14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Аллаға мекен беруге бола ма?

Аллаға мекен беруге бола ма?

Ислам тарихы

Құран Кәрім мен хадистерде Жаратушының ұлылығы мен құдіретін түсіндіруде «истиуа» сөзінің қолданылғанына қарап, тура мағынада түсініп, Аллаға мекен беріп, адамға ұқсату – Ислам түсінігіне қайшы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Құран аяттарында жазылғандай, Ұлы Жаратушының ешқандай серігі жоқ. Ол еш нәрсеге де ұқсамайды. Айналадағы мақлұқатқа ұқсатып, түрлендіру – адасу. Жаратылған нәрсеге ұқсатып мекен беру де қате ұғым. Тек Алланың Ұлылығын көрсету, түсіндіру барысында аят-хадистер Күрсі мен Арш сөздерін қолданған. Мәтіндерде жазылған түсіндірмелердің көмегімен көптеген иләһи ақиқаттарды ұғына аламыз. Алла тағалаға қатысты айтылған ақпараттардың астарында не жатқанын, көзделген мағынаның не болғанын түсіну үшін тәпсірлер мен түсіндірмелерге үңілу ләзім. Өткен ғасыр ғалымдары да дәл солай жасаған.

Құран Кәрім Алла Тағаланы біздерге танытып, «күре тамырымыздан да жақын» екенін айтса, тағы бір аятта: «Сәжде ет, Оған жақында» деп, сәжде еткен уақытта Аллаға жақын болатынымызды жеткізген.

Бірінде «күре тамырларыңнан да жақынмын» десе, енді бірінде «Сәжде еткенде өте жақын боласыңдар» делінген. Бұл қарама-қайшылық иман түсінігімен, аяттың астарын, көзделген мағынаның не екенін білуге, ой жүгіртуге ишарат етеді. Шындығында, Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк, қате-кемшіліктен ада.

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала ақылды жаратқанда оған: «Кел!» деді, ақыл келгенде, «Кері қайт!» деп әмір етті. Ол Оның әмірін бұлжытпай орындады. Осы кезде ақылға былай деп айтты: «Мен сенен басқа өзім үшін сүйікті нәрсе жаратпадым. Сені мақлұқаттың ең ардақтысына орналастырамын»

ТҮСІНДІРМЕ:
Рәзиннің қосымша жазбалары деп келген мәліметтің қай дереккөздерден алынғаны көрсетілмеген. Алайда ибн Хажар «Фәтхул-Баридегі» №1684-ші ретте келген Имран ибн Хусейіннің хадисіне түсіндірме жасау барысында алғашқы жаратылған нәрселердің ретін айтып, олардың алғашқысы болып ақылдың тұрғанын баян еткен. Алайда «Алла ең бірінші ақылды жаратты» деген риуаятты жеткізе келе хадис тізбегінің сахих еместігін айтқан. Тіпті «Маталибул-Әлияда» Харис ибн Әбу Усаманың «Муснәдынан» ақылға байланысты жеткен отызға жуық хадистің жоғарғы жағына: «Барлығы да жалған, ойдан құрастырылған» деп жазған.

Міне, сол себепті ақылға байланысты жеткен хадистердің дұрыстығын, тізбегінің қатесіздігін саралап, жіті қадағалау керек.Жәбир (р.а.) былай дейді: «Расулалла: (с.а.с.) «Маған Алла Тағаланың Аршын таситын періштелерінің біріне қатысты риуаят етуіме рұқсат берілді» дей келе сөзін былай жалғастырды: «Оның (періштенің) құлақ сырғалығы мен желкесінің арасы жеті жүз жылдық қашықтықты қамтиды»

ТҮСІНДІРМЕ:
Расулалланың (с.а.с.) осы хадисінен мынаны түсінеміз:
• Аршты періштелер тасиды. Олар (хәмәлә) «тасушылар» деп аталады.
• Арштың үлкендігін елестету адам баласының ақылына сыймайды. Өйткені сол Аршты таситын періштелердің құлағы мен желкесінің арасы (атпен) жүріп өтсе жеті жүз жыл уақытты алады. Ислам ғұламаларының пікірінше «Жеті жүз жылдық жол» көлемінің үлкендігін сипаттау үшін айтылған, белгілі бір өлшемді нақтылап жеткізу үшін емес.

Ибн Аббастан жеткен (р.а.) Дәйләмидің жазған риуаятында Аршты таситын періштелердің көлемінен, бойынан хабар беретін мәліметтер жазылған:«Аршты таситын періштелердің арасында Исрафил деген періште бар. Арыштың бұрышындағы (періште) оның иығының үстінде. Оның аяқтары жерде, басы да жетінші аспаннан асады. Ал жаратушы өзі жаратқандарынан ұлы». Ахмад ибн Ханбалдың Абдулла ибн Сәләмнан дәл осы сөздерді растайтын риуаятты көруге болады. Әрі хадисте қосымша ақпараттар да бар:«(Періштенің) табаны мен тобығының арасы (жаяу) алты жүз жылдық арақашықтықты қамтиды. Алайда ғалымдар бұл хадисті әлсіз деп тапқан. Десек те, хадис нақты мәліметті қамтымаса да, ғайып әлемге қатысты аз да болса ақпарат береді.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: