04
Сенбі,
Мамыр

һижри

Құранның жүрегіне айналған сүре

Құранның жүрегіне айналған сүре

Ислам тарихы

«Иәсин» – Құран кәрімдегі 36-сүренің атауы. Бұл атау осы сүренің 1-аятындағы «иә» және «син» әріптеріне байланысты берілген. Бұл әріптер «хуруф муқаттаға» деп аталады, олардың мағынасы бір Аллаға ғана аян. «Иәсин» сүресі 83 аяттан тұрады.

Сүредегі негізгі тақырыптар: таухид, ақирет және пайғамбарлық. Мысалы, сүренің алғашқы 1-4-аяттарында Құранның негізгі тақырыбының бірі – пайғамбарлық жайлы былай дейді: «Иәсин. (Уа, Мұхаммед!) Хикметке толы Құранға серт! Сен, әлбетте, (ақиқатты жар салу міндетімен жіберілген) елші пайғамбардың бірі һәм бірегейісің! Тұп-тура жолдасың».

«Иәсин» сүресі ұлы Алланың бар екенін, Оның асқан күш-құдіретін және ақирет мекенін меңзей отырып мына аяттармен аяқталады: «Көктер мен жерді жоқтан жаратқан Алланың, дәл солар сияқтыны жаратуға құдіреті жетпейді дейсіңдер ме?! Әлбетте, жетеді, өйткені Ол – не нәрсені болса да мінсіз һәм кереметтей етіп жаратушы, барлық нәрсені білуші. Бір нәрсенің болуын қалаған кезде, Оның ісі оған тек «Бол!» деп айту ғана, сонда ол нәрсе бірден бола қалады. Барлық нәрсенің тізгіні бір Өзінің ғана қолында болған Алла мінсіз, барлығың Оған қайтарылудасыңдар. (Иәсин, 81-83).

Бір хадисте өлім аузында жатқан кісіге осы сүрені оқу керектігі (Өлілеріңе «Иәсин» сүресін оқыңдар) айтылған. Бұдан бұл сүренің өлім аузында жатқандардың да иман нұрына бөленуіне себеп болатындығын аңғаруға болады. Сондай-ақ, осы хадиске сүйенсек, «Иәсин» сүресін оқып, сауабын өлілердің рухына бағыштауға болады, дегенмен Құранның тек тірілер үшін түскендігін және адамдардың оның мағынасын ұғынып, бұйрықтары мен тыйымдарына лайықты өмір сүру үшін жіберілгенін ұмытпай есте ұстаған жөн.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл сүрені «Құранның жүрегі» деген. Бұл жайлы бір хадисте «Құранның жүрегі – Иәсин. Кімде-кім Алланы және ақиретті ойлап Иәсин оқыса, Алла тағала оны міндетті түрде кешіреді» – делінген.

Иәсинді 41 мәрте оқу сынды, мынанша рет оқылады делінген аяттар мен сүрелерге қатысты қандай да бір аят немесе хадис кездеспейді. Әрбір адам «Иәсин» сүресін қалағанынша оқи алады. Егер «мұны осынша оқу керек, ол сүннет, парыз, діннің әмірі» делінсе немесе солай сенсе, бидғат болады. Мұндай сенімнен ада, жеке өзінің немесе басқа біреудің тәжірибесіне сүйене отырып, «Осыншама оқысаң, мынандай пайдасы бар немесе пайдалы болды» деп кеңес етер болса, онда бидғатқа жатпайды, мұның ешқандай әбестігі жоқ.

«Иәсин» сүресі – мұсылмандардың өте көп оқитын сүресі. Әзірет Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл сүренің артықшылығын тілге тиек етіп, оқуға кеңес берген көптеген хадистер бар.

«Иәсин» сүресі және оның жекелеген аяттары жайлы хадистер

Әнас (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әр нәрсенің жүрегі бар. Құранның жүрегі – Иәсин. Кімде-кім осы сүрені оқыса, Алла тағала оған Құран кәрімді («Иәсинді» қоспағанда) он рет оқығандай сауап жазады», – деп айтты.

Түсініктеме: Хадистегі «жүрек» сөзі «өзек», «негіз» деген мағынада қолданылған. «Иәсин – Құран кәрімнің жүрегі» дегенді «Құран кәрімде айтылған негізгі мәселелердің өзегі осы сүреде жинақталып берілген» деп түсінген дұрыс. Имам Ғазали де «Құран кәрімнің ең маңызды өзегі – иман екенін, оның ақиретті, хашырды (өлгеннен кейін қайта тірілуді) растау арқылы дұрыс болатынын, «Иәсин» сүресінде хашыр мен қайта тірілу жайлы өте анық баяндалғанын, соған байланысты «Құран кәрімнің жүрегі» деген сипатқа ие болғанын» айтқан. Танымал тәпсірші Фахруддин Рази де оның осы ойымен келісетінін жеткізеді.

Ал «Иәсин» сүресін оқыған адамға он есе сауап жазылатынын былай түсіндіруге болады: қай іске қаншалықты сауап жазылатыны Алланың қалауына байланысты. Егер Алла тағала «Иәсин» үшін осыншама сауап беруді жазған болса, әрі мұны Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге жеткізген болса, біз де дәл солай қабылдап, үйренуге тиіспіз.

материал «Иәсин сүресі» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: