10
Жұма,
Мамыр

һижри

Кемшілік дүниеде емес, оған алданғанда

Кемшілік дүниеде емес, оған алданғанда

Ислам тарихы

Алла Тағала нәпсі ұнатқан дүниеқұмарлықты негізінде сынақ мақсатында алдымызға шығарған. Бұл құмарлықтарға алдану қармаққа түскен балыққа ұқсайды. Балық көрген жеміне алданады, бірақ жем ілінген жасырын ілгекті көрмейді. Міне, негізгі өмірдің ахірет өмірі екенін ұмытқандар дүние тұзақтарынан құтыла алмайды.

Қанша аяқтар тайған, қанша қалаулар шашыраған иләһи сындардан аман өте білу дүниеқұмарлық істердің ішкі бейнесін көре алуға және ондағы «сынақ сырын» сезе білуге байланысты. Бұл парасаттылыққа ие болу үшін қаржы мен шәһуәт, атақ сияқты дүниенің тартымды тұзақтарына қарсы мұқиятты болып, әр жағдайда ахірет амандығын таңдай білу шарт.

Раббымыз бұл мәселеде біздерді былайша ескертеді: «Алайда сендер (ей, адамдар!) дүние тіршілігін абзал көресіңдер. Ахірет болса, әрі қайырлы әрі баянды» (А’лә, 16-17).

«...Сендер өткінші дүние малын көздейсіңдер. Алайда Алла ахіретті (о дүниенің табысына қол жеткізулеріңді) тілейді» (Әнфәл, 67).

Дүниеде қол жеткізген байлық иесіне ары кетсе қабірге дейін ғана жолдас болады. Адамның дүниеден қабірге алып бара алатыны сырт көзге тек бір кебіннен ғана тұрады. Шынында адам қабірге иманымен, амалдарымен кіреді. Сондықтан дүниенің опасыз байлығына сенім артпау қажет, өткінші ләззаттарына алданбау керек.

Риуаят бойынша, жасаған жорықтарымен жер бетіне толық ие болған Зүлқарнайн өлмей тұрып, былай өсиет еткен екен: «Мені жуып, кебінге ораңдар! Кейін табытқа қойыңдар! Тек екі қолым ғана сыртта жатсын! Қызметшілерім соңымнан келсін! Қазыналарымды да қашарларға жүктеңдер! Халық менің өте көркем бір салтанат және дүние мүлкіне қарамай бос кеткенімді, қызметшілерім мен қазыналарымның да дүниеде қалғанын, өзіммен бірге кетпегенін көрсін! Бұл жалған фәни дүниеге алданбасын!...».

Ғалымдар бұл өсиетті былай түсіндерген: «... Дүние бастан-аяқ менің қол астымда болатын. Сансыз қазыналарға ие болдым. Бірақ дүние нығметтері қалушы емес. Міне, көріп отырғандай мазарға қолым бос бара жатырмын! Дүние мүлкі дүниеде қалады. Сендер ахіретте пайдасы тиетін істерге ден қойыңдар!...»

Алла Расулы бізге, үмметіне мына даналыққа толы насихатын айтқан: «...Сендерге бес қасиетті өсиет етемін. Алла олар арқылы сендердің жақсылық қасиеттеріңді кемеліне жеткізсін:

Жей алмайтын нәрселеріңді жинамаңдар,

Ішінде тұра алмайтын ғимараттар тұрғызбаңдар,

Ертең тастап кететін нәрселерің үшін басқалармен дауласпаңдар,

Оған қауышып, құзырына жиналатын Алладан қорқыңдар,

Баратын және онда мәңгі қалатын жер үшін дайындық жасаңдар» (Әли әл-Мүттақи, Кәнзүл-Ұммәл, No 1363).

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ақтық демін тапсырарда алданып қалғанын аңғарып, дүниені кінәлау пайда бермейді. Адам дүние нығметтерінің арқасынан қуып жүріп, иман мен ізгілік өміріне кірмегені үшін тек өзіне ғана зиян еткені. Бітпес қалаулар, өткінші әуестер және фәни ләззаттар үшін шексіз болашақты құртып алу нендей өкінішті. Дүниеде өлімнен қашатын бір мезгіл немесе жер жоқ, қабірде де кері оралар мүмкіндік жоқ және де қияметтің азабынан жасырынар пана да жоқ екенін жақсы білу керек.

Хақ Тағалам, баршамызды дүниелік сынақ көріністерінде ықыласын сақтаған, парасатты да көрегенді тақуа иесі құлдарынан етсін! Дүние мен ахіретті салих құлдарына көрсеткендей, шынайы кейпімен көре білумізді, қалай да жүрегімізбен ахіретке бет бұрумызды Өз сыйы мен жомарттығы арқылы нәсіп етсін!

материал «Хақ достарының үлгілі мінез-құлқы» кітабынан алынды,

ummet.kz 

Бөлісу: