29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Шайтан не үшін жаратылған?

Шайтан не үшін жаратылған?

Ислам тарихы

Алла ешбір жаратылысты бекерден-бекерге я болмаса жаманшылық жасау үшін жаратпаған. Шайтан әу баста шайтан болып жаратылмаған. Ол – періштелердің арасында ғұмыр кешкен жаратылыс.

Алайда ол Алла Тағаланың алғашқы сынағынан-ақ сүрінді. Сүрінгенде жай сүріну емес, омақасып оңбай құлады. Оған берілген сынақ, Алла Тағаланың «Адамға сәжде ет!» деген бұйрығы еді. Шайтан осы бұйрыққа қарсы шығып, қырсыққан үстіне қырсығып, тәкаппарлана түсті. Паңданып, Алланың бұйрығына қарсы шығуының салдарынан, Жаратушының шексіз рақымынан қуылды. Мұның бәрін ол өзінің дербес қалауымен жасады. Яғни, ол өз қалауымен шайтан болды. Шайтан алғашында періштелердің арасында жүріп, Алла Тағалаға құлшылық жасады. Бірақ шайтанның періштелердің қатарында жүруі – оның өзіндік іс-әрекетінің, үздіксіз күрес, тынбайтын еңбегінің нәтижесі емес еді. Бәлкім, бұл Алла Тағаланың арнайы шарапаты әрі оның шынайы дәрежесін анықтайтын сынаққа түспеуінің арқасында болған-ды. Сондықтан болар, ол Жаратқанның алғашқы сынағында-ақ өзінің кім екенін байқатып, шынайы бет пердесін ашып берді. Ендеше, шайтанның әу баста періштелермен бірге болуы – оның абыройлылығына ешқандай да дәлел бола алмасы хақ. Ал оның періштелердің жанында жүріп жасаған құлшылығына келер болсақ, оның осы құлшылығы шынымен-ақ Алла Тағалаға бойұсынуы ма, жоқ әлде тағы да өзіне ұнамды болғандығы үшін бе? О жағы бізге белгісіз. Бірақ алғашқы сынақта көрсеткен қылығы – оның Аллаға емес, өз нәпсісінің құлы болғандығын білдіретіндей.

Шайтан жәннаттан, Ұлы Жаратушының рақымынан Адам үшін қуылғандықтан, ол әрқашан адам ұрпақтарына қас дұшпан. Сондықтан адам баласы әрқашан өзінің осы қас дұшпанына сақ болып, негізгі жаратылу мақсатына сай ғұмыр кешуге тырысқан уақытта ғана өзінің ішкі дүниесіндегі күнәға қарсы барлық қорғаныс механизмдері күшейе түседі. Бейне бір белгілі бір вирусқа сан рет душар болған жанның денесіндегі ішкі қорғаныс механизмінің іске қосылып, иммунитетінің қуаттанып, автоматты түрде қорғанысқа түсуі секілді.

Шайтанның сан түрлі азғыруына сақ жүрген жанның бойындағы «парасаттылық», «қырағылық» секілді сипаттары артса, оның сан алуан айлаларына көнбей, көкірегін керіп, қарсы тұрған жанның бойындағы «сабырлылық», «төзімділік», «қайсарлылық» секілді қасиеттері дамып, шыңдала түседі. Олай болса, шайтан адам баласының мына дүниеде өте сақ боп ғұмыр кешуіне, бойындағы қорғаныс жүйесінің жетілуіне, табиғатындағы ашылмаған көптеген асыл қасиеттерінің кемелденуіне басты себепші екеннін де есте ұстауымыз керек.

Бұл дүние – адам баласының сынаққа түсер ұлы майданы. Алла Тағала адамдарды әр түрлі себептермен сынға салуда. Сөзсіз, шайтан да сол себептердің ең бастысы. Шайтан арқылы адамдар арасындағы жақсысы мен жаманы, осалы мен қайсары, жәннат пен тозаққа лайықтысы ажыратылуда. Әр түрлі химикалық тазарулардан өткеннен кейін асыл тастың алтынға айналатыны секілді шайтанның да азғыруына құлақ аспай, сан-алуан айлаларына қарсы тұрып, өмір бойы оны қас дұшпаны санап өткен жандар, рухани жетіліп, кемелдене түседі. Сөйтіп, жәннатқа лайық дәрежеге жетеді. Ал, керісінше, шайтанның арбауына көніп, әр түрлі азғыруларына қуана келісіп, оның шабуылына ақ туды көтеріп, еш қарсылықсыз беріліп, жаманшылық атаулыны шімірікпей жасап, күнәларға белшесінен батқан пенде, бара-бара өзі де адам бейнесіндегі шайтанға айналып, тозаққа тән кейіпке енеді. Міне, шайтан адамның рухани жетілуіне, жәннатқа лайық жаратылыс дәрежесіне көтерілуіне яки күнә істеп, тозақтық болуына себеп болғандықтан, оны бостан-босқа хикметсіз жаратылған, не болмаса оның жаратылуы мүлдем қажетсіз дей алмаймыз. Мысалы, пышақты түрлі пайдалы іс үшін қолдануға болатыны секілді, онымен адам өлтіріп күнәға батуға да болады. Сол себепті, пышақтың өзін жаман, керексіз дей алмаймыз. Ендеше, шайтанның да жаратылуы жамандық емес. Алла Тағаланың құлдарына еш жаманшылық қаламасы хақ.

Ал енді шайтанның Алла Тағаланы біле тұра істеген күнәсін мойындап, тәубеге келмеуіне тоқталайық.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, шайтан Адам ата жаратылмас бұрын ерекше дәреже-абыройға ие дара жаратылыс еді. Оның есімі әрдайым періштелердің жанында қатар аталатын. Алла Тағала періштелердің өзі сәжде ететініндей дәрежеге ие ардақты «Адам» делінген жаратылыс жаратты. Алайда шайтан мұны қатты қызғанды. Өйткені, ол өзін жаратылғандардың ішіндегі ең ардақтысы деп білетін. Енді міне, Ұлы Жаратушының көптеген сипаттарының көрсеткіші іспетті өзінен де артық зат жаратылып отыр. Шайтан мұны көре алмай, қызғанды. Ішін өрт шалған шайтан үшін осы «Адам» алдында сәжде жасау өте қиын еді. Бүгінгі күні де өзінен асып бара жатқан өзгелерді көре алмай, аяқтан шалушылықтар осы бір шайтани мінездің адамдағы айқын көрінісі.

Еврейлер мен христиандар арабтарды өздерінен төмен санайтын. Сол себепті, олар соңғы пайғамбардың араб ұлтынан келуін мүлде елестете алмайтын. Алайда, соңғы пайғамбар араб ұлтынан келген сәтте олар мұны көре алмады. Қызғанды. Сондықтан олар араб ұлтынан шыққан Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) бойындағы барлық ерекшеліктерді қасиетті кітаптарында білдірілген сипаттамаларға дәл келсе де, «бұл біз күткен пайғамбар емес» деп тайқып шыға келді. Құранда: «Бізден кітап берілгендер (еврейлер мен христиандар) оны (Мұхаммедті) өз балаларындай анық таниды» делінеді. Олардың соңғы пайғамбарды біле тұра, оны қабылдамауының астарында қызғаныш пен тәкаппарлық жатыр еді. Міне, осы сияқты көптеген оқиғалар шайтанның «Адамды қызғану» оқиғасын көз алдымызда жандандыра түседі.

Алла Тағала «Адамды» жаратқаннан кейін барлық періштелермен қоса шайтанға да «Адамға сәжде етіңдер» деген бұйрығын берді. «Сәжде ету» термин ретінде маңдайды сәждеге қойып, құлшылық жасау. Ал бұл жердегі «сәжде ету» Адамды (а.с.) мойындау, оған ізет, құрмет білдіру мағынасында келген. Шынайы құлшылық мағынасындағы сәжде тек Алла Тағалаға ғана жасалады. Шынтуайтында, бұл «сәжде» Адамға салынған сәлем мен оған жасалған құрметтен бұрын, Ұлы Жаратушының бұйрығына әрі «Адам» секілді ғажайып жаратылысты жаратқан Оның құдіреті мен теңдессіз шеберлігіне жасалған сәжде еді. Періштелер Адамға сәлем салып, ізет білдіріп Ұлы Жаратушының бұйрығына сәжде етті. Тек шайтан ғана тәкаппарланды. Алла Тағаланың бұйрығынан бас тартып, қарсы шықты. Алла Тағала: «Менің бұйрығыма қарамастан, адамға сәжде етуге не нәрсе бөгет болды?» деді. Шайтан: «Мені оттан, оны топырақтан жараттың.

Мен, әлбетте, одан қайырлымын, артықпын, қалай оған сәжде етпекпін, менен артық жаратылыс бар ма?» деп тәкәппарланды. Шайтан ішіндегі қызғанышы мен тәкаппарлығының салдарынан бұйрықтың Ұлы Жаратушыдан келіп тұрғанына да қарамады. Шайтан бұл жауабы арқылы Алла Тағаланың өзінен де артық жаратылыс жарата алатын құдіретіне қарсы шығуда еді. Тіпті мұның астарында: «Сен менен асқан артық жаратылыс жарата алмайсың?» деген «менмендік» пиғыл бар.

Шынтуайтында, шайтан төмен санаған топырақ аса қайырлы еді. Себебі, топырақ өмірдің қайнар көзі. Барлық тіршілік топырақтан өрбиді. Сондықтан топырақта Алла Тағаланың «теңдессіз жаратушы», «толассыз рызық беруші», «шексіз шебер» сияқты есімдері мен сипаттары көрініс табуда. Яғни, топырақ – Ұлы Жаратушының сансыз көркем есімдері мен сипаттарының айнасы іспетті. Шайтан қатесін түсініп, тәубеге келудің орнына қасарысқан сайын қасарысып, тәкаппарлана түсті. Сөйтіп шайтан Алла Тағаланың: «Ендеше, дереу ол жерден түс!

Сенің ол жерде тәкаппарланып, паңдануыңа жол жоқ. Қанеки, тез шық! Сөзсіз, сен қорланғандардансың!» деген сөзімен құзырынан қудаланды. Сонда Ібіліс: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер!» деп, Алла Тағаладан қиямет күніне дейін өмір сұрады. Алла Тағала: «Сен мұрсат берілгендердің қатарындасың» деді. Ібіліс «Ендеше, Сен мені қаңғыртып, адасуға душар еткенің үшін мен де олардың тура жолға түсуіне барынша бөгет жасаймын. Олардың алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп азғырамын. Сөйтіп, Сен олардың азын ғана Өзіңе шүкір еткендердің қатарынан табасың» деп, адамға деген дұшпандығын айтып салды. Иә, Ібіліс адамға қас. Себебі, сол үшін өзінің бар абыройынан, күллі атағынан айрылып, Алланың рақымынан мәңгілікке қуылды. Өзінің күллі атақ-абыройынан айрылып, қорланғанына, ал керісінше «Адамның» Алланың сүйікті құлы болып, күллі жаратылыс атаулының алдында абыройға кенелгеніне шыдай алмады. Енді ол осы Адамға және оның қияметке дейін келетін бүкіл үрім-бұтағына дұшпан болмақ. Қандай жолмен болса да, оны азғырып, Алланың рақымынан қуылып, абыройынан айырылуын қалады. Қалайша Адам абыройлы күйде, ал менің жағдайым мынау. Жоо-жоқ, мен мұны көтере алмаймын дегендей ішін қызғаныш кеміріп, тәкаппарланған сайын тәкаппарлана түсті.

Сол күннен бастап Адамды азғырумен болды. Адам ата мен Хауа анамыздың жәннаттан қудалануын тіледі. Сан қилы айла жасап, осы арам пиғылын жүзеге асыру үшін небір қулықтарға барды. Ақыры Адам мен Хауаның Алла Тағаланың «жақындаушы болмаңдар!» деп бұйырған жемісін жегізіп тынды. Сөйтіп, Адам атамыз бен Хауа анамыз шайтанның азғыруына алданып, тыйым салынған жемісті жегені үшін жәннаттан жерге түсірілді. Яғни, жәннат мекенінен шығарылды. Шайтан айласын асырғанына айран-асыр қуанды. Алайда, Адам мен Хауа дереу қателерін түсініп, «Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық жасаушыларданбыз. Егер сен бізді рақымыңа бөлеп, күнәмізді жарылқамасаң, сөзсіз, біз ұтылғандардан боламыз» деп кешірім тілеп, тәубе етті. Тәубелері қабыл болды. Шайтан одан әрі ызалана түсті. Шайтан енді Адаммен қоса оның ұрпақтарын азғырумен болды. Адам пайғамбардың ұрпақтары хақ жолында жүрген сайын оны ашу кернеп, азғындығы асқына түсті. Пұт атаулыны күл-талқан етіп, жер жаһанға Хақты жаяр соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге келгенде, сірә шайтан қатты ашуланып, терісіне сыймаған болар.

Міне, осылайша тұла бойын ашу билеп, ішін қызғаныш өрті шалған Ібіліс айықпас тәкаппарлық ауруына шалдықты. Алланың рақымынан қуылып, болмысындағы тәубеге деген барлық жолдарды бітеді. Жүрегі қарайған сайын қарайғандықтан енді хаққа қарай қайтуы да мүмкін емес-ті. Үнемі адамдарды қойша бауыздап қырып жүретін қатігез адамның жүрегінде мейірімділік сезімінің мүлдем өшетіні секілді шайтанның да бойындағы тәубе етуге, Хаққа бет бұруға деген қасиеттері мүлдем өшіп, оның орнын тек ыза мен кек қана басқан. Шыдамы таусылған момын адамның ашу үстінде ешқандай үгіт-насихатты тыңдамай, өршелене түсіп, алдындағы адамның кім екенін де ажыратып жатпай небір сорақы іс-әрекеттерге баратыны секілді шайтан да мәңгілік ашу үстінде. Адам ұрпағының әрбір жетістігі оны ашуға булықтырып, қызғаныштың қызыл отына көмгендіктен ол өзінің кінәсын мойындап, тәубе етуді бір сәт болсын ойламақ емес. Өйткені, оның болмысындағы игілікке, ізгілікке деген барлық жақсы сезімдер мен қасиеттер өшіп, өзі қызғаныш пен тәкаппарлықтың айықпас дертіне шалдыққан. Адам ұрпақтарының әрбір жетістіктерін көрген сайын ашуға булығып, ал керісінше адасуларынан ләззат алып, жаны жай табады. Міне, шайтан осындай кеселге ұрынғандықтан оның жүрегі мөрленіп, көзі перделенген. Бойын ашу кернеп, Хақтың рақымынан алшақтаған сайын алшақтай түсуде.

Дұрысын Алла біледі. Ұлы Жаратқан бізді шайтанның кесірінен сақтап, әрдайым тәубешіл құлдарынан болуды нәсіп етсін!

материал «Имани гүл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: