18
Сенбі,
Мамыр

һижри

Білімсіз айтылған пәтуаның жазасы

Білімсіз айтылған пәтуаның жазасы

Ислам тарихы

Алла Тағала ізденбей тұрып немесе білмей жатып пәтуа айтудың харам екендігін ескерте отырып, Құран кәрімнің «Ағраф» сүресінің 33 аятында: «Алла бұйырмаған істерді жаламен Аллаға таңуларың харам етілді» деген.

Бұл аяттағы ауыр күнә әрі харам іс – «Білімсіз Аллаһ жайында айтылған сөз». Алла туралы, Алланың есімдері мен сипаттары, істері мен діні және адамдарға түсірген шариғаты жайында білместікпен сөйлеудің арты ең ауыр күнәға ұрындыратынын қадап айтады. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Ағат сөйлеудің ауыр күнә екендігі жайында Құранның «Нахл» сүресінің 116-аятында «Өз тілдеріңмен дұрыс-бұрыс деп сипаттаған өтірік жалаларды Аллаға таңып, «мынау адал, мынау харам» демеңдер. Өйткені, Алланың атынан өтірік айтқандар екі дүниеде де оңбайды» делінген. Бұл аятта Алла Тағала шариғаттың үкімдері жайлы ақиқатқа, білімге сүйенбестен, «мынау халал», ал «мынау харам» деп қатерлі әрі қате қадамға барудың қаншалықты ауыр күнәға ұшырататынын ескертеді.

Ибн Уаһб Имам Мәліктен естігенін бізге былай жеткізген: «Қарапайым адамдардың және алдыңғы буын ғұламалардың аузынан «мынау − харам, мынау − халал» дегенін естімедім. Олардың кесіп-пішіп дәлелсіз сөйлеуге батылдары бармайтын. Ары кетсе «Мынаны жек көреміз, ал мынаны жақсы көреміз, ал мынадан абай болып, аулақ жүріңіз немесе білмейміз» деп сақтана тіл қататын. Яғни, олар әр нәрсеге мынау харам, ал мынау халал деп, келсін-келмесін үкім шығара бермейтін. Алланың дініне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Осы айтылғандарға қатысты Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Қазылар үш түрлі; екеуі − тозақта, біреуі − жәннатта. Бір адам бар, ақиқатты танып-біліп, ақиқаттан ауытқымай үкім береді де жаннатқа кіреді. Енді бір адам бар, білмесе де адамдарға үкім шығарады, осылайша тозақтық болады. Бір адам ақиқатты біле тұра (нәпсісіне еріп) әділетсіздікке барып тозаққа түседі». Олай болса, мәселенің анық-қанығын, жағдайдың жай-жапсарын білмей тұрып пәтуа берудің ауыр күнә екенін қаперде ұстауымыз қажет.

материал «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: