10
Жұма,
Мамыр

һижри

Бірлік – діни парыз

Бірлік – діни парыз

Ислам тарихы

Ислам уағызшысының және дін қамын ойлаған адамның басты мақсаты бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік пен өзара татулықты орнату болуы керек. Бөлінушілік пен кикілжіңге, жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, сыртқы дұшпандық пен ішкі араздыққа алып баратын істердің алдын алуы қажет.

Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам сияқты дін жоқ. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері мұның айқын дәлелі. Сондықтан төрт мәзһабтың арасындағы айырмашылықтарды қолданып араздық туындату дұрыс емес. Олардың төртеуінің де әһлі сүннә уал-жамағаттың ұстанған ғылыми әдістемелік жолына сүйенетіндігін білеміз. Сондықтан жергілікті халық арнайы бір мәзһабты ұстанып келген болса, онда ол жерге басқа мәзһаб көзқарасын тарату арқылы бұқара халықты дүдәмалдыққа салуға болмайды. Ал, егер ғасырлар бойы бірнеше мәзхаб қатар келе жатса, барлығын бір мәзһабқа мәжбүрлеуге де болмайды. Бұл мәселеде негізгі таразылаушы нәрсе мұсылмандардың бірлігі болуы тиіс. Себебі мәзһабтар арасы айырмашылыққа себеп болған мәселелер діннің негізгі ұстанымдары емес, екінші дәрежелі мәселелер екенін білеміз. Осындай мәселелер үшін діннің басты ұстанымы бірлікті жоғалтпау керек.

Құран үндеуінен: «Ей, мүміндер! Кітап берілгендердің бір бөлігіне бой ұсынсаңдар, онда олар сендерді иман келтіргеннен кейін күпірлікке қайтарады. Сендерге Алланың аяттары оқылуда, әрі іштеріңде Алланың елшісі бола тұра қалайша күпірлік етесіңдер. Сонымен қатар кімде-кім Аллаға байланса әрине ол тура жолға түсіріледі. Ей, мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана өліңдер. Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да, бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығыметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер. Ол жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді. Сендердің іштеріңде жақсылыққа шақыратын және дұрыс істі бұйырып, бұрыс істен тыятын бір топ болсын. Міне, олар құтылушылар. Өздеріне ашық дәлел келгеннен кейін бөлініп қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар. Қиямет күні кейбір жүздер ағарып кей жүздер қараяды. Сонда жүздері қарайғандарға: «иман келтіргеннен кейін қарсы келдіңдер ме? Ендеше қарсы келулерің себепті азапты татыңдар» (делінеді). Ал енді ақ жүзділер Алланың рақымында болады да, олар онда мәңгі қалады». «Шын мәнінде мүминдер (бір-біріне) бауыр. Сондықтан екі бауырларыңның арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Сонда игілікке бөленерсіңдер» («Әли-Имран» сүресі, 100,107-аяттар). Осы аяттың артынан ынтымақ пен бауырластықты қалай сақтау керектігі баяндалады.

«Ей, мүміндер! Бір ел бір елді келеке қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді мінемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін жағымсыз ат (тағу) нендей жаман. Ал кім тәубе етпесе, міне солар залымдар. Ей, мүміндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді». «Күдіксіз діндерінде бөлініп топтарға айырылғандармен ешбір байланысың жоқ. Сөзсіз олардың ісі Аллаға тән. Кейін оларға істеген істерін түсіндіреді». Хадистен насихаттар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері Құран аяттарын қуаттап, әрі тарқата отырып бірлікке шақырып, бөлінушіліктен қайтарады.

Тирмизи риуаят еткен хадисте Абдуллаһ ибн Омар (р.ғ.) былай дейді: «Омар (р.ғ.) Жәбия деген жерде біздерге насихат жасап Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына сөзін айтты: «... Жамағатпен бірге болыңдар. Бөлінуден сақтаныңдар. Себебі шайтан жалғызбен бірге. Екі адам біріксе шайтан аулақ болады. Сондай-ақ кімде-кім жәннат рақатын қаласа жамағаттан ажырамасын». «Алланың құдірет қолы жамағатпен бірге».

Ибн Омар (р.ғ.) тағы да Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мына хадисті риуаят етеді: «Алла Тағала үмметімді адасушылықта біріктірмейді. Алланың құдірет қолы жамағатпен бірге. Кімде-кім бөлінсе, тозаққа (үшін) бөлінгені». Сонымен қатар төмендегі мына хадистерге де мұқият назар аударайық. «Кімде-кім жамағаттан бір қарыс ажырап өлсе, надандықпен өлгені». «Мұсылман мұсылманның бауыры. Кімде-кім бауырының мұң-мұқтаждығына жәрдем етсе, Алла да оның мұң-мұқтажына жәрдем етеді». «Өзіне жақсы көрген нәрсені бауырына да қаламайынша, сендердің ешбірің кәміл мүмін болмайды». «Жаным құдірет қолында болған Аллаға ант етемін! Иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер, ал бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайсыңдар. Сендерді бір-бірлеріңді жақсы көруге алып баратын іске бастайын ба?! Онда араларыңда сәлем беруді жайыңдар».

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: