21
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

Мұсылмандыққа таңданыс білдірген атақты тұлғалар

Мұсылмандыққа таңданыс білдірген атақты тұлғалар

Ислам тарихы

Төменде өздері мұсылман болмаса да, Алла Тағалаға сенген және мұсылмандыққа таң қалған бірқатар танымал адамдардың Ислам туралы ойларын беріп отырмыз. Мұндай адамдар өте көп, біз тек танымал тұлғалардың сөздерін ғана береміз.

Наполеон
Есімі тарихта әскери данышпан, сонымен қатар мемлекет қайраткері ретінде танылған Франция императоры бірінші Наполеон (1769-1821) Мысырға кірген жылы (1798 ж) Ислам дінінің ұлылығына, дұрыстығына қайран қалған, тіпті бір кездері мұсылмандықты қабылдау туралы да ойлары болған. Төменде айтылған сөздер Черфилстің “Bonaparte et Islam” атты еңбегінен алынған: «Ол былай дейді: «Алла Тағаланың бар және бір екендігін Мұса алейһиссалам өз ұлтына, Иса алейһиссалам өз үмбетіне, ал Мұхаммед алейһиссалам бүкіл әлемге білдірді. Арабстан толығымен пұтқа табынатын еді. Иса алейһиссаламнан алты ғасырдан кейін Мұхаммед алейһиссалам өзінен бұрын келген Ибраһим, Исмаил, Мұса және Иса алейһиссаламдар уағыздаған Алла Тағаланы араптарға танытты. Араптардың қасындағы ариандар (Ариюс мазһабындағы христиандар) және Исаның ақиқат дінін бұзып, оларға үш тәңірі, яғни Құдай, Құдайдың ұлы, Қасиетті рух сияқты сенімдерді таратуға тырысқандар шығыстағы бейбіт өмірдің шырқын бұзған еді. Мұхаммед алейһиссалам оларға тура жолды көрсеткен, Алланың бір екендігін, Оның әкесінің де, баласының да жоқ екендігін айту арқылы көп құдайға сыйынудың пұтқа табынушылықтан қалған әдет екендігін түсіндірді». Кітаптың тағы бір жерінде Наполеон: «Жақын арада бүкіл әлемнің зиялы адамдарын жинап, бір үкімет құруға және бұл үкіметті Құранда жазылған негіздер бойынша басқаруға мүмкіндік табамын деп ойлаймын. Өзім тек Құранда жазылған негіздердің дұрыстығына сенемін. Бұлар адамды бақытқа жеткізеді» дейді.

Профессор Карлайл
Әлем мойындаған ең ұлы ғұламалардың бірі шотландық Томас Карлайл (1795-1881) 14 жасында университетке түсіп, заң, әдебиет және тарих саласында білім алып, неміс және шығыс тілдерін меңгереді. Атақты неміс әдебиетшісі Гётемен хат алысып, онымен кездесіп тұрған. Оған Ислам туралы ойларын жеткізіп отырған. Эдинбург университетіне ректор болып сайланады. Карлайлдың “Негр мәселесі”, “Франция революциясы”, “XIV-XV-ғасырдағы неміс әдебиеті”, “Гёте және оның өлімі”, “Қазіргі жұмысшылар”, “Батырлар және оларға табыну, тарихтағы батырлық”, “Алты конференция” атты еңбектері бар.

Мына үзінді оның «Араптар, Мұхаммед алейһиссалам және оның ғасыры» атты еңбегінен алынды: “Мұхаммед алейһиссалам келместен бұрын араптар тұрған жерге егер үлкен от келіп түсетін болғанда, олар жоқ болып өртеніп кетер еді. Олардан ешқандай белгі де қалмас еді. Алайда, Мұхаммед алейһиссалам келгеннен кейін бұл шөл дала оттың ошағына айналғандай болды. Делиден Гранадаға дейінгі жерлер алаулаған отқа ұқсады. Ол кісі ұлы найзағай секілді болды, оның айналасындағы барлық адамдар одан ұшқын алған еді.”

Конференциясынан:
«Құран кәрімді оқыған сайын оның жәй бір әдеби шығарма емес екендігін дереу сезінесіз. Құран кәрім – жүректен шыққан және барлық жүректерден тез орын алатын шығарма. Құран кәрімнің ең басты ерекшелігі – оның тура және толық жол көрсетуші екендігінде. Меніңше Құран кәрімнің артықшылығы осында.»

Саяхат естелігі:
«Германияда досым Гётеге Ислам туралы жинаған мәлімет- терім мен ойларымды жеткізген едім. Гёте мені мұқият тыңдады да: “Егер Ислам осы болса, онда біз бәріміз мұсылманбыз” деді».

Махатма Ганди
Ганди (1869-1948) Батыс Үндістанның атақты христиан әулетінен шыққан. Әкесі Пробтандар қаласының бас попы болатын. Ол өте бай кісі еді. Ганди Пробтандар қаласында дүниеге келеді. Лицейде оқу үшін Англияға барады. Оқуын бітіргеннен кейін Үндістанға қайтып оралады. 1893 жылы бір үнді фирмасы оны Оңтүстік Африкаға жібереді. Ганди онда жұмыс істейтін үнділердің ауыр еңбек шартында жұмыс істейтіндігін, олармен нашар қарым-қатынас жасалатындығын көріп, олардың жақсы саяси құқықтарға қол жеткізулері үшін күресуге шешім қабылдады. Өзін үнді ұлтына түгелдей арнады. Үнділердің құқығын қорғау үшін Оңтүстік Африка үкіметімен күресіп жүріп тұтқындалады. Бірақ мойымайды. Африкада 1914 жылға дейін болды. Одан кейін табысы көп жұмысын тастап, Үндістанға қайтады. Үндістанның тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін 1906 жылы мұсылмандар құрған Үндістан мұсылмандар одағымен бірігіп әрекет ете бастады. Әкесі мен өзінің бүкіл қаражатын осы іске жұмсады.

Ағылшындардың екінші рет зұлымдық әрекетке дайындалып жатқанын естіп, мұсылмандармен бірігіп, барлық жолдастарын мемлекеттік қызметтерден босап, құпия күреске көшулерін қам- тамасыз етті. Денесіне ақ мата орап, тек сүт ішумен ғана шектелу арқылы биліктің саясатына қарсылығын білдірді. Ағылшындар алғашқыда оның іс-әрекетіне күлетін. Алайда, уақыт өте келе өз пікірлеріне нық бекінген және өз елі үшін бәрін пида етуге баратын бұл адамның соңынан бүкіл Үндістан халқының ергеніне куә болды. Оны тұтқындау ешқандай нәтиже бермеді. Гандидің әрекеттері аяғында Үндістанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне алып келді. Үнділер оған “қасиетті” деген мағына беретін Махатма лақабын тақты.

Ганди Ислам діні мен Құран кәрімді мұқият зерттеп, мұсылмандыққа таңданған. Бұл жөнінде былай дейді: “Мұсыл- мандар ең жарқын және жеңісті күндерінде де шектен шықпа- ған. Ислам діні әлемді Жаратушыға және Оның туындысына таңдануды бұйырады. Батыс әлемі үрейге толы өмір сүріп жатқанда Шығыста жарқыраған Ислам жұлдызы азап шеккен дүниеге жарық, бейбітшілік және еркіндік әкелген еді. Ислам діні алдамшы, жалған дін емес. Үнділер бұл дінді құр- меттеп, зерттейтін болса, олар да мен сияқты Исламды жақсы көретін болады. Мен Ислам пайғамбарының және оның жанындағылардың қалай өмір сүргенін баяндайтын кітаптарды оқыдым. Бұлар мені қызықтырғаны соншалық кітаптардың аз екендігіне қынжылдым. Мен мынадай қорытындыға келдім: Исламның шұғыл дамуы қылышпен жүзеге аспаған. Керісінше, қарапайымдылығы, қисындылығы және пайғамбарларының кішіпейілділігі, әрқашан сөзінде тұратындығы, туыстары мен барлық мұсылмандарға деген мейірімділігі арқылы адамдардың көңілінен шығып, жүректерінен орын алған.

Ислам діні монах әрекетіне тосқауыл қойды. Исламда Алла Тағала мен құл арасында делдалдық жасалмаған. Ислам діні о бастан әлеуметтік әділеттілікті бұйырған. Жаратушы мен жаратылғанның арасында жеке бір құрылым болмайды. Құран кәрімді оқыған әрбір адам Алла Тағаланың бұйрықтарын меңгеріп, Оған мойынсұнады. Олай болса, Алла Тағала мен адамның арасында ешқандай кедергі не арашы болмайды. Христиан дінінің бірқатар кемшіліктері болғандықтан, түрлі реформалар жасауға мәжбүрлік туындаған, ал Ислам сол қалпында сақталған. Христиан дінінде демократиялық сипаттағы рух жоқ. Бұл дінге демократиялық сипат беру үшін христиандар ұлттық сезімдерін арттырып, осыған орай реформалар жасаулары керек.”

Профессор Эрнест Ренан
Эрнест Ренан 1923 жылы Францияның Трегуер қаласында туылған. Әкесі капитан болып қызмет атқарған. Бес жасында әкесінен айрылады. Анасы мен әпкесінің тәрбиесінде өседі. Анасы оның діндар болғанын қалап, шіркеу колледжіне береді. Осы жерде терең діни білім алады. Шығыс тілдеріне үлкен қызығушылық танытып, арап, ибрани (иврит) және көне сирия тілдерін оқып үйренеді. Содан соң университетке түсіп, философия саласында білім алады. Білімі артып, неміс филисофиясы мен шығыс әдебиетін мұқият зерттеген сайын, христиан дінінде бірқатар нұқсандардың (кемшілік) бар екендігін байқайды. 1848 жылы 25 жасында университетті бітірген кезінде христиан дініне толығымен қарсылық білдіріп, өз ойларын “Білімнің болашағы” деген кітапта жариялайды. Алайда, шіркеуге қарсылық білдіру сипатындағы бұл кітабын ешқандай баспахана басуға батылдары жетпей, бұл кітап тек 42 жылдан кейін ғана 1890 жылы басылады.

Ренан ең алдымен Иса алейһиссаламның Алланың баласы емес екендігін айтты. Ол Версаль университетінің профессоры атағын алған кезде осы ойын аз-аздап ашып түсіндіре бастады. Алғашқы сабағында “Иса алейһиссалам қадірлі де құрметті тұлға еді. Алайда, ол ешқашан да Алланың баласы болған емес” дейді. Оның бұл сөзіне пірәдардан (поп) бастап барлық католиктер өрс түрегеліп, қарсы шықты. Пірәдар Ренан бүкіл халық алдында шіркеуден қуылды. Содан соң Франция үкіметі де оны қызметінен босатуға мәжбүр болады. Бірақ, Ренанға көптеген жақтастар табылды. “Дін тарихы туралы тәжірибелер”, “Сын және адамгершілік туралы зерттеулер”, “Философиялық сұхбаттар” және “Исаның өмірі” атты шығармалар жазылды. 1878 жылы Франция Академиясы оны мүшелікке қабылдады. Франция үкіметі де Ренанды қызметке шақырып, оны Франция колледжіне директор етіп тағайындады.

Ренан “Исаның өмірі” атты еңбегінде оны адам ретінде қарастырады. Ренанның пікірі бойынша, Иса алейһиссалам біз сияқты адам. Анасы Мариям, Юсуф деген ағаш ұстасымен некеге тұрады. Иса алейһиссаламның кішкене кезінде айтқан сөздеріне көптеген ғалымдар таң қалатын. Алла Тағала оны пайғамбарлыққа лайық деп санап, осы міндетті жүктеді. Иса алейһиссалам ешқашан “Мен Алланың баласымын” деп айтпаған. Бұл пірәдарлар тарапынан жабылған жала.

Католик пірәдарлары мен Ренан арасындағы күрес ұзаққа созылады. Католиктер оны дінсіз деп айыптаса, Ренан оларды өтірікші және екіжүзді деп айыптады. Ренан “Ақиқат Насрани (христиандықтың крес оқиғасынан бұрынғы аты) діні Алланы бір және Иса алейһиссаламды адам және пайғамбар ретінде қабылдайтын дін” деді. Ренан қайтыс болған соң шіркеуде діни рәсім жасалмауын және жаназасына діндарлардың араласпауын өсиет етті. 1892 жылы ол қайтыс болған кезде оны жерлеу ісіне достары мен жолын ұстанған адамдар ғана қатысты.

Ламартин
Францияның әлемге танылған ұлы әдебиетшілері мен мемлекет қайраткерлерінің бірі болған Ламартин (1790-1869) жұмыс бабымен бүкіл Еуропа мен Американы аралап, Сұлтан Абдулмәжит хан дәуірінде Османлы мемлекетіне (Түркия) де барған. Патша тарапынан жылы қабылданған Ламартинге сондай-ақ Айдын аймағынан шаруашылық жер де сыйға тартылған. Ламартин “Түркия тарихы” атты еңбегінде Мұхаммед алейһиссалам туралы былай дейді: «Мұхаммед (алейһиссалам) өтірікші пайғамбар ма? Оның еңбектері мен өмір жолын зерттегеннен кейін бұлай дей алмаймыз. Өйткені жалған пайғамбарлық екі жүзділік деген сөз. Екіжүзді адамда сендіру қасиеті болмайды.

Механикада бір денені лақтырған кезде оның жететін жері оны лақтыру күшіне байланысты. Рухани шабыттың күші де оның шыққан жерімен өлшенеді. Осыншама көп нәрсені қамтитын, осынша кең территорияға таралған және осыншама уақыт өз күшін сақтап тұрған дін, яғни Ислам діні жалған болуы мүмкін емес. Мұхаммед алейһиссаламның өмір жолы, әрекеттері, елдегі пұтқа табынушылыққа қарсы шығып, оларды жоюы, өзіне көрсетілген қарсылықтарға қарамастан 13 жыл бойы Меккеде жерлестерінің арасында әртүрлі зұлымдықтарға төзуі, Мәдинаға көшуі, үздіксіз жасаған уағыздары, насихаттары, күші басым дұшпандарына жасаған қарсылық әрекеттері, жеңетіндігіне деген сенімі, ең қиын сәттеріндегі сабырлылығы, шексіз құлшылығы, Алла Тағаламен арадағы қасиетті сұхбаттары, өлімі және одан кейін де жалғасын тапқан даңқы мен жеңістері Оның ешқашан да жалған пайғамбар болмағандығын, керісінше өте үлкен иманға ие мұсылман екендігін көрсетеді.

Міне, оның осы иманы, Раббысына деген сенімі екі түрлі нанымды өмірге әкеледі. Біріншісі – жалғыз және мәңгі болмыс болған Алланың бар екендігі, екіншісі – пұттардың тәңірі емес екендігі. Біріншісі арқылы ол араптарға сол кезге дейін білмей келген бір Құдайды танытады, екіншісі арқылы сол кезге дейін Тәңірі деп саналып келген пұттардың жойылуын қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда Мұхаммед алейһиссалам – философ, уағыздаушы, пайғамбар, заң енгізуші, жаңа иман негіздерін көрсетуші, 20 ұлы империя арқылы ұлы Ислам мемлекеті мен өркениетін құрған ұлы тұлға болып табылады. Егер ұлылықты өлшейтін кез-келген құралмен өлшейтін болсақ – оған тең келер адам бар ма екен? Жоқ. Болмайды да, оған Алланың рақымы мен берекеті жаусын».

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: