06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

«Мешітті сүйгендерді Алла да сүйеді»

«Мешітті сүйгендерді Алла да сүйеді»

Ислам тарихы

«Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақиретке иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ Алладан өзге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты деңгейде көркейте алады. Міне, солар тура жолдан таймай, мақсат-мұраттарына жетуге үміт ете алады» («Тәубе» сүресі, 18).

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мынадай хадистері бар: «Кім кекіліктің ұясындай болса да мешіт құрса, Алла ол үшін пейіште бір сарай тұрғызады» (Ахмад, 1/241; Мажмағуз Зауаид, 2/7).
«Мешітті сүйгендерді Алла да сүйеді». «Кімде-кім мешітке кірсе, отырудан бұрын екі рәкат намаз оқысын». «Мешітке көрші болған кісі намазын сөзсіз мешітте оқысын» (Байхақи, 75).

«Сендерден біреу намаз оқыған жерде тұрғанда сөйлемейінше не мешіттен шықпайынша, періштелер ол үшін «Уа, Жаратқан Алла, оған рақым қыл! Уа, Жаратқан Алла, оның күнәларын кешіре көр!» – деп дұға қылады».
«Ақыр заманда үмбетімнен кейбір кісілер мешіттерге келіп шеңбер құсап отырады. Ал енді сөйлеген сөздері дүние және дүние сүйіспеншілігі туралы болады. Олармен бірге отыра көрмеңдер. Алла олардың ешбір тілегін қабыл етпейді».

«Алла Тағала қасиетті кітаптарының бірінде: «Менің жер жүзіндегі үйлерім – мешіттер. Барғандар ол үйлерді жандандырып, ұлықтайды. Үйінде дәрет алып, тазаланып менің үйімді зиярат қылғандар қандай бақытты! Зиярат қылынған жайдың міндеті – зияратшысына сый көрсету», – деп айтқан.
«Біреудің мешітке үздіксіз барғанын көрсеңдер, оның мүмин екеніне куәлік беріңдер» деген хадис бар.

Саид ибн Мусайяб: «Мешітте отырған пенде Жаратқан Иесімен жалғыз отырған болып саналады. Ол жақсы сөз ғана сөйлеуі керек», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мешітте дүниелік істер туралы сөйлесу хайуандар шөп жегендей сауапты жоқ қылады», – деген.

Нахаи (р.а.) былай дейді: «Алғашқы мұсылмандар қараңғы түнде мешітке жаяу бару пейішке кіруге себепші іс деп айтты».

Әнәс ибн Мәлик: «Кім мешітке бір шырақ жақса және ол шырақ сол мешітті қаншаға шейін жарқыратып тұрса, Аршты көтерген және басқа періштелер оның күнәларының кешірілуі үшін дұға қылады», – дейді.

Әзірет Али: «Пенде өлгенде жер жүзіндегі намаз оқыған жері мен көкке көтерілген істерінің көктегі жайы оны жоқтап жылайды» деп содан соң артынан: «Көк те, жер де оларды жоқтап жыламады. (Өздері тілеп алған азап үкімі шыққан соң) оларға мұрсат та берілмеді» деген мағынадағы аятты оқыды. («Духан» сүресі, 29-аят).

Ибн Аббас (р.а.) «Мүминнің өліміне жер жүзі қырық күн аза тұтып жылайды», – деп айтқан.

Атаул Хорасани: «Жер бетінің қайсыбір жерінде бір мәрте сәждеге барған пенде үшін сол сәжде жасаған жайы қиямет күні куәлікке өтеді және өлген күні аза тұтып жылайды», – деген.

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) «Намазбен, зікірмен Алла еске алынып жатқанда басып тұрылған жайлар сонымен мақтанады. Оны жердің жеті қабатына шейін жар салады. Намаз оқыған кісі тұрған жай құлпырып көркейе түседі», – дейді. Риуаятқа қарағанда адамдар тұрақтап, тоқтаған жердің бәрі өткен-кеткендер үшін дұға қылады не қарғыс жаудырады.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: