20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Қазақ ұлттық болмысындағы жар таңдау әдебі

Қазақ ұлттық болмысындағы жар таңдау әдебі

Ислам тарихы

Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу.

Аяғын (ыдысын) көріп асын іш,

Анасын көріп, қызын ал.

Ердің асылы – күшінен,

Әйелдің асылы – ісінен.

Жаман ерден (ер-тоқым) жайдағы жақсы,

Жаман қатыннан бойдағым жақсы.

Тыртақай жігітке, жыртақай қыз жолығар.

Жоғарыдағы халық мақал-мәтелдеріне құрылған қазақ ұлттық дүние танымы мен болмысына қарап отырсақ, ешбір мақалдан жар таңдауда ең маңызды мәселенің адамның сыртқы түр-тұлғасы мен тән сұлулығына байланысты емес екенін көреміз. Қай жағынан алып қарасақ та, адам құндылықтарының негізін қалайтын адамның тәніндегі сұлулық емес, қайта жан дүниесіндегі, рухындағы сұлулықтар болып саналатын ақылдылық, мейірімділік, кең пейілділік, кішіпейілділік сынды маңызды ерекшеліктерге баса назар аудару керектігін көре аламыз. Бұған қоса қазақ сонау қазақ болғаннан бері ата-бабамыздың діні болған Ислам қағидаларының бұзылмауына сырттан қорған ретінде қабылданған «жеті атадан қыз алмау» сынды әлемнің ешбір ұлты мен ұлысында жоқ асыл дәстүрімізді осы жар таңдаудың қағидаларының қатарына қосқанда тіптен жарасады. Демек, қанша жерден сұлу, ақылды, дәулетті, беделді болсын, қанша жерден сүйіп, күйіп жансын, «жеті атадан алмау» сынды ұлы қағиданы өзгерте алмайды. Ендеше, кез келген ақылды жігіт өзіне жар таңдау барысында жоғарыдағы ұлттық құндылықтарымызға негізделе отырып, болашақ жарының өн бойындағы тек қана көз бен нәпсінің қалауына ғана мән бермей, жан сұлуын таңдауға баса мән бергені абзал.

Алайда әр нәрсенің шешуін дүниелік тұрғыдан іздеп, материалдық байлық пен менмендік басым қоғамда жар таңдауда да адамның бітірген университеті, мінген көлігі, істеген жұмысы, тұрған үйі т.б. біршама материалдық һәм дүниелік шарттар алға шығып, адам үшін маңызды саналатын ақылдылық, адалдық, көркем мінезділік сынды жан қалаулары кейінгі орындарға ысырылғаны белгілі.

Қазіргі заман адамдары көбінесе мына себептерге қарап болашақ жар таңдауға баса мән береді.

1. Болашақ жардың тән сұлулығы. Күлгені, жымиғаны, кигені мен жүрісі, тамақ жегендегі іс-қимылы, тіпті сән салондарда жасалған шынайы емес боямалы келбеті басты назарға алынуда. Тіпті сыныпта, группада, жұмыстық ұжымда басқалардан түр жақтан, бойы жағынан артық болғаны т.б. бұндай уақытша боямалы «сұлулықтарға» мән бергендер шын мәнінде үйленудің мақсатын дұрыс түсінбегенінен, тіпті тәнқұмарлықтың басым тұрғанынан дерек береді. Бұндай көрсеткіштерге еліктеп отбасы құрғандар белгілі бір уақыт жас отаудың қызығы біткен соң ары қарай басталатын отбасыға қарау, бала тәрбиелеп, ата-ананы бағу сынды отбасы құндылықтарына тән жауапкершілігі бар мәселелер басталғанда шаңырақтан шешуі қиын мәселелерге жолығып, соңы күнде бітпейтін ұрысқа ұласатыны белгілі.

2. Үйленетін қыздың немесе жігіттің мамандығы, дипломы, алатын айлығы, тұратын үйі мен мінетін көлігіне қарап үйлену.

Бабаларымыздан қалған:

«Бай мен бай құда болса, арада жорға жүреді.

Кедей мен кедей құда болса, араларында дорба жүреді.

Бай мен кедей құда болса, араларында зорға жүреді» деген тәлімге көз жүгіртер болсақ, болашақ жардың материалдық артықшылығы мен кемшілігі, яғни бай немесе кедей болуының да белгілі бір дәрежеде өлшемі болмаса, болашақ отбасының қирауына әкеп соғатын басты факторлардың бірі екені даусыз. Себебі Абайдың сөзімен айтқанда, «Адам баласының  жалықпайтын нәрсесі болмайды».

Әйел алса төрт белгісін көздейді,

Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі.

Бай әйелді біреу іздеп жүреді,

Енді бірі сұлуға көз тігеді.

Бірі тілер тұқымы асыл тектіні,

Қуаныш болып ұлықтығы, бектігі.

Бірі нәзік имандысын таңдайды,

Оны тапса көңілінде алаң қалмайды.

(Жүсіп Баласағұн)

материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: