29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Адамның шашын сатуға және шашты бояуға бола ма?

Адамның шашын сатуға және шашты бояуға бола ма?

Пәтуа all

Дінімізде шариғат шеңберінен шықпай шаш бояуға рұқсат етіледі. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашы мен сақалы ағармаса да оны бояғаны туралы деректер келген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Мынаның ақ шашын өзгертіңдер, бірақ қара (түстен) аулақ болыңдар» – деп Әбу Кухафаның ағарған шашын өзгертуге бұйырған.

Шашты бояу ер кісіге де, әйелге де тиесілі. Алайда қара түске бояу жайлы ғұламалардың бірнеше пікірі бар. Ханафи мәзһабының көпшілік ғұламалары ер кісілерге соғыстан тыс шаштарын қара түске бояу мәкруһ десе, кейбір ғұламалар оған рұқсат берген.

Адамның шашы таза саналады. Бірақ оны сатуға, пайдалануға болмайды. Себебі Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан. Ол жайлы  Жаратушы Иеміз: «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақты еттік. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік», – дейді.

Ендеше адамның шашын және т.б. дене-мүшелерін сату оның қадір-қасиетін төмендеткен, қорлаған болып есептеледі. Шариғатымызда адамды қорлауды білдіретін және денеге зиян келтіретін кез келген іс-әрекетке тыйым салынады. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған.

Әл-Марғинани «әл-Һидая» атты кітапта: «Адамның шашын сатуға болмайды. Өйткені адам баласы қадірі кеткен біреу емес, ардақты болғандықтан, оның денесінің бір бөлігін де қорлауға, кемісітуге болмайды» дейді. Бәдруддин әл-Айни «әл-Бинәя шәрху әл-һидая» атты кітапта: «Адамның құрметті болғандығы үшін шашын пайдалануға, сатуға болмайды» деген.

Әл-мәусуғату әл-фиқһияда: «Ғұламалар адамның шашын сатуға, пайдалануға болмайтынына бірауыздан келісті. Өйткені Алла адам баласын ардақты етіп жаратты. Ол туралы Құранда: «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық» дейді. Сол себепті денесінің бір бөлігін де қорлауға, орынсыз жұмсауға болмайды» делінген.

Сондықтан адамның шашын, тіпті шашы өздігінен түсіп қалса да, қысқартылып алынған болса да сатуға болмайды. Өйткені ол сауда-саттыққа жарамды тауар ретінде саналмайды. 

ummet.kz

Бөлісу: