Оразада ұмытып жеп-ішу мәселесі

Ораза

    «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Оразада ұмытып iшiп-жеген адам оразасын жалғастырсын. Оны Аллаһ Тағала тамақтандырып, сусындатқаны».[1]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.[2]

«Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Оразашы ұмытып iшiп-жегені – Хақ Тағаланың оған нәсіп еткен ризығы.[3] Оны Аллаһ Тағаланың Өзі сусындатқаны. Әрі бұл жағдайда ораза қаза етілмейді».[4]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Әд-Дару Қутни риуаят етті.[5]

«Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) біреу келіп: «Я, Расулуллаһ с.ғ.с.! Мен аузым берік бола тұрып ұмытып тамақтанып қойдым»,-дегенде, Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сені сусындатып, тамақтандырған Аллаһ Тағала»,-деді».[6]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Әбу Дауд риуаят етті.[7]

«Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) Нәбиден (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) риуаят етіп айтады:[8] «Себепсіз[9] және ауырмастан[10] Рамазанның бір күнін қаза еткен адам, оның орнын[11] тіпті өмір бойы ораза ұстаса да толтыра алмайды».[12]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Бухари риуаят етті.[13]

 



[1]ұмытып жегеннің ауыз ашу ниеті болмау себебінен. («Сахихүл-Бухари») Жалпы шариғат бойынша мына жағдайда ораза бұзылмайды: Ұмытып iшiп-жеу. Бұл жағдайда ораза екенi еске түскеннен iшiп-жеуден тыйылу керек. Әлсiрететiндей мөлшерде қан алдыру. Анализ үшiн қан алдырту оразаны бұзбайды. Ерiксiз тамағына түтiн, тозаң, шыбын кiру.Бой дәретсiз таң атыру. Мысалы, ерлi-зайыптылар жыныстық қатынасынан кейiн. Түкiрiк жұту. Тiстiң арасындағы көлемi бұршақтан кiшкентай нәрсенi жұту. Ұйықтап жатып ихтилам болу, яғни ұрық шығару.

[2]«Таһзибу сунәни Әбу Дауд», «Сахихүл-Бухари», «Ъаунүл-Маъбуд» шарху «Сунәни Әби Дауд», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Насбур-Райа» және «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханбали».

[3]яғни, несібесі.

[4] яғни, ораза бұзылмайды.

[5]«Таһзибу сунәни Әбу Дауд», «Канзүл-Ъүммәл», «Насбур-Райа» «Субулүс-Саләм», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах» және «Нәйлүл-Аутар».

[6] яғни, ораза бұзылмайды.

[7]«Таһзибу сунәни Әбу Дауд», «Сунәну Әби Дауд», «Ъаунүл-Маъбуд» шарху «Сунәни Әби Дауд», «Сахихүл-Бухари» және «Насбур-Райа».

[8] яғни, бұл негізінде Пайғамбарымыздың с.ғ.с. айтқаны. («Сахихүл-Бухари»)

[9] яғни, ешбір себепсіз, қасақана. Мысалы, ораза екенін біле тұра ішіп-жеу.

[10] адам ауырып, ауыз бекіткені оның денсаулығына зиян келтіретін жағдайда шариғат ораза ұстамауды рұқсат етеді. Ауыз бекітпеуді немесе оразаны ашуды рұқсат ететін жағдайлар мынадай: ауру асқынатын, не айығуы кешігетін жағдайда. Құрсақ көтерген әйел баласына, не өзіне зиян келуінен қорықса. Емізулі баласы бар әйел. Ораза тұту өлімге себеп болса. Сапарда болу. Хайз (әйелдердің ай сайынғы етеккірі), нифас (босанғаннан кейінгі етеккір). Соғысу. Зұлымдыққа душар болу. Ораза тұтуға шамасы келмесе. Мысалы, өте қарт кісі. Мұндай кісі әр күніне белгіленген көлемде ақшалай, заттай садақа береді. Осы адамдар тек қаза оразаларын ұстайды. Кәффарат төлемейді. Сондай-ақ, қазаларын тұтас өтеуі шарт етілмейді. («Әл-Фиқһ»)

[11] яғни, оның сауабы мен артықшылығын. («Сахихүл-Бухари»)

[12] Кейбір ғұламалар, соның ішінде Хазірет Әли (родиял-лаһу ъанһу) осы хадистің негізінде себепсіз ұсталмаған оразаның күні, кейін өмір бойы ораза ұсталса да, өтелмейді деген көзқарасты ұстанған. Алайда ғалымдардың басым көпшілігі: «Рамазанның оразасын ұстамаған адам қазасын күнге күн етіп ораза ұстайды»,-деген. Басында ұстап, кейін оразасын бұзған адам (мәселен бір күнге) Рамазан айынан тыс уақытта екі ай үздіксіз ораза ұстап, оған қоса ұстамаған күндердің қазасын өтейді. Осы жағдайда ол оразаның қарызынан құтылған болады. Әрине мұндай жағдайда ол Рамазанның құндылығы мен берекесінен мақрұм болады. Жоғарыда айтылған хадистің мағынасы да осыны меңзейді. Ораза – Ислам негіздерінің бірі. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Ислам бес нәрсеге негізделеді»,-деген. Оның біріншісі: Хақ Тағаланың жалғыздығы мен Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) пайғамбарлығын растау. Кейінгі Исламның төрт негізі: намаз, ораза, зекет және қажылық. Біздің дәуірімізде өзін «мұсылманмын» деп, алайда осы бес амалдың бірін де орындамайтындар қанша? Мейлі, олар өкіметтің тізімінде «мұсылман» деп жазылсын. Алайда Хақ Тағаланың тізімінде кім деп жазылады? Парызды орындаудан бас тартқан Аллаһ Тағаланың қаһарынан қорықсын! Себебі өлімнен ешкім қашып құтыла алмайды. Бұл дүниенің ләззаты уақытша, ал жәннат пен тозақ мәңгілік. Біреулер: «Оразаны тамағы жоқтар ұстасын»,-немесе: «Аллаһ Тағала біздің аш жүргенімізден не табады?»,-дейді. Діннің бір мәселесін келеке ету күпірлікке алып барады. Оразаны келеке етпегеннің өзінде ораза ұстамаған адам күнә істеген болады.

[13]«Тухфатүл-Ахуази», «Сахихүл-Бухари», «Ъаунүл-Маъбуд» шарху «Сунәни Әби Дауд», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Фадаил-аъмәл», және «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

Бөлісу: