де өмірдегі түстен оянудың бір түрі болып саналады. Түсті есімізде сақтай алмайтынымыз секілді өлгеннен кейін де өмірді ұмытамыз. Кирамен Катибин періштелері бізге осы өмірді еске түсіруге тырысады.

Тозақтықтар мәңгілік отқа жанады. Мысалы, қиындық пен азап шегіп жүрген адамның түсінде бай, бақытты өмір сүріп жүргенін көрген адамның жағдайын осымен салыстыруға болады. Қатты төсекте ауырып жатқан, денесін жара басқан, кедей адамның ұйықтап жатқанын көргенде «Ол азап шегуде» дейсің.

Тозаққа түскендердің де жағдайы осы сияқты. Өйткені, уақыт ұғымы бұ дүниеге тән нәрсе. Уақыт мүмін үшін басқа, кәпір үшін басқа өлшеммен өлшенеді (Хаж сүресі, 47-аят), мүмін үшін бір күн мың жылға тең болса, кәпір үшін елу мың жылға созылады (Сәжде сүресі, 5-аят).

Ақыретке сенген адам жақсы істер жасау арқылы мәңгілік бақытқа жетуге болатынын білетіндіктен, өзінің жасаған ғибадаттарынан ләззат алады. Ақыретке сенім жастарға мынадай ескерту жасайды: «Тозақ бар, мастықты (ішімдік ішу) таста». Ақыретке сенетін қарт мұсылмандарға «Уайымдамаңдар, сендердің мәңгілік жастықтарың бар, болашақ сендерді күтіп тұр, жақсылықтарың сақталып, сыйын көресіңдер. Айрылған балаларыңа туыстарыңа қуанышпен қауышасыңдар» деп жұбату айтады.

материал Ақырет жайлы 100 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: