06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Харамды тәрк ету – құлшылық

Харамды тәрк ету – құлшылық

Ислам тарихы

Насста үкімі айтылмаған мәселелердің үкімін нақтылауда ең бірінші жүгінетін шариғи дәлел ол – қияс. Қияс дегеніміз – Құран, сүннет және ижмада үкімі айтылмаған мәселенің үкімін араларында ортақ илләт табылған үкімі анық мәселемен салыстыра отырып шығару.

Қиясты жүзеге асыру үшін мына төрт элемент қажет болады: Негізгі нәрсе, негізгі нәрсенің үкімі, тармақ мәселесі және илләт. Осылардың ішіндегі қияс үшін ең маңыздысы илләт екендігі айтылады. Себебі қияс жасау үшін ең алдымен шариғатта үкімі бар мәселенің илләтін анықтау қажет, содан кейін ол илләттің жаңадан туындаған мәселелерде бар-жоғына көз жеткізу керек.Сол себепті жоғарыда айтып өткеніміздей қияс жасау үшін үкімдердің шығуына түрткі болған түпкі мақсатты білу усул мамандарының ең басты қадамы болған. Осы тұрғыдан қарағанда үкімдер илләтінің анықталып-анықталмағанына қарай тағаббуди және тағлили болып екіге бөлінеді. Илләті анықталғандар муғалләл, ал илләті анықталмағандары тағаббуди үкім деп аталды. Кеңірек айтар болсақ ақылдың аясына кірмейтін, илләті белгісіз, Алланың бұл құлшылықты неліктен бұйырғаны беймәлім болған және оның қандай пайдасы бар екендігін адамдар толық білмейтін үкімдерге тағаббуди үкім делінеді. Шариғи үкімдердің бұлайша бөлінуінің негізгі себебі ижтиһад мәселесінің дінімізде орны бар екендігі. Себебі илләті анықталған насстың үкімі дәл сондай илләті бар басқа мәселелерге де беріледі, ал тағаббуди үкімдерде бұлай қияс жасалмайды.

Жалпы алғанда діни үкімдердің барлығы дерлік тағаббуди. Себебі тағаббуд сөзі Аллаға құлшылық ету және Оған мойынсұну деген мағыналарды береді. Сондықтан илләті ақыл арқылы анықталса да, анықталмаса да барлық діни үкімдер тек Алланың бұйрығына мойынсұнып, Оған құлшылық мақсатында жасауды тағаббудилік деуімізге болады. Бұл жалпы мағына. Ал негізінде тағаббуди үкімдер дегеніміз – илләті ақыл арқылы түсінілмейтін үкімдер.Жалпы шариғи үкімдер ғибадат және муғамалат болып екіге бөлінеді. Ғибадатта тағаббудилік, ал муғаматта илләт негізге алынады. Ақыл муғамалатқа қатысты үкімдердің шығуындағы себеп пен илләтті түсіне алады, ал ғибадаттардың астарындағы түпкі мақсат пен хикметті ұғынуға қауқарсыз. Тағаббуди үкімдерді жүзеге асыруда қандай да бір пайда, мүдде көзделмейді, тек Алланың бұйырғаны үшін атқарылады. Дегенмен, осылай жалпылама бөліп қарастыруға дұрыс болып есептелгенмен, құлшылықтар арасында илләті бар кейбір үкімдер, муғамалат арасында кейбір тағаббуди үкімдер кездесіп жататыны ақиқат.

Алайда мына нәрсені де айта кетуіміз керек, тағаббуди үкімдер мен илләтке сүйенген үкімдердің нақты шегін белгілеу үнемі мүмкін болмай келді. Бұған қатысты фақиһтар арасында пікір қайшылығы туындаған. Тіпті тармақ мәселелеріндегі пікір қайшылықтарының басым бөлігі үкімдердің тағаббуди немесе илләтқа сүйенгенін анықтауда және илләтқа сүйенген үкімдердің илләтін анықтау төңірегінде болған.

Харамдарға қатысты үкімдерді анықтауда да түрлі тұжырымдар бар. «Мас қылушы» сипатын илләт деп есептегендіктен, әрбір мас қылушы нәрсеге харам деген үкім берілуі немесе үкімі насста нақты айтылмаған жануарлардың үкімін анықтауда қияс дәлелінің қолданылуы, не болмаса «зиянды» сипатын илләт деп қарастырып, бойында осы илләт кездескен жануарға харам үкімін беру секілді харамдарға қатысты үкімдердің бір бөлігінің илләтқа қатысты болғанымен, жалпы харамдық мәселесінде тағаббудилік басым екендігін көптеген зерттеушілер айтқан. Мәселен, доңыздың, өлексенің, қанның, Алладан өзгенің атымен сойылған малдың немесе «бисмиллә» айтылмай сойылған малдың харам болуының себебі бұған қатысты нақты тыйымның аяттарда болуы. Бұлардың харам болу илләті белгісіз болғандықтан бұдан басқа да тағамдарды осыған қияс жасау арқылы харам ету дұрыс болмайды. Сонымен қатар илләті жоқ екендігін алға тартып, біз аталмыш тағамдардың харамдығын жоққа шығара алмаймыз. Өйткені бұл тағамдардың харам болу илләті – Алла тағаланың тыйымы. Харам етуде негізгі мәселе тағаббудилік екендігін алға тартқан Мехмет Эрдоған «Жәннатта әзірет Адаммен әзірет Хауаға жемісті жеуге тыйым салынуының илләті не болса, бұл жердегі илләт те сол» деп харам нәрселердің илләті илаһи әмір екендігін айтқан.Халал мен харам тек уахи арқылы бекітілетіндіктен онда көзқарас пен ижтиһадқа орын жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда алғашқы ғұламалар үкімі насста кесімді түрде айтылмаған мәселелерде «харам» деп үкім беруден сақтанған. Олар мұндай жағдайда «мәкруһ», «құптамаймын», «ұнамсыз» деген секілді сөздерді қолданған. Ижтиһад арқылы бекітілмейтіндіктен халал мен харам уақыт өте келе өзгеріске ұшырамайды, яғни үкім өзгермейді.

Құран кәрімде жеуге тыйым салынған тағамдардың әлбетте харам етілуінде көптеген хикмет пен пайда бар. Харам тағамдардың адам ағзасына берер зияны мынадай дамыған заманда тіпті көзге айқын көрініп тұрады. Мәселен, аятта деп сипатталған доңыздың адам ағзасына беретін зиянына қатысты бірқатар зерттеулер жасалған.

материал «Адал ас» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: