19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Әл-Фарабидің Жаратушы жайындағы дәлелі

Әл-Фарабидің Жаратушы жайындағы дәлелі

Ислам тарихы

Фараби Ұлы Жаратушының барлығы жайлы үш дәлел ұсынған. Олар мыналар:

1. Әлемді жоқтан бар еткен бір ықпал себеп бар. Бұл себеп, барлық әлемнен жоғары тұрған әрі ең алғашқысы. Оны бар еткен басқа бір себеп жоқ. Ол өздігінен бар. Ол кәміл де толық. Сондықтан да онда кемістік болмайды. Ол себептердің себебі. Ақыл мен сезім арқылы табиғатқа көз салсақ, онда сәт сайын, сағат сайын өзгерістер болып жатқанына көз жеткіземіз. Міне, осы өзгерістердің сөзсіз бір себебі бар. Ал, әрбір себептің де басқа бір себебі болуы керек. Бұл бір айнымас қағида. Бірақ та шексіздікке қарай бір-біріне жалғаса әсер еткен себептер болуы мүмкінсіз нәрсе. Олай болса, бастауы мен соңы болмаған алғашқы ықпал етуші бір себептің бар екені қабыл етілуі қажет. А, Ә-нің, Ә, Б-ның, Б, В-ның себебі болуы мүмкін. Бірақ, А үшін себеп болуы мүмкін емес. Өйткені, А өз-өзінен бар. Ол үшін де себеп іздейтін болсақ, ақылға сыйымсыз себептер тізбегінен құтыла алмаймыз. Мұны тағы да жеңілдетіп айтайық:

Пойызға ең соңғы вагонынан мінген біреу сізден былай деп сұраса: мына вагон өздігінен қалай кетіп барады? Сіз оған, әлбетте: Оны алдыңғы вагон тартып бара жатқанын айтасыз. Әлгі адам сізден бұл сұрақты ең алдыңғы вагонның тепловозы тартып бара жатқанын естігенге дейін сұрайды да, ең соңында сол тепловозды не тартып бара жатыр деп сұрайды. Сонда сіз: тепловозды ешнәрсе тартпайды, ол ең алғашқы, ол өзін-өзі тартып бара жатыр деп жауап қатасыз. Міне, әлемдегі себептер де сол секілді. Яғни, бүкіл жаратылыс атаулыға алғаш ықпал еткен бір себеп бар. Ал осы себептің бар болуына өзі ықпал еткен бе?, – деген сұраққа «жоқ» деп жауап қайтарамыз. Өйткені, бір нәрсе бір уақытта әрі қара, әрі ақ бола алмайды. Яғни, ол өз-өзінің бар болуына ықпал етсе, онда ол кейіннен бар болған еді. Ал, кейіннен бар болған нәрсе жаратылысқа ұқсамақ. Сондықтан оның бар болуы материя мен суреттен тыс нәрсе. Оның бар болуы үшін ешқандай мақсат жоқ. Оның барлығы, ешнәрсеге қарыздар да емес. Яғни, Оның бастауы мен соңы жоқ. Мәңгі бар. Қортындылап айтсақ, ол – себептердің Себебі. Мұндай барлықты біз Ұлы Жаратушы дейміз.

2. Қозғалыс пен қозғалған нәрсе бар. Бұлар бар болған соң, оны қозғайтын бір қозғаушы күштің де болуы керек. Бір қимылдың тууына себепші қозғау күштері болса да, бәрі де ең соңғы бір Қозғаушы күшке барып тірелу зәрулігі бар. Өйткені, қозғаушы күштерді шексіздікке қарай тізу, ой құрдымына апаратын нәрсе. Міне, сондықтан да әрбір затты алғаш рет қозғаған осы ең соңғы Қозғаушы күш себеп Ұлы Жаратушы. Негізінде осы қозғау дәлелі, Аристотельдің ой-пікірімен ұқсас, төркіндес келеді. Сондықтан да Фарабидің бұндай пікірлері Аристотельдің тұжырымымен сабақтас деуге болады.

3. Бар болуы сөзсіз болған барлық мәжбүр бар. Оның барлығын терістеген, бүкіл барлықты мүмкіндік барлығы ретінде қабыл етуімізге тура келеді. Бұл мүмкіндік не жаратылған (бар болғанына қарасақ, сөзсіз жаратылған) немесе жаратылмаған. Ал, жаратылған осы болмыстың бар болуының жалғасы не бір себеп арқылы немесе өздігінен. Егер бар болуы мен бар болуының жалғасын өздігінен санасақ, онда себеп пен себеп етілуші бір деген сөз. Бұл себеп принципі мен логика қағидалары бойынша теріс. Жаратылыс әрі жаратушы, әрі жаратылушыбола алмас. Ендеше, бар болуы сөзсіз болған мүмкіндіктен тысқары бір барлық бар. Оның бар болуы сөзсіз. Оның бар болмауы мүмкін емес. Барлық нәрсенің алғашқы түрткісі сол. Ол түрден, бөлінуден пәк. Яғни, жаратылғанға ұқсамайды. Оның заты бастаусыз да соңсыз. Ол ешнәрсеге мұқтаж емес. Бөлінуді қабыл етпес. Ақиқат, өзі ғана. Ол өлшеусіз. Онда заман мен мекен жоқ. Дене де емес. Материя мен бейнесі де жоқ. Ұқсасы да жоқ. Барлық нәрсе оның қалауымен ғана бар болған. Сол себепті оның қандай екенін ұғып, білу мүмкін емес.

материал «Иман және дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: