07
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

«Дүниені жаратқан табиғат» деп табиғатқа табыну дұрыс па?

«Дүниені жаратқан табиғат» деп табиғатқа табыну дұрыс па?

Ислам тарихы

Табиғат пен әлемдегі заңдылықтар Ұлы Жаратушының жоқтан бар етіп өзін паш еткен өнері мен өзінің бар екендігі мен бірлігін танытатын тайға таңба басқандай құдірет таңбасы.

Ақиқат айдай көрінсе де, бір материалистер әлемнің жаратушысы табиғат немесе заңдылықтар деп өздерінше тұжырым жасайды. Олардан жер мен көктерді кім жаратты деп сұрай қалсаң «табиғат», – деп жауап қатқанын естисің. Сол табиғат деген не өзі? Табиғат – жанды-жансыз, жан-жануар, от пен су т.б. әлемдегі барлық заттар. Бұл заттар қалайша өз-өзін жаратпақ. Табиғат жаратушы болуы үшін бастауы болмауы керек. Алайда, табиғат мүмкіндік әлемінен тұрады. Ал, мүмкіндіктің болуы мен болмауы бірдей деген сөз. Барлығының бастауы болмауы шексіздікті көрсетеді. Бірақ, әлемде көрінген барлық заттар ұшқыр жылдамдықпен құрдымға қарай құлдилап барады. Ендеше, әлемдегі кейіннен пайда болған барлық болмыстың барлығы шексіз емес. Яғни, мәңгілік емес. Демек, олар мүмкіндік әлемінен. Мүмкіндік болса, сөзсіз бір жаратушыға мұқтаж.

Ал, жаратушы мен жаратушыға мұқтаж болған заттың бірдей болуы ақылға сыйымсыз, сандырақ нәрсе. Олай болса, жаратушыға мұқтаж болғанды жаратқан ешқашан материя немесе соған ұқсас түрден бола алмайды. Оны жаратқан бастауы мен соңы болмаған бір ұлы күш қана. Ол – Ұлы Жаратушы. Демек, табиғат – жасаушы емес, жасалушы, оюшы емес, ою жаратушы емес, жаралушы. Және де айта кететін бір жайт, егер материя өзін жаратқан күштің өзі болса, қазір сол күш қайда кеткен? Мәңгі бола алмайтын шегі мен соңы бар күштің бастаусыз бола алмайтыны да анық. Материалистердің айтуынша, адамды да табиғат жаратқан. Адамда рух бар, мыңдаған сезім бар, жаратылыстан ерекше етілген куәлігі ретінде ақылы бар. Табиғатта мұның бірі де жоқ. Яғни, табиғат адамзаттан әлдеқайда төмен. Әлем атты табиғатты ақылға салып көрсек, оның адамға қызметші екенін аңғарамыз. Олай болса, өзінен төмен болған санасыз табиғат өзінен жоғары тұрған иесіне өзінде болмаған нәрсені қалай бермек. Оны жаратып, оған қалай бағынып, қызмет етпек. Мұны қалай қабыл ете аламыз? Әлемдегі заңдылықтар мен себептер табиғатты жараттыдегентұжырымдар да бар. Ал, сол заңдылықтар не өзі?

Ол – әлемдегі жүйелер жиынтығы. Әлем болмаса, жүйе қайдан болмақ? Жүйе – әлемдегі белгілі бір әрекетті білдіретін нәрсе емес пе? Яғни, заңдылықтар көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, тек ақылмен білінетін болжамды нәрсе ғана. Мысалы, тартылу күшін алайық. Бұл атау тек құбылыстағы бір мәселені анықтау үшін қойылған нәрсе ғана. Болмаса зертханада зерттелетін нәрсенің емес. Көрілген, сезілген нәрсе нәтижелері ғана. Заңдылықтар бар болғаны үшін әлем солай әрекет етпейді, керісінше, әлемнің әрекетінен заңдылықтар туады. Яғни, материя мен қозғалысты тудырған заңдылықтар мен себептер емес, керісінше заңдылықтар мен себептер материя мен оның қозғалысынан туындайды. Ендеше, заңдылықтар табиғаттың белгілі бір қозғалысынан туындаған әрі сол табиғатқа тәуелді. Онда, сол болжамды нәрсе табиғатты қалай жаратпақ. Әрі өзін қалай жоқтан бар етпек?

Заңгер мен заң бірдей бола алмайды. Бір таңқаларлық нәрсе, материалистердің болмыстың бар екеніне алғаш себеп етіп қабыл еткен осы болжамды заңдылық пен себептерге көздерімен көрмесе де сенулері және Ұлы Жаратушыға бермеген құдіретті осы болжамды себептерге таңулары еді. Олар көздерімен көрмесе де, саналары арқылы заңдылық пен себептерді тауып, қабыл етулері мен осынау заңдылық, себеп, табиғатты саналарына салып, олардың Ұлы Жасаушысын таба алмайтындары аса таңқаларлық әрі өте қисынсыз нәрсе. Мұндай заңдылықтар мен себептер де табиғат секілді, кейіннен пайда болған. Бұл екеуі де материяға ұқсап, жоқтыққа қарай жұтылып барады. Ғалымдар материяның жүйесінен айырылып, жұлдыздардың шашылып, қияметтің болуына түрткі салатын көптеген себептер жайында хабар беруде. Ал, ақыры болып, құрдымға үкімі шыққандар ешқашан да жаратушы бола алмайды. Иә, кейбір адам баласы аса ғажайып суретке қарап, Ұлы Суретшінің ұлылығын ұғудың орнына, ұлылықты салынған сол суреттен іздеулері – Ұлы Жаратушыға иман етіп, дос болған жандарға аса түсініксіз қитұрқы нәрсе...

материал «Иман мен дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: