Алла Елшісінің (с.ғ.с) ауызашар дастарханы қарапайым еді. 10 жыл қызмет еткен Әнас бин Малик хазреттері Расулулланың уақыт кіргенде бірнеше жас құрма, жоқ болса кептірілген құрма, ол да жоқ болса, бірнеше жұтым сумен ауыз ашқандығын айтқан.
Тамақты тұзбен бастау да мақталған. Қыста құрмамен, жазда сумен ашқандығы да жеткен. Абдуллаһ бин Әби Әуфа Расулулланың (с.ғ.с) ауызашарда қуырылған ұнның су немесе сүтпен араласуы арқылы пісірілген сәуик сорпасын (һәллә) әзірлеткендігін риуаят еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім бір ораза ұстаған кісіге ауыз ашқызса, оның сауабындай сауапқа иеленеді» деген. Осы себептен ауыз ашарға сахабаларды шақырып, өзі де ауызашарға шақырылғанда баратын еді. Ол Сад бин Убадәнің ауызашарына барған, дастарханға қойылған нан және зәйтүн майын жегеннен кейін дұға еткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) маңыздылығын көрсету үшін ауызашарға да, сәре асына да қонақ шақыратын еді. Мысалы, Ирбад бин Сарийаны сәресіне шақырған. «Бір жұтым сумен болса да, сәресін жасаңдар, онда берекет бар. Сәре асы оразаға, күндізгі ұйқы түнгі ғибадатқа демеуші» дейтін еді. Сәресі мен сахур, сәһәр сөздерінің мағыналары бір. «Имсак» деп де айтылады. Имсак – ұстау, өзін бір нәрседен кері тарту деген сөз. Шығыс аспанында фәжрдің, яғни күннің алғашқы сәулелері шыға бастаған сәті. Осы сәттен бастап ораза басталады. Таң намазының уақыты кірді деген сөз. Ықтият ретінде біраз күткеннен кейін таң намазы оқылады. Зәйд бин Сабит былай деген: «Расулулламен сәресін жегеннен кейін елу аят оқитындай уақыт өтті, кейін біз таң намазын оқыдық.»
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz