21
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

«Тақуалар мұндай нәрсені пайдаланбауы керек»

«Тақуалар мұндай нәрсені пайдаланбауы керек»

Ислам тарихы

Зүһд – әлем мен дүние-малға мән бермей, оған қызығушылықты жүректен алып тастау. Алла Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеге қызықпағандықтан өте қарапайым ғана өмір сүретін.

Тапқан-таянғанын ішіп-жеп, киініп, жерге отыруға да ұялмайтын. Дүниеден өткен кезінде Ислам мемлекетінің шекаралары Йеменнен Сирияға дейін ұлғайған шақта да Оның киімінде екі жамау бар еді. Бір ретінде Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хазіреті Әли (радиаллаһу анһу) үйіне шақырған. Әлидің (радиаллаһу анһу) үйіне келгенде Хазіреті Фатиманың (радиаллаһу анһә) қабырғаларды жапқыштармен (ормалдармен) сәндеп қойғанын көріп, тамақ жеместен қайтып кетеді. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһу) мұның себебін сұрағанда Ол: «Сәнді жерге кіру бізге жараспайды!» - деген. Тағы бір жолы сапардан қайтқанда Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) үйдің төбесін орамалдармен сәндеп қойғанын көріп, оларды дереу алдыртып тастаған. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жібектен тігілген киім сыйлыққа берілген еді. Оны арқасына жамылып, намаз оқыпты, бірақ намаздан кейін: «Тақуалар мұндай нәрсені пайдаланбауы керек», - деп, шешіп тастаған.

Ибн Мәсғуд (радиаллаһу анһу) айтады: «Бір күні Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бөлмесіне кірдім. Алашаның үстіне ұйықтапты. Ал алаша Оның киелі денесіне батып, із қалдырған. Мен: «Ей, Расулалла! Алашаның үстіне бір нәрсе салайық па?» - дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Дүние мені қызықтырмайды. Дүние мен менің мысалым бір ағаштың астында біраз уақыт демалған соң, ол жерді тастап кететін жолаушы сияқты», - деп бұйырды.

Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «мектебі» - зүһд пен қанағат мектебі. Ол мектепте күніне бір дирхам (күміс ақша) жұмсап, Алланы және Оның құлдарын барынша қуантып, қала мен мемлекет басқаратын үлкен басшы, әкімдерді, әрі әулие құлдарды тәрбиелеген. Ибн Хишамның Зәйд бин Асләмнан (радиал лаһу анһу) алған риуаятына қарағанда, Алла Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үсәйд ұлы Аттабты (радиаллаһу анһу) Меккенің әкімі етіп тағайындап, айлыққа күніне бір дирхем берген.

Жаңа әкім халыққа құтба оқып, былай дейді: Ей, адамдар! Алла біреудің мұқтажын толықтыр- ды. Расулалла маған күніне бір дирхам береді. Мен біреудің сыйлығына (көмегіне) мұқтаж емеспін».

Бұл сөз бізге бір дирхаммен, яғни ең төменгі қалыпта күн көрісін қамтамасыз еткен және осыған қанағат тұтып, өмірін ұлы даумен өткізуге бел буған ұлы адамды көрсетеді.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні мешіттен шыққанда, Хазіреті Әбу Бәкір мен Хазіреті Омарды (радиаллаһу анһу) жолықтырады. Олардан не үшін сыртқа шыққандарын сұрапты. Олар «аштықтан» дейді. Расулалла да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен де солай», - дейді.

Үшеуі бірден Әбу Хәйсәмнің үйіне барады. Әбу Хәйсәм пышақ сұрап алып, бір қой сояды. Құрма ағашына іліп қойған торсығындағы тәтті суды да әкелді. Олар дастарханға отырып, ет жеп, су ішті. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бүгінгі тамақтың да есебін бересіңдер», - деді. Қатты жақсы көретін қызы Хазіреті Фатима (радиаллаһу анһә) да кедей тұратын. Қол диірменмен ұн тартады, құдықтан су алады. Тіптен осыдан қолдары жараланған кездері де болған. Бір күні әкесі Расулалладан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тұтқындардың біреуін көмекші ретінде сұрады. Бірақ Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның тілегін орындамады. Хазіреті Әлиге (радиаллаһу анһу): «Асхабы суффа осындай таршылық көріп жүргенде, сендер мұндайды қалай сұрай аласыңдар?» - дейді.

Ұтбә ұлы Аун айтады: «Байлармен араласып тұратын едім, Менікінен жақсы киімі немесе көлігі барларға қызығатынмын. Сондықтан менен артық қайғыратын ешкім жоқ еді. Кейін Расулалладан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер өздеріңнен бақуатты, тұрмысы жоғары біреуді көрсеңдер, сол кезде өздеріңнен төмен тұратын жандарға көз салыңдар. Бұл Алланың сендерге жүктеген нығметтеріңді кемсітпеулерің үшін керек», - дегенін естіген соң, кедейлермен достық қарым-қатынаста болып, рахатқа бөлендім».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние нығметтеріне (игіліктеріне) құмар, әуес емес еді. Ол: «Адам баласына бұл дүниеде керек нәрселер; тұратын үйі, киер киімі және тамағы мен суы», - дейтін еді.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пен асхабы үшін байлық пен кедейшіліктің өлшемі мына хадис еді: «Кімде-кім малы мен жанын қауіпсіз деп біліп, дені баспа үйі сау әрі бір күндік тамағы болса, бүкіл әлем соның қолында тұрғандай болады». Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабалары мен адамзатқа үйреткен зүһд пен қанағат осы.

материал «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және

Оның күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: