03
Жұма,
Мамыр

һижри

Алғашқы Құран жаттау ордасы

Алғашқы Құран жаттау ордасы

Ислам тарихы

Пайғамбарымыз (с.ғс) меккелік мүшріктердің қысымынан сақтанып, бастапқыда діннің жоралғы-шарттарын жеткізу үшін үйді пайдаланды.

Пайғамбарлықтың төртінші жылынан бастап Әрқам есімді алғашқы мұсылмандардың бірінің үйінде дін негіздерін үйретті. Оның үйі Сафа төбесінің маңындағы көзден таса, қаладан алыстау жерде еді. Әрқамның үйінде Пайғамбарға (с.ғ.с) түскен аяттар оқылатын әрі ол үй мешіт ретінде де қолданылатын. Мәдинаға мұғалім болып жіберілген Мұсғаб ибн Үмәйр осы үйде сабақ алған.

Мұнымен қоса, Әзірет Әбу Бәкірдің Қағбадағы үйі мен Сайд ибн Зәйдтің үйі де білім ордасы ретінде пайдаланылатын. Алла Елшісі (с.ғс) аяттарды алдымен сахабаларға жатқа оқып беретін, содан кейін оның жазылуын қадағалайтын. Ол (с.ғ.с) Құранды сахабаларына дауыстап оқып беретін. Сахабалар уахиді бірнеше рет тыңдап жаттап алатын және әр күні бес уақыт намазға қосатын еді. Демек, Құран жаттаушы әр намазына жаттаған аяттарын қосып оқуы керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жаңа түскен аяттарды естуге мүмкіндігі жоқ сахабалардың үйіне Құран үйретуі үшін арнаулы ұстаздар жіберетін. Мысалы, Омар ибн Әл-Хаттабтың (р.а) мұсылман болу оқиғасын еске түсірейік. Омардың (р.а) қарындасы Фатима мен күйеу баласы Сәйдтің үйіне Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жіберген ұстаз келіп, олар «Таһа» сүресін оқыған болатын.

Сонымен қатар, Мустаб ибн Умәйр мен Умму Мактумның һижреттен бұрын Мәдина халқына, Муаз ибн Жәбәлдің һижреттен кейін Мекке халқына Құран үйретуге барғанын білеміз. Алла Елшісі (с.ғ.с) уахиді алдымен ер кісілердің жамағатына, кейін әйелдер тобына жеткізетін. Әйел кісілердің ұсынысы бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күнін мешітке келген әйелдерге дін үйретуге арнайтын.

Құран Кәрімдегі «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» («Хижр» сүресі, 9-аят) деген аяттан оның «Құран» атауымен ауызша түрде, «китап» атауымен жазбаша түрде сақталатындығына, осылайша, екі түрде де қорғалатындығына көз жеткіземіз. Ибн әл-Жәзәри Муслимнен жеткен риуаятқа сүйене отырып: «Құранды жеткізуде жазуға емес, жаттауға арқа сүйеу – Алланың үмбетке нәсіп еткен ең үлкен ерекшелігі», - деген. Демек, Құранды жеткізуде «жаттау» әдісі негізгі принцип болып есептеледі.

Алғашқы уахидің «оқы!» деп келуі, сондай-ақ, «тәртил» және «тіләуәт» сөздері қолданылған әмірлер Пайғамбарымызға (с.ғ.с) уахиді Жәбірейілмен ілесіп көркем түрде оқуды және үмбетіне үйретуді бұйырғанын білдіреді. Құранның алғашқы аятының «жаз» деп емес, «оқы» деп келуінің өзі Құранның бірінші кезекте жаттау арқылы сақталатынын аңғартса керек.

Жаттау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде Құранды сақтудың негізгі жолы еді. Алла Тағала: «Расында Құранды үгіт үшін оңайластырдық. Ал сонда түсінуші бар ма?» («Қамар» сүресі, 17-аят) дейді. Яғни, бұдан Құранды жаттау сауабы мол әрі оңай құлшылық екенін көреміз.

материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: