29
Жұма,
Наурыз

һижри

5. Ораза ниеті дұрыс болу мәселесі

Ораза

Ораза дұрыс болудың шартына үш мәселе жатады. Ол:

1. Оразаны ниеттену;

2. Оразаны бұзатын нәрсенің болмауы;

3. Ораза ұстайтын адам мұсылман болуы және әйелдердің хайз,[1] нифастан[2] пәк болуы.[3]

Хақ Тағала айтады: «Уа, Мухаммад с.ғ.с.! Оларға: «Жүректеріңдегіні жасырсаңдар да, айқындасаңдар да, оны Хақ Тағала біледі. Алла Тағала көк пен жердегі барлық нәрсені біледі. Әрі Ол барлық нәрсеге құдіреті жетуші»,-деді».

«Әли Имран» сүресі, 29 аят.

«Осы дүние өмірі мен сәнін қалағандарға амалдарының сый-сауабын осы дүниеде-ақ толық береміз».

«Һуд» сүресі, 15 аят.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Расында амалдар ниетке қарай ескерiлiп, әрбiр адамға ниетiне қарай берiледi».[4]

Бұл аят пен хадис ниеттің маңыздылығына меңзейді. Мұсылман әрбір ісін тек Хақ Тағаланың разылығы үшін істейді. Ал «Алла Тағаланың разылығы үшін» деген ниеттен жұрдай, тек дәулетке қол жеткізу, атақ, мансап т.с.с. мақсатта істелген істің Жаратушы Иенің назарында шаңның тозаңындай да қадірі болмайды.

Ғалымдар Жаратушы Иенің: «Осы дүние өмірі мен сәнін қалағандарға амалдарының сый-сауабын осы дүниеде-ақ толық береміз»,-деген[5] сөзіне қатысты: «Бұл аяттың ұғымын Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Расында амалдар ниетке қарай ескерiледі»,-деген[6] сөзі паш етеді. Аят Рамазанда ауыз бекіте тұрып, (ниеті дұрыс болмау себебінен) оразаның сауабын алмайтындар болатынына меңзейді»,-деген.[7]

Осы айтылғанға сай ғибадаттың дұрыстығы ниетке байланысты.[8]

Оразаға деген ниет жүректен туындауы тиіс. Оразаның ниетін тілмен айту шарт емес.[9] Ораза ұстайтын адам іштей: «Пәленше ораза ұстауды ниет еттім»,-деп ниеттенуі де жеткілікті.[10]

Рамазан оразасын ұстайтын адам әрбір күніне арнайы ниеттенуі тиіс. Себебі, әрбір күннің оразасы – өзінше бөлек құлшылыққа жатады. Осы себептен Рамазанның тек әуелгі түнінде: «Ауыз бекітуді ниет еттім»,-деу жеткіліксіз.[11]

Ниет мерзімі – күн батқаннан күн тал төбеге келгенге дейінгі аралық.[12] Шариғат бойынша тәуліктің күндізгі мерзіміне таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралық жатады.[13]

Ораза ұстайтын адамның: «Ораза ұстауды ниеттендім»,-деген ниеті Рамазан, уақыты белгілі нәзір оразасы мен нәфіл оразаға жарайды. Алайда, абзалы – оразаның түрін нақты белгілеп ниеттену.[14]

Қаза, кәффарат,[15] нәзір мутлақ оразаларына келер болсақ, мұның әрбіріне арнайы ниет болуы қажет.[16]

Оразаны ниеттенген адам ең аз дегенде: «Ораза ұстауды ниет еттім»,-дейді. «Рамазан айының оразасын ұстауды ниет еттім»,-десе кәміл ниеттенген болады.[17]

«Сәресіге тұрсам (немесе ауыз ашарға шақырса) ауыз бекітемін»,-деп шарт қоюмен ораза ұстау дұрыс емес.[18]

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]хайз - әйелдердің ай сайынғы етеккірі.

[2]нифас - әйел босанғаннан кейін келетін етеккірі.

[3]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[4]«Сахихүл-Бухари».

[5]«Һуд» сүресі, 15 аят.

[6]«Сахихүл-Бухари».

[7]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[8]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[9]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа». Яғни, тілмен айтпай-ақ іштей ниеттенгеннің өзі жеткілікті. Дегенмен, ниетін тілмен айтса сүннәт амалын тірілткен болады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа») Оразаны іштей ниеттеніп, алайда тілмен айтуды ұмытқан жағдайда оразасы дұрыс болады. «Оразаның ниетін тілмен айту шарт емес» деген сөздің ұғымы.

[10]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[11]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[12]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[13]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[14]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[15] өтем.

[16]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[18]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

Бөлісу: